Өлең, жыр, ақындар

Бөрік

  • 27.09.2021
  • 0
  • 0
  • 760
Әкелері тірі қайтқан майданнан
Құрбылардың шаттығынан қайғы алғам:
Сары тоғалы белбеу буынған бала
Мәз боп келді,
Менің тілім байланды, ал:
Мен де ол құсап қуанар ем, кемді күн,
тағар ем ғой мен де әкемнің белдігін —
Әттең, әттең бұйырмады бақ ондай,
Содан шығар, дәтке қуат таба алмай
Жасқана өстім жазығы бар адамдай.
— Қайырып қию болмайды етік қонышын!
Мырс етті дос мұқатқандай мені шын:
— Бізге, — деді ол, жарасады бәр-бәрі,
Әкең аман келу керек ол үшін.
Келесі күн — ұмыта алман мен мәңгі —
әкесінің бөркін киіп келді әлгі,
Қонышындай солдат-керзі етіктің
Қалқан құлақ бүктетіліп кетіпті.
— Бере тұршы,— деп бір бала өтінді,
— Көрсетші,— деп екіншісі өтінді.
Сұрамсақ қып бара жатқан бізді өстіп
Көрінгенге көзін сатқан жетімдік.
"Бере тұршы",
"Көрсетші", — деп зар қақсап
Қол жаю ма, кім біледі, бар мақсат:
белбеу болса — тағып көру бір рет,
бөрік болса — киіп көру бір рет,
біз өмірді сұрап-тілеп танып ек
бір рет деп, бір рет деп, бір рет.
О, құдірет, құдірет,
Бермеді әлгі белбеуін де, бөркін де —
барған жері бай ауылдан, төркіндеп
келген қыздай бұлданғыштау бала еді,
бір мұғалім қолпаштайтын және оны.
Қоздыратын өзімшілдік дәмені,
Әй, бәрі сол жоқшылықтың әлегі.
Ұстай ма деп құмар қолдар не түрлі
Сабақта әлгі бөркін шешпей отырды.
Ызаланып жақсы оқыдық біз оған,
бөркін киіп оқыды ол да ызадан. —
Байарысов, неге алмайсың бөркіңді?! —
Мұғалімнің ерні үстіне тер тұнды.
Мол несібе тап болғандай қарғаға,
Сол-ақ екен, шулап берді бар бала,
Өйткені, ел ек көңіліміз орталау:
— Өзінікі емес, — дедік, — бөркі анау,
Мақтануға киіп келген түрленіп,
Әкесінің бөркі, — дедік ,— бұл бөрік,
ішімізді аштық-ау бір үлгеріп!
айтарымызды айттық-ау бір үлгеріп!
Бірден сөйлеп кеткен сын-ды бес құрлық,
бір-ақ сөзде мән жай жатты бес түрлі:
бір-ақ жарылған шемен құсап естілді
Ұрлық бөрік дегенге ұқсап естілді,
Бөрікті біз күндейміз боп естілді,к
күндегеннен тілдейміз боп естілді,
Әкесінің оралғаны болмаса,
бәріміз де бірдейміз боп естілді.
Біз оны аңдып, ол қарады бізді аңдып,
Сол аңдыстан кеудемізде сыз қалды.
Көкшіл-сұрқай бөркін қоса солдаттың
біз баладан қуанышты қызғандық.
Бәрімізді бір пейілмен аймалап:
— Тыныш! — деді апай сонда жай ғана —
Байарысов, әке — әкең болғанмен,
бөрікті анау менікі деп ойлама.
Бір еркектік болу керек ісінде
жауынгердің бөркін кию үшін де.
Өскен ұлсың жалғыз болып, ерке боп,
бірақ, мұндай бөрік саған ертерек.
Өс, өс біраз батылдық қып, бата алып,
Мойының да жастау әзір ап-арық.
Әкең сенің оққа тосқан маңдайын,
тапсыр бөркін жұлдызымен апарып.
Монамахтың бөркі сын-ды бұл бөрік
Саған ауыр,
Мұрныңды сүрт үлгеріп.
Бөрік үшін достарыңның көңілін
Қалдырыпсың — қостамаймын сені, інім.
Осылардың әкелері қиған ғой,
бір-бір бөрік намысы үшін өмірін.
Әке даңқы — мұра болса, мол сана,
бөрік — бөтен, әкеңдікі болса да.
Әркім жалап жазып жатыр өз дертін,
дертсіз жанда қимыл да еркін, сөз де еркін.
Қызықпа сен әкелердің бөркіне,
Сәл шыдасаң болады әлі өз бөркің!
Жылап қайтты бөрікті дос үйге әлгі,
әлгі сөзге қатты ұйыды, иланды.
Біз қиналдық,
ақыры, біз қиналдық,
бәрімізден бетер өзі қиналды.
Жылдар өтті.
Байарысов болды адам,
Күні кеше соғып кетті ол маған:
— Бір құлақшын тіктіріп ем, — кейіді ол —
соны әйелім киіп апты, оңбаған,
бөркімді алып бермей қойса ол арам,
Мына басқа ораймын ба орамал?!
— Саспа,— дедім әзілді-шын мен оған, —
Сенсе өзіне,
Сен-ақ әйел бола қал!
Ерлік деген бас киімде емес тек,
Азияның өткен кезін елестет:
Әл-Фараби аузына әлем қараған
Шекесіне шертпе-жаулық ораған.
Бізге бірақ болмас енді шархат та —
оған бола шашағыңды тарқатпа,
әкең саған бөркін берсе әу баста,
енді соны алған жанмен дауласпа.
"Бөріктінің намысы бір" дегенді
Қазақ айтса —
әйелдер де иеленді.
Намыс бір ғой,
болғанымен түрлі ерік —
екеуіне жарап қалар бір бөрік.
Азаматтың қасық қызыл қаны үшін,
Мен де ойлаймын бөріктінің намысын.
Ұлың да емес,
Жарың кисе бөркіңді
Жайлы емес-ау, бұдан шығар қорытынды.
Ашулы дос, тоқтаған жөн сөзге асыл,
Сөз де болса намысыңды қозғасын:
Сенен гөрі жарың, бәлкім... бөрікке
лайықтау көрген шығар өз басын?!
Бөркім бар деп сен де есірме, ездер, тым,
ердің бөркін әйел киген кезде еркін
басынды ойла...
бірақ апай жақсы айтқан:
"Әркім өзі кию керек өз бөркін!"



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өз шаруаңа өзің тұтқын, сан ойлап

  • 0
  • 0

Өз шаруаңа өзің тұтқын, сан ойлап
туған үйді жүрсің ойша маңайлап.
Балаң өскен сайын ауылды ойлайсың,
суыртпақ боп түскен сайын самайға ақ,

Толық

Қыран

  • 0
  • 0

Үлгі-өнеге болсын дей ме артқыға:
— Қара шыңнан қарғып ұшып қарт қыран,
Шырқау көкке шығады екен өлерде,
Содан өзін тастайды екен төменге.

Толық

Несібесін шұқып терді ел тары ғып

  • 0
  • 0

Несібесін шұқып терді ел тары ғып,
тары десе – қарайды елдің бәрі ұғып.
Ұғу түбі – әрі қайғы, әрі үміт.
...Соның бәрін жеңіп келсең, кәрілік,

Толық

Қарап көріңіз