Елбасы
Кісімін ата көрген, ана көрген,
Көтердім көптің жүгін шама келген.
Батасы Мұқағали қабыл болып,
Сөзіме қалың елім баға берген!
Төбемнен төңкергендей қара түнді,
Түлетті Тәуелсіздік қанатымды.
Елбасы арқасында ел жаңарып,
Арқаға Астанадай қала тұрды.
Ежелде елтұтқалар ел орнатқан,
Ұласқан ұрпағына олар – мақтан.
Елбасы – қасиетті, аталы сөз,
Мазмұны, мағынасы терең жатқан.
Ту тіккен, еңсе тіктеп елдігің ғой,
Өзгемен терезесі теңдігің ғой.
Елтеріс, Ататүрік даңқыменен,
Елбасы ұғымының орны бірдей.
Тоқтамас ғасырлардан озған дәуір,
Тынысын сезінесің жазғанда жыр.
Кеңестік көсемдерді мансұқ етіп,
Кетті ғой көсем деген сөзден қадір.
Әр сөздің астарына осы арада,
Ағайын, ой жіберіп жете қара.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында,
Тұлғасы Елбасының жеке-дара!
Өмірдің судай ағып өзегімен,
Келеді Президенттер кезегімен.
Елбасы – Назарбаев – егіз ұғым,
Жасайды мәңгі бірге өз елімен!
Нұрағам өзі салған нұр қаланың
Сәулеті бағын ашты бұл даланың!
Азаттық, Елбасыны, Астананы
Белгілі «Бәйтеректе» жырлағаным!
«Бәйтерек» біреулерге ұнамайды,
«Билікті мақтадың» деп кінәлайды.
Жырласам Елбасыны айып па екен,
Көтерген төбесіне ұлы Абайды?!
Жырладым Абылайды, Қабанбайды,
Наурызбай, Бердіқожа, Бөгенбайды.
Хан Кене, Ақмоланың шежіресін,
Ту жайлы, теңдік алған заман жайлы!
Жырлаймын тілім барда таңдайымда,
Астана, еркін өмір, ел жайында!
Тұрғанда күнім туып аспанымда,
Биікке мен-дағы бір самғайын да!
Тіршілік жайнағанда таңғы аспандай,
Жарқылдар жырым менің алдаспандай.
Көрмесек басымызға қонған бақты,
Болмай ма екі көзді шел басқандай...
Құлпырып, құбылмайды күнде босқа,
Мінезі бұл заманның мүлде басқа.
Тұлғасы Кемеңгердің арқатірек –
Түбі бір, тілегі бір күллі Алашқа.
Азаптың артта қалды сан ғасыры,
Қазақтың жетті әлемге алғаш үні.
Дүниенің төрт бұрышы түгел көрді,
Төрінде көш бастаған Елбасыны!
Дананың жүзеге асып ойлағаны,
Дәуірдің қайнап жатыр тайқазаны.
Елбасы, Астананың туған күні
Әр қазақ жүрегінде тойланады.
Жұлдызды жыр тумаса жарқылдаған,
Қайтеді құлақ түріп халқым маған.
Көк байрақ құдіретті Ер қолында,
Қыранын күннің нұры алтындаған.
Бабасы көрмегенді көрді қазақ,
Қанатын кең жаһанға керді қазақ!
Атынан Ақорданың билік айтып,
Төраға Еуропаға болды қазақ!
Шығандап, қиыр шеттің танып бәрін,
Уа, жұртым, шартарапқа шарықтадың!
Бұл әлем қашан тұтас біліп еді,
Қазақтай жер бетінде халық барын?
Табынған ата-бабаң көкбөріге,
Алысып ат үстінде өтпеді ме?!
Шығарды Нұрсұлтаның тайсалмастан,
Тәкаппар Еуропаның қақ төріне!
Аспандап атақ-даңқы көкке өрлеген,
Бүгінді салыстырма өткенменен.
Төрінде төрелік қып отырған жоқ,
Бабалар Еуропаға жеткенменен.
Бетіне берекенің шаң жұқтырмай,
Көп болып қуанайық тарлық қылмай!
Қазаққа дүниені жалт қаратқан,
Болған жоқ бұрын-соңды ерлік мұндай!
Жаңылып жүрер жолдың жүлгесінен,
Өрт шықты талай елдің іргесінен.
Дауысы сайыпқыран Нұрағамның,
Әлемнің саңқылдайды мінбесінен!
Сан ғасыр осы сәтті елім күтті,
Талайдың тіккен туын Тәңір жықты.
Батыры, Бейбітшілік көшбасшысы –
Данаға басын иді небір мықты!
Қаншама қасіретті жер көтерді,
Қаһарман өз ұлына ел де сенді.
Аждаһа полигонның аузын жауып,
Ғаламдық тұншықтырды зор қатерді.
Елбасы – төбеңдегі бақ жұлдызың,
Қаратты өз аузына жердің жүзін.
Сұңғыла саясатпен сара тіліп,
Ерітті тарихтағы тоңның мұзын.
Көп ұлтты Қазақстан ерді Ұлыға,
Ұрпаққа ер еңбегі – мәңгі мұра!
Бір жерге барлық діннің басын қосып,
Әлемнің ықпал етті тағдырына!
Тудырған қайталанбас алып тұлға,
Қазақтай бақыты зор халықтың да.
Самғайды алтын топшы Самұрығы,
Қанатын болашаққа қағып тура.
Ұлт барда ынтымағы бұзылмаған,
Тарихтың өшіре алмас ізін заман.
Жел ескен айдарынан ел-жұртымды
Тіл-көзден аман сақта, Қызыр бабам!
Адаспай салтымыздан халық тұтқан,
Елдіктің қасиетін таныттық сан.
Жеткізген осы күнге, уа, қазағым,
Өз ұлың өзегіңді жарып шыққан!
Секілді заңғардағы тау барысы,
Нұрсұлтан – ел тірегі, ел намысы!
Адамның бұл өмірде арманы жоқ,
Халқының бола білсе қорғанышы!..
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі