Өлең, жыр, ақындар

Ата-анам туралы

  • 07.10.2021
  • 0
  • 0
  • 895
(Әкем Тұрысбек пен шешем Бәйкенге)

Астында көк аспанның мөлдіреген,
Анам жоқ ақ жаулығы желбіреген.
Әкемнің құр сүлдері қалқияды,
Қарттардың қатарында селдіреген.
Бақиға бірі кетті, бірі – мұнда:
Шал байғұс кәріліктің құрығында.
Кемпірі мызғып жатыр қара жердің
Қақпағы қайта ашылмас құдығында.
Тірліктен орын тауып ең керекті,
Қос жетім қатар жүріп еңбек етті.
Қой бақты, шалғы шапты, орақ орды,
Шаруасын шырқ үйіріп, дөңгелетті.
Аямай бір-­бірінен бар көмекті,
Бесігін ұл-­қызының тербеп өтті.
Төккен тер, тартқан бейнет арқасында,
Бастары босағадан төрге жетті.
Ешкімге ақыларын жегізбеді,
Ешкімге «әй, кәпір-ай!» дегізбеді.
Көтерген он үш құрсақ қайран шешем,
Ғұмыры бала болды емізгені.
Жақсыдан жаралған соң негіздері,
Өмірдің өзегінен нәр іздеді.
Жайылған ақ дастархан кісі келсе,
Анамның ақ пейілі тәрізді еді.
Заманда арлы­-берлі ел шұбаған,
Жолаушы мінген атын қамшылаған.
Қонақтан арылмайтын күндіз-­түні,
Қазаны қазағымның қаңсымаған.
Жаманның ақыл-­есі тамағында,
Жақсының ықыласы қабағында.
«Қырықтың бірі – Қызыр» деген рас,
Қазақтың бақ-­береке қонағында.
Жаңылмай әке­-шешем сол дәстүрден,
Сыйласа білді көппен жап­-жас күннен.
Шашылған Қарабайдың жылқысындай,
Шіріген байлық түбі қалмас кімнен?
Қызығын бірге көріп қысқа өмірдің,
Шалқыды қанатында құс-­көңілдің.
Солардың тұла бойы тұңғышы боп,
Шырылдап қара жерге түскен ұлмын.
Әкемдей кершолақпен шапқылаған,
Тағдырды мен де кештім жақсы­-жаман.
Он үштен тірі жүрген тоғыз бала,
Мың тәуба, осы күнге жеттік аман.
Көл-­көсір кең тіршілік анам барда,
Кенеттен тарылғандай, амал бар ма?
Анамның алақаны жұмсақ еді-ау
Майда ескен мамырдағы самалдан да.
Жан сырын жеткізе алмас сарқып адам,
Жалғанда сағыныштың дерті жаман.
Жайдары жаздың таңы секілді еді-ау
Анамның ақ маңдайы жарқыраған.
Қайтейін, келмейді анам енді маған,
Әке отыр қалт­-құлт етіп қалжыраған.
Өксимін оңашада ауық-ауық,
Баладай бесігінде көп жылаған.
Ажалдың айласы мен сұмдығы көп,
Алады кімді болсын бір күні кеп.
Әзірге шал мен кемпір тұрып жатыр,
Екеуі екі дүние тұрғыны боп...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шерлі Науаи, өзің жар бол

  • 0
  • 0

Әр нәрсенің болмысына бір құдірет себепкер,
Асыл сөздің әулиесі, сен де маған медет бер!
Қысылғанда жалбарынып, аруағыңды шақырдым,
Сен болмасаң, көні кепкен қу медиен тақырмын.

Толық

Серкенің соңына ермей

  • 0
  • 0

Қызырдың рас болса дарығаны,
Қызыл тіл сөзден несін тарығады?
Қарасаң замандарға көз жіберіп,
Ақынның некен­саяқ жарығаны.

Толық

Сайын

  • 0
  • 0

Өлеңмен ақ қағазға уайым сыздым,
Жыл толды. Өтіп жатыр Сайынсыз күн.
Біздерге соңғы кезде көп түсіп тұр
Тұзағы ажал деген тойымсыздың.

Толық

Қарап көріңіз