Өлең, жыр, ақындар

Төлегетай

  • 21.10.2021
  • 0
  • 0
  • 1154
І
Киелі қара өлеңнің шөмішімен,
Сапырып сөздің майын көп ішіп ем.
Көненің ізін шалып қайтайын бір,
Қызыл тіл жаңылмаса желісінен.
«Жүргенге ілінеді жөргем» деген,
Табылар іздегенім ел ішінен.
Алайын керегімді мен де қазып,
Халқымның сарқылмайтын кенішінен!
Бұлыңғыр өткен өмір бұлдыраған,
Тұмандай түнереді тұнжыраған.
Тұтасқан көк мұнардың арасынан,
Жалт етіп көрінер ме мұңлы бабам?
Толқыннан толқын қуып кетіп жатыр,
Тіршілік аққан судай сылдыраған.
Түйіні тоқсан түрлі дүниенің,
Түгелдеп бас-аяғын кім құраған?
Жұрнағын жинай алмай жұртта қалған,
Ел едік Тәңіріге шын жылаған.
Қорғай жүр ұрпағыңды, Төлек ата,
Құлындай әр қиырда құлдыраған!

ІІ
Төртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай,
Атасы төртеуінің – Төлегетай.
Найманның тоғызының төртеуі осы,
Мекені – Жоңғар, Алтай, Тарбағатай.
Шежіре сыр шертеді неше бөлек,
Бір аңыз бір аңызды еселемек.
Бауырында өскеннен соң төрт немере,
Төлекті – Төлек атай десе керек.
Қамқоры ұрпағының Төлек атай,
Атанған келе-келе Төлегетай.
Қандырған қырық қабат сөздің иін,
Икемді қызыл тілдің кереметі-ай!
Төлектен Қытай жалғыз туған екен,
Ес жиып, белін ерте буған екен.
Әрі би, әрі шешен, әрі батыр,
Құс салып, саятшылық құрған екен.
Ардақтап ата салтын бұрынғы адам,
Жолынан кісіліктің бұрылмаған.
Туғанда Аусар би кеп атын қойып,
Қытайдай көп болсын деп ырымдаған.
Төлектің бәйбішесі – Қожа қызы,
Солай деп баяндайды ел аңызы.
Балаға ат қоярда Ұлы жүздің,
Бүй депті дуалы ауыз кәрі абызы:
«Уа, Төке, бата берем, қолыңды жай,
Бүрлесін жас бұтағың тобылғыдай.
Тұқымың қауласын деп Қытай қойдым,
Оңдасын жасы ұзақ боп жолын құдай!».
Дегендей тарихыңның түбін ізде,
Шежіре ескертеді мұны бізге:
Қытайдың алған жары – Анар сұлу,
Үйсіннің қызы дейді Ұлы жүзде.
Келесі бір деректе қырғыз дейді,
Мәзбура деген текті бір қыз дейді.
Ұшығын ұстатпайтын көне заман,
Анығын анамыздың білгізбейді.
Мың сөніп үміт оты, мың жанса да,
Үзілмей үні жеткен жыр қаншама!
Бәрінің аруағынан айналайық,
Солардан өсіп­-өндік кім болса да...
Алланың әмірі ғой саяқ қылған,
Ажалды қайдан білсін таяп тұрған.
Қондырып балдағына Құлашкерді,
Бір күні Қытай жеке саят құрған.
Құлашкер қыран екен көзі қанды,
Ұшатын бір қиырдан сезіп аңды.
Өзі жоқ құс баптаған бабалардың,
Соңында әңгіме боп сөзі қалды.
Қызықты Қытай талай көрген дейді,
Бұйырған ырыздығын терген дейді.
Аларда қалыңдығын қайын жұрты,
Тарту ғып Құлашкерді берген дейді.
Құлатып бәйтеректі тағдыр түптен,
Ажалы болған екен сол бүркіттен.
Өзі құсы иесіне өзі түскен,
Оқиға естіп­-білген елді үркіткен.
Тау-тасты сүзіп Қытай жүріпті аңда,
Көрінбей аң қарасы жуық маңда.
Қыранның томағасын тартқан екен,
Түс ауа күннің көзі суытқанда.
Туса да біздің қазақ сонша зерек,
Көміліп қалды шаңға қанша дерек.
Қытайдың құстан ажал құшқан жері
Жезқазған – Қаражалда болса керек.
Сезілер соқпақ ізі аңдағанға,
«Қытай» деп аталатын жер бар онда.
Бір шеті Наймандардың Жошыға еріп,
Келіпті Ұлытауға сол заманда.
Найманның не бір заңғар өтті ханы,
Жете алмай дегеніне кетті бәрі.
Халыққа ханнан бетер қадірі зор,
Кім білмес күй бабасы Кетбұғаны?!
Ханның да, қараның да көзін ашқан,
Жырласақ Кетбұғаның өзі дастан.
Дана екен көкірегі күмбірлеген,
Дарыған жалпақ жұртқа сөзі жастан.
Кім келіп, кім кетпеген жалғанға бұл,
Әкесі Кетбұғаның ер Домбауыл.
Өмірін ел қорғаумен сарп қылып,
Төрінде Сарыарқаның алған дамыл.
Естіртіп Шыңғысханға Жошы өлімін,
Күйменен қыбын тапқан кеселінің.
Болмаса қасиеті бойға біткен,
Ақырған ажал жолын кеседі кім?
Сұрасаң ұстазының кім екенін,
Абызы жыраулардың Құбатегін.
Қорқыттың қобызының мұрагері,
Өрені Өнер деген түп әкенің.
Руы Кетбұғаның – Бағаналы,
Жарасқан Балталымен жағалары.
Қолына көк найзасын ұстай шыққан,
Қойына қасқыр шапса қорадағы.
Тарайды талай тамыр Елатадан,
Елата – Кетбұғаны деп атаған.
Тәңірі рухын көкке шарықтатып,
Киелі күйден берген қанат оған.
Қырқылып ерге біткен кең құлашы,
Кім білсін, қай қиырда қалды басы.
Арттағы ұрпағымен мың жасаған,
Марқұмға тие берсін ел дұғасы.
Таусылмас сөз қозғасам ол дәуірден,
Қытайға оралайын аңда жүрген.
Қылт етіп, қылаң беріп алдамшы өмір,
Ұстатпас керегіңді қолға бірден.
Құлашкер томағасын сыпырғанда,
Жыландай жалаңдапты жұтынғанда.
Балдақты серпе теуіп көкке атылып,
Биіктен көзін тіккен бүкіл маңға.
Аңшының көңіліне шырай болған,
Саяттың бар қызығы былай қалған.
Танытып оқыс мінез алып қыран,
Аспанда аласұрып шыр айналған.
Пендеге не келсе де құдіреттен,
Қытайдың жазым болар күні жеткен.
Аш қыран айналыпты ажалына,
Көзіне аң көрінбей қыбыр еткен.
Қыранның жанарына кек тұнғандай,
Жыны кеп, «Иеңе түс!» деп тұрғандай.
Түйіліп көктен төмен сорғалапты,
Албасты аспаннан тас лақтырғандай.
Соқтықты қапияда өз қыраны,
Құдайым ажалды өстіп кез қылады.
Зар жылап Төлек атай қала берген,
Мақұлық құсты қалай жазғырады?
Өлімді естіртуге дүйім елмен,
Арғынның Қанжығалы биі келген.
Қиналып, қисын таппай қиялапты,
Аса алмай алдындағы қиын өрден.
Аттай боп кібіртіктеп өредегі,
Даңғыл би сонда былай деген еді:
– Уа, Төке, ойда жоқта құлап түсті
Байрағың желбіреген төбедегі.
Ұлыңыз жазым болды аңда жүрген,
Ұрынып өзі ұшырған көбелегі.
Алланың жазуына не шара бар,
Тұрмастай қара жерге шегеледі.
Болар іс болғаннан соң орны толмас,
Бар енді айтып­айтпай не керегі?
Тәуба қыл, сабырға кел, аман жүрсе,
Артында төрт бұтағы көгереді...
Түскендей жарқ-жұрқ етіп жасын көктен,
Қытай би отыз жеті жасында өткен.
Төртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай,
Бауырында атасының өсіп­-жеткен.
Түс көріп бір күн түні төртеуі де,
Келіпті атасына ертеңіне.
Тағдырын әр пенденің таңбалаған,
Тәңірдің таңғаласың өлшеміне.
Алдымен Қаракерей тілге келген,
Айтыпты көрген түсін түнде көрген:
«Жүк артып қара нарға көшкен екем,
Адастым аса бере бір белеңнен.
Сабылып жүре­-жүре ақырында,
Кезіктім көк тоғайға бүрлеп өнген.
Жыныстан жол таба алмай қонып қалдым,
Қасымда бірге көшіп жүрген елмен».
«Құдайым, – депті атасы, – жолды оңдасын,
Өрістеп өседі екен мал мен басың.
Ұрпағың қара ормандай өркен жаяр,
Жақсы мен жайсаң болып жан жолдасың».
«Ту ұстап, – депті Матай, – тұлпар міндім,
Түсімде қалың көшті бастап жүрмін.
Жер шалып – ой мен қырды түгел шолып,
Алқапқа ат шаптырым ел қондырдым».
«Бітеді қайрат пенен намыс ерге,
Іргеңді кең жаясың, – деді, – сен де!
Аунайтын олай­-бұлай заман туса,
Өзіңсің табатұғын қоныс елге».
«Асынып, – депті Садыр, – қару-жарақ,
Айқасып жүрмін жаумен қандыбалақ.
Шығандап өз тобымнан шетке шықтым,
Қаңбақтай қаңғып кеткен жел қуалап».
«Шығандап жүрсең, балам, елден шығып,
Көресің талай­талай жаугершілік.
Сен­-дағы өсіп­-өніп көбейесің,
Ұрпағың емін­-еркін дәурен сүріп».
«Үйірі қысырақтың үріккендей,
Түсімде қойды маған ырық бермей.
Бір жерге, – депті, – басын қоса алмадым», –
Төртуыл сөздің соңын іріккендей.
«Себебін Алла білер не нәрсенің,
Көрмепсің мына түсті, балам, тегін.
Тұқымың бірталайға өскенменен,
Арт жағың бытыраңқы болар сенің».
Төртуыл кенжесі екен төртеуінің,
Шертпепті шекесінен тентегінің.
Ұрпағы әр қиырға бытыраған,
Түбінде шындық жатыр ертегінің.
Ағасы – Садыр, Матай, Қаракерей,
Ық болған жел жағында кенередей.
Тұқымы өскен жанда арман болмас,
Қанатын кеңге жайып керегедей...

ІІІ
Ескірген, естен шыққан сонау заман,
Дүние бері аунаған, ары аунаған.
Іргелі ел болыпты Найман жұрты,
Ошақта жаққан оты алаулаған.
Бірігіп түркі халқы хандық құрған,
Айбаты айналасын сан бұқтырған.
Ту тігіп сегіз тайпа Наймандар да,
Тірек боп қағанатқа елдік қылған.
Адасып алдындағы қасқа жолдан,
Кірпігін бабам талай жасқа малған.
Байырғы атажұртта Орқындағы,
Таңбасы тайпалардың таста қалған.
Білген соң оралмасын дүние қайта,
Таңбасын тасқа басқан әрбір тайпа.
Елу бес сол белгінің ең басында
Найманның таңбасы тұр, ойлап байқа.
Көсемдер көш бастаған құласа орға,
Батады шұбырған жұрт, сірә, сорға.
Найманның ай мүйізді серкелері –
Әйгілі Тоныкөк те, Құлашор да.
Батырлар қолда ойнайтын шар болатын,
Қиқулап сан майданға салған атын.
Атанған сегіз оғыз қалың Найман,
Билеген қағанаттың сол қанатын.
Айтайық, кім екенін сегіз оғыз:
Бетеге, Көшеуіттен не білеміз?
Ақсауыт, Найман­-Қаңлы, Найман­-Керей,
Барласқа, Дүрменменен бөлінеміз.
Иісі Төлегетай аңдап тұрсақ,
Тұқымы төре Найман көрінеміз.
Сұрайық білмегенді білгендерден,
Жел сөзден не шығады құр желгенмен?
Тарайды Бабыр менен Ақсақ Темір,
Өзбекке сіңген Барлас, Дүрмендерден.
Тоныкөк – ел ағасы ақылы асқан,
Шығыпты шартарапқа аты жастан.
Он үш жыл Табғашта оқып бала күнде,
(Табғаш – көне қытай елі)
Білімнің зеректікпен бетін ашқан.
Қаһарман сардары боп Елтерістің,
Ішіне кірген талай қантөгістің.
Қамқоры, көрегені қағанаттың,
Айырған ара-жігін оң­терістің.
Оқ жонған оғлан екен – ата көрген,
Ел үшін қайғы шегіп, қапа көрген.
Жетпіске келгенінде Күлтегінге
Тапсырып қалың қолды бата берген.
Қамалын қас дұшпанның дара бұзған,
Ерлерді тастамайды ел ауыздан.
Тоқсанда тасқа жазған өсиеті
Өшкен жоқ Тоныкөктің санамыздан.
Тұратын ақ бесікті жыры тербеп,
Халықтың ұл тумаса күні сөнбек.
Қалқаны қағанаттың Құлашорды,
Айтады бір деректе Күлішор деп.
Кім білсін – Құлашор ма, Күлішор ма?
Әйтеуір менің бабам шыны сонда!
Сүйегі қалған шайқас даласында,
Қағанат қирап, көкке күлі ұшарда.
Айбаты ер түріктің елдігінде,
Қапы жоқ бабалардың ерлігінде.
Тағы да кім өткені Аллаға аян,
Зым­-зия ғайып болған шерлі күнде.
Не қилы заман көріп қанға бөккен,
Көшкен ел қонысына зорға жеткен.
Құлаған Ұлы Түрік қағанаты,
Мәңгілік ел болуды арман еткен.
Түріліп таң бозынан түндіктері,
Ырыздық келер күннен кім күтпеді?
Бір кезде бабам қоршай қонған көлді:
«Найманның, – дейді моңғол, – Кіндік көлі!».
Тас мүсін Кіндік көлдің жағасында,
Шолақ қол батырдікі, нанасың ба?
Найманның таңбасы тұр арқасында,
Ежелгі ескі жұртың деп осында!
Сонда тұр сырын бүгіп қолаттары,
Ұлытау, Тарбағатай – жер аттары.
Қонбаған қайран қазақ қайда барып,
Тәңірім көшпенді ғып жаратқалы.
Екі оттың бірі сөніп қатар жанған,
Сынаптай сырғуменен өтер жалған.
Наймандар Білге Бұқа хан тұсында,
Мөр ұстап, жазу жазған жеке ел болған.
Көмілген тарих үнсіз жатқанменен,
Өшпейді ескі даңқы көкке өрлеген.
Астана салған жері ежелдегі,
Өзеннің бойында екен Завхан деген.
Жоғалмас бұрынғының бәрі мүлде,
Томпайып орны жатыр әлі күнге.
Айтпасаң білгеніңді арттағыға,
Халқыңа мына жүрген қадірің не?!
Тарихын қазсаң­-дағы қайда барып,
Көз жетер, көңіл сенер, ой жаңарып.
Есте жоқ ескі кезде пайда болған,
Жазуы Наймандардың айдан анық.
«Ұйғырдың жазуы» деп соңғы кезде,
Айтып жүр әлдекімдер әңгіме өзге.
Тоныкөк, Тататұңға тұр емес пе,
Наданды шұқығандай мәңгі көзге!
Бақ тайса базар көшіп ел басынан,
Ту құлап, қадір қашар қолбасыдан.
Шығады екі көзің тас төбеңе,
Табылып ет жақының жау қасынан.
Айықпас қайғысы бар әр заманның,
Тәңірге даусы жетпес зарлағанның.
Таян мен Бұйрық ханды қара басып,
Түсіпті шырмауына арбағанның.
Кетісіп бірге туған ағайынды,
Тұтасқан қалың елді қақ айырды.
Ашкөздік, алауыздық басын жұтып,
Қараңғы көрге тыққан талай ұлды.
Найманның түпке жетіп бөлінгені,
Белгілі Шыңғысханнан жеңілгені.
Күшлік хан – Таян ханның үлкен ұлы,
Он бес жыл арпалысып берілмеді.
Азуын батыр Күшлік айға білеп,
Тағдырды бастан кешкен ойраны көп.
Ақыры бордай тозған бүтін халық,
Салған соң құдай басқа қайраны жоқ.
Жері жоқ Күшлік ханның жан аяған,
Қашқаны жеңілгенде және де аян.
Қандыкөш асуында қуып жетіп,
(Памир, Гендукөш таулары)
Сабаздың басын алған Жебе ноян.
Не шығар бас кеткен соң аяқ-қолдан,
Жегені жеңілгеннің таяқ болған.
Ғұмыры ұлы Найман хандығының
Күшліктің өлімімен аяқталған...

ІV
Қайран ел көкейіне уайым қонған,
Шұбырып Самарханға дейін барған.
Құлазып тау мен тасы, ой мен қыры,
Аңырап атамекен кейін қалған.
Жығылса тіккен туың төріңдегі,
Бес қару бекер қалар беліңдегі.
Тарыдай шашылыпты қалың Найман,
Күңіреніп жеті атасы көріндегі.
Наймандар бытыраған жер жүзіне,
Түскенмен таптырмайды енді ізіне.
Кеткен соң құмға құйған судай сіңіп,
Көбі не, жоғалғанның жалғызы не?
Алдынан ақ күн тусын кеткендердің,
Әйтеуір ортасында көк пен жердің.
Шыңғыстың сарбазымен бірге барған,
Бәріне ат тұяғы жеткен жердің.
Дүние тас-талқан боп бүлінгенмен,
Қалған жұрт тіршілік қып күнін көрген.
Маңдайға бұйырған бақ қайда барар,
Жоқ нәрсе жеткізбейді жүгіргенмен.
Бұлдырап жылдар көші тоқтамастан,
Найман шал сол уақытта сексен асқан.
Жорықта төрт ұлы да қаза тауып,
Кезі екен қара бұлттай қайғы басқан.
Келіні жесір қапты Әлпеш атты,
Жан екен ақылы асқан парасатты.
Тұқымы құриды­ау деп атасының,
Күйзеліп күндіз-түні уайымдапты.
Фәниден пендеге жоқ екі көшпек,
Ұрпақсыз, тұлдыр кетсең – атың өшпек.
Тоқсанда тұқым көрген Найман шалды,
Тарихта атап кеткен Өкіреш деп.
Ғұмыр жоқ үзілмейтін мойны берік,
Кім білер қаларыңды қай күні өліп.
Шын аты Найман да емес атамыздың,
Қарасаң ар жағына ой жіберіп.
Найман шал, Өкіреш те – лақап аты,
Халықтың көрініп тұр махаббаты.
Ныспысы жарықтықтың ұмытылған,
Анығы – төре Найман арғы заты.
Бұл күнде оның бәрін кім біледі,
Көргені босқан жұрттың сүргін еді.
Найман шал атай салған болу керек,
Бейтаныс Самарханның тұрғын елі.
Адастық көне заман болды да елес,
Созады білгішсініп әркім өңеш.
Бұқаны Өкіреш деп атайды өзбек,
Өкіреш – жұрт айтқандай әңгіме емес...
Тарихты тани бермес көздің бәрі,
Тереңде «Бұқа» деген сөздің мәні.
Шығарды қасиетін ел жадынан,
Торғайдай қатал уақыт тоздырғалы.
Бір-ақ сөз – оғызың да, өгізің де,
Сонда тұр іздегенің негізінде.
Бұқаны кие тұтқан бабаларым,
Тірліктің толқын атқан теңізінде.
Бұқаның мағынасы – ел төресі,
Салт болған Наймандарда ертеде осы.
Кет­-Бұқа, Білге­-Бұқа, Есен­-Бұқа,
Атынан білініп тұр мәртебесі.
Жаңылып жүрмесеңіз жұтап ойдан,
Өкіреш Найманыңыз – Бұқа-найман.
Тегінен төре Найман жаратылса,
Тоқымы болады оның жұқа қайдан?!
Түбімді тектемесем жоғалтармын,
Кейбіреу селт етпейді, соған таңмын.
«Өкіреш қорымы» деп аталатын,
Зираты түбінде тұр Самарханның.
«Өкіреш ауылы» бар онда тағы,
Қара жер мұңын шертіп толғатады.
Өзбекке сіңіп кетті қанша қазақ,
Жаныма бәрінен де сол батады.
Қайда жоқ төре Найман тұқымдары,
Белгілі қырғызға да жұтылғаны.
Тағдырдың шеңгеліне бір түскен соң,
Халықтың қиын екен құтылмағы.
Найманның ұрпағының қамын жеген,
Әлпешті жұрт әулие келін деген.
Керейдің қызы дейді сол анамыз,
Әз тұтып, айналасы қадірлеген.
Қорғаған ер намысын, ел намысын,
Өмірде сондай келін болғаны шын.
Айттырып атасына қыз әперген,
Ұрпағын Найман шалдың жалғау үшін.
Жас тәннің қызуынан жалын атқан,
Балқыпты кәрі сүйек көні қатқан.
Сол түнгі еріп түскен жалғыз тамшы,
Емендей жапырағын жамыратқан.
Табатын одан басқа амал қайда,
Шикі өкпе шын тілесе жаралмай ма?!
Кіндігі қурап­-солса Найман шалдың,
Тұқымы тұздай құрып жоғалмай ма?!
Құдірет кімнің көшін түземеген,
Жалғыздың жал-құйрығын күземеген.
Әлпештің бар тілегі қабыл болып,
Көп өтпей ұл туыпты қыз-енеден.
Белгі боп жалғасын деп ел мұратын,
«Белгібай» қойған екен ұлдың атын.
Осы екен Өкірештің әңгімесі,
Тамсанып кейінгілер жыр қылатын.
Жас сәби өсіп жатты соныменен,
Тосыпты жеңгесі оны жөніменен.
Белгібай он алтыға толған кезде,
Тиіпті әмеңгерлік жолыменен.
Тұтылып ажал мықтап жайған торға,
Көшіпті бұл фәниден Найман шал да.
Күтумен арманына жеткен Әлпеш,
Жаста екен отыз алты сол қарсаңда.
Асылдың ішіндегі ең асылы,
Әйелдің әулиесі ол әсілі.
Жалғаған үзілгенді ұлылықпен,
Ұрпақтың жалғандағы жанашыры!
Зарыққан талай пенде шаранаға,
Тірегі тіршіліктің – бала ғана!
Тұқымы Найман шалдың жер бетінде,
Әуелі қарыздармыз сол анаға!
Сүйініш туады екен Белгібайдан,
Тараймыз ол болмаса енді қайдан?
Рулы елге айналдық содан бастап,
Бұтағын бәйтеректей мәңгі жайған.
Болған соң шеше дана, әке мықты,
Биікке шаңырақты көтеріпті.
Ұлғайған шағында Әлпеш Белгібайға
Сіңлісін кішілікке әперіпті.
Дәлел жоқ қолмен қойған, кімге сенем,
Тұнып тұр тарих қойны сырға терең.
Тыңдасаң ескі жырды деп айтады –
Тоқалдан Сүгірші мен туды Өтеген.
Саралап бес саусақтай әр атаны,
Шежіре елді аузына қаратады.
Саржомарт, Балталы мен Бағаналы,
Көкжарлы, Бураны одан таратады.
Анығын ажыратып кім біледі,
Түбіміз бір екені шындық еді.
Найманның тоғызының бесеуі – осы,
Төртеуі – Төлегетай, білдің оны.
Жалғасып Сүйініштен туған Төлек,
Жапанға жеке біткен бір бәйтерек.
Сүйегі Сыр бойында жатыр бүгін,
Болады бұдан артық қандай дерек?!
Түбінде бекер емес ел аңызы,
Артында жақсылардың қалады ізі.
Қылышты әулиенің кіндігінен,
Төлектің алған жары – Қожа қызы.
Керек қой құйма құлақ көпке де бір,
Солай деп сыбырлайды өткен өмір.
Сыр бойы – сыр сандықтай ашылмаған,
Көненің құпиясы шөккен өңір.
Қазақтың кең далада көшіп­-қонған,
Көңілі дариядай тасып­толған.
Сұлуға жалпақ жұрттың аузындағы,
Құмартып талай жігіт ғашық болған.
Қожалар қараларға ол заманда,
Белгілі қыз бермесі болжағанға.
Төлекке Қылышты да қызын қимас,
Нәсілі төре Найман болмағанда.
Өрбиді ел аузында небір аңыз,
Барлығын жіпке тізіп не қыламыз.
Ойлаған ұрпағының келешегін,
Атаның бізге мұрат жолы нағыз.
Көп оқып, Төлек бабам дін ұстаған,
Беріпті ақ батасын Қылышты оған.
Өзкентке датқа болып көп жылдары,
Қисықты тезге салып дұрыстаған.
Кісілік келбетімен көпті үйірген,
Даңқына алыс-жақын бек сүйінген.
Ақсопы атаныпты жастайынан,
Жүрген соң ақбоз атпен, ақ киіммен.
Еңбекпен ер жігіттің бағы жанар,
Жақсыны жұрттың көзі танып алар.
Жасында Қылыштының қойын бағып,
Жүріпті деген бір сөз тағы да бар.
Сынығын шын асылдың кім көрмейді,
Сырт көзге оңайлықпен сыр бермейді.
Төлектің тегін адам еместігін
Қылышты әулие де білген дейді.
Сыр шертіп ертеде өткен небір күннен,
Талайлар тілдің майын төгілдірген.
Бір күні қой өрістен келмей қапты,
Суатқа түсте ауылға келіп жүрген.
«Қойшының келмей қалған мұнысы не?» –
Десіп жұрт іздеп барған құм ішіне.
Таяғын шаншып қойып ұйықтап жатқан,
Отарын мамырлатып өрісіне.
Бұлақ ағып таяғын тіккен жерден,
Қойлар жүр шөлі қанып мейірленген.
Таңғалып Қылыштыға айтып кепті,
Адамдар хикметті көзбен көрген.
Тілекті Құдай берсе кемдік бар ма,
Асылға жарқылдаған шаң жұққан ба?
Бас иіп қасиетіне, кім біледі,
Қожалар қыз бергені сондықтан ба?
Бабамыз Қылыштыдан бұрын өлген,
Ел-жұрты артындағы күңіренген.
Қылышты көп жылдан соң өтерінде,
Қоштасып былай депті тірілермен:
«Жаратқан жарылқасын көмекке кеп,
Ешкімге ренжімен мен өкпелеп.
Тілек қып басымызға түнегендер,
Алдымен дұға қылсын Төлекке кеп!».
Бұл өзі сан ұрпаққа мәлім аңыз,
Шүбә ғып әулиеге не қыламыз.
Өтсе де қанша ғасыр тәуап етіп,
Киелі моласына табынамыз.
Қытайды сөз басында айтып өттік,
Қиялға тізгін беріп ой түлеттік.
Түнеріп тұңғиықта жатқан сырды,
Басқандай тайға таңба айқын еттік.
Түтіні түзу ұшқан түндігінен,
Төлектің Қытай жалғыз кіндігінен.
Әкеден ерте қалған төрт немере,
Атаның адам болған тірлігімен.
Көмескі көне дүние мәңгі ұзаған,
Сара жол – сайрап жатыр бергі заман.
Төртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай –
Төртеуі төрт тірек боп ел құраған.
Сөйлейін шыққандарды төртеуінен,
Секілді жылқы ішінде бөрте кілең.
Абыз да, ақын да көп, батыр да көп,
Қасқайып орын алған ел төрінен.
Жасанып келген жаудан қорғап талай,
Матайдан атойлаған ер Қаптағай.
Жақсыны жарқыраған кім көрмейді,
Екі көз ашық тұрса шел қаптамай?
Шыңындай асқар таудың қыран қонған,
Найманға ер Қаптағай ұран болған.
Кер заман көлденеңдеп одан да өтті,
Жонындай жолбарыстың шұбарланған.
Ақырған арыстандай Шоңай батыр,
Қарға адым көрге сыйып қалай жатыр?!
Ұшында найзасының жан ұшырып,
Торғайдай шырылдаған талай кәпір.
Тұқымы Ілияс ақын Қаптағайдың,
Салса да жарып шыққан топқа қай күн.
Бірі еді марғасқаның қазақтағы,
Қалайша оны зарлап жоқтамаймын?..
Жеткізбей Құлагері Жансүгірдің,
Үйіріп шабытымды қамшы қылдым.
Сиқырлы сөздерінің астарына,
Тауысып көз майымды қанша үңілдім.
Ұмытсам ақын Сара өкпелейді,
«Апаңды ауызға алмай кетпе», – дейді.
Бір шыққан жеріне шөп мың шығады,
Тақырға су құйсаң да көктемейді.
Батырдың басы қалған әр қиянда,
Ел үшін ер тумаса жан қияр ма?!
Әз Тәуке арқа сүйеп ту ұстатқан,
Садырда сайыпқыран Алдиярға!
Беретін естігенге жігер бүгін,
Айтайын Алдиярдың бір ерлігін.
Қалмақтың қонтайшысы өзі кепті,
Тең басып таралғысын үзеңгінің.
Тіресер екі жақ та болса мықты,
Елшіні Алдияр да қарсы алыпты.
Бітісіп, жауласуды тоқтатпаққа,
Араға адамшылық жол салыпты.
Ішкі ойын қонтайшының барлап алып,
Білдірген батыр мұны ханға барып.
Әз Тәуке аттай тулап ашуланған,
Қылышын суармаққа қанға малып.
«Керегі өлім, – депті, – жауызға нақ!» –
Ұстаса өз қолымен бауыздамақ.
«Қазақпыз, – депті Алдияр, – үйге кірген
Жыланның басына да тамызған ақ».
Хан Тәуке бұл қылығын жат көріпті,
Батырға азу басып кектеніпті.
Қалмақты өлтірмекке тартып алып,
Бір түнде тұтқиылдан тап беріпті.
Үстіне ауылының қол қаптатқан,
Ханнан ол өз қонағын қорғап баққан.
Інісі Майлан батыр қаза тауып,
Қайғысы көкірегіне шор боп қатқан.
Ала алмай қонтайшыны Тәуке кеткен,
Өзегін өкініші өртеп өткен.
Ханменен қақтығысып ер Алдияр,
Кесіскен ат құйрығын сол себептен.
«Төйкеде Ұзынағаш келді қалмақ,
Хан Тәуке басып барып басын алмақ.
Қалмағы келмегірдің қайдан келді,
Соғысып екі қазақ Майлан өлді...» –
Деген сөз ел есінде содан қалған,
Ескірмей, заман асып замандардан.
Қырсығы тиіп қырғын оқиғаның,
Жігітке қыршын кеткен обал болған.
Қатерді өзі келіп сұрап алған,
Қонтайшы құтылыпты бір ажалдан.
Батырдың мәрттігіне сүйсініпті,
Кеңейіп көз алдында мына жалған.
Көрген соң жақсылықты аса тіпті,
Кеңшілік Тәңірі оған жасатыпты.
Жинатып тұтқындағы қазақтарды,
Табанда бара сала босатыпты.
Алдияр – әрі батыр, әрі дана,
Жан екен әділ болған жауына да.
Адамды жеткізеді мұратына,
Айнымас адалдықтың жолы ғана.
Алдияр оқиғасын ұмытпайық,
Намыстың туын сондай нық ұстайық.
Ерлігін бабасының жазып кеткен
Тарихшы Мұхаметжан Тынышбаев.
Қиылды өмірі де оның кеше,
Ер еді еңіреген елім десе.
Арқасы қара нардай алыптардың,
Халықтың ауыр жүгі жеңілдесе.
Салалы бұтағындай қарағайдың,
Садырды санай берсем саралаймын.
Шоқтығы шоқыдай боп биік тұрған,
Мұқаны мыңнан бөлек Төлебайдың.
Тамырын Қаракерей терең жайған,
Батырда кім асады Қабанбайдан?!
Соның да аруағына тіл тигізген,
Бүгінгі бейшараға қалам қайран.
Заманда дария көшіп, тау құлаған,
Жазыпты ел қорғауды тағдыр оған.
Қабанбай өлерінде Бұқар жырау
Мойнына бұршақ салып зар жылаған.
Өзгеден Дарабоздың даңқы басқа,
Қоймайды судай тасып шалқымасқа!
Бағасын беріп кеткен Мәшһүр Жүсіп,
Албанда саңлақ жырау Саршуаш та.
Құттыбай, Ақтанберді, би Боранбай,
Аруағын исі қазақ сыйлағандай.
Жақсысын Қаракерей түгендесем,
Сөзімнің аясына сыймағандай.
Шығыпты он жеті ақын Байғарадан,
Құн болмас қызыл тілде сайрамаған.
Өлеңнен оза шауып олжа салып,
Күні жоқ қанжығасын майламаған.
Ақтайлақ, Дулат, Түбек, Сабырбайды,
Сөйлесем тіл мен жағым жаңылмайды.
Құлдилап құйылғаннан Әріпке кеп,
Көк өзен күркіреген дамылдайды.
Аяңдап Төртуылға бері келсем,
Биіктеп көтерілер менің еңсем.
Сүзгендей су түбінен інжу-­маржан,
Айтайын асылдарын теріп өңшең.
Бес күндік тіршілікке пенде қонақ,
Жарасар ел қорғаған ерге жарақ.
Тараған Төртуылдан үш бәйтерек –
Ақбарақ, Ақболат пен Андабарақ.
Жоқтайсың қай туысты, қай жұратты,
Аяздай қабырғаға қайғы батты.
Кім білмес ту көтеріп, жауға шапқан,
Ұраны Төртуылдың Баймұратты!
Ізіне үңілсек те біз енді кеш,
Рухымен бабалардың түзелді көш.
Жасыбай, Олжабайдай батырлармен
Атамыз дос болыпты үзеңгілес.
Бұл жайды Мәшһүр Жүсіп баяндайды,
Шаршамай кәрі тарлан аяңдайды.
Бүркеніп ұйықтап жатқан көне заман,
Түртпесең өздігінен оянбайды.
Батырлар үлкен­-кіші ертеде өтті,
Көбісі ұмытылған сол себепті.
Елші боп Еженханға барып қайтқан,
Атамай қалай кетем ер Төбетті?!
Ебелек қызуы жоқ отын болмас,
Еліңе қызмет етпей атың қалмас.
Есімі жарықтықтың Биқара екен,
Баласы Сүйіндіктің батыр Жауғаш.
Батасың еске түссе қалың ойға,
Дариға, сол ерлердің бәрі қайда?
Жауғаштың төрт ұлының ең үлкені –
Ту ұстар батыр екен Сарыбай да.
Сарбаздар сап түзеген Төртуылдан,
Оралып келе жатқан жортуылдан.
Күн бата көл Балқаштың маңайында,
Қопаға кезігіпті жау тығылған.
Дәл түсіп бұққан жаудың төбесінен,
Тіршілік сөгіліпті көбесінен.
Жағасы сауытының ашық қалып,
Сарыбай өлген қалмақ жебесінен.
Жиналып қазасына ойдан­-қырдан,
Батырға алыс-жақын ел қайғырған.
Ежелгі ескі кезден түркі халқы,
Жоқтауды ата салтқа айналдырған.
Құдайға даусы жетіп зарлағанда,
Жыл бойы жоқтау айтқан ол заманда.
Момындау адам екен бәйбішесі,
Жылапты үн шығармай сорлағанда.
Төртуыл намыстанып оны көрген,
Күңіреніп іштерінен тебіренген.
Түгелдің әйеліне жоқтатыпты,
Інісі Сарыбайдың соңына ерген.
Қайғыдан Түгел қатты жүдеп­азып,
Орнынан тұра алмапты белін жазып.
Қаратып көпшілікке сөз айтыпты,
Жатқанда ағасының көрін қазып:
«Тыңдаңдар, ағайындар, тілегімді,
Көрмейді күні бітсе кім өлімді?
Түрім бар Сарыбайдан қалмайтұғын,
Өмірден үзіп тұрмын күдерімді.
Жатып ек бір бесіктің жөргегінде,
Салыңдар мені-­дағы көрге бірге.
Маңдайға жазылғаны осы шығар,
Шыр етіп дүниеге келгенімде.
Қасірет қанатымды қайырғасын,
Ағадан өлгенде де айырмасын.
Қатынға мені қоса жоқтатыңдар,
Бір жайған шашы қайта жайылмасын...» –
Депті де иек қағып жүре берген,
Ажалға бойұсынып қуа келген.
Екеуі бір қабірде қалған екен,
Бұйырып сұр топырақ құба белден.
Сүйегі қурап­-солып саудыраған,
Кім білсін, қай төбеде қалды бабам?
Түрленіп, түзелгенде енді заман,
Тілеймін болғандығын елдің аман!
Сабылып ары көшкен, бері көшкен,
Өткенін шығармайды халық естен.
Наймандар бастан кешкен тауқыметті,
Рудың қазақтағы бәрі кешкен.
Қазақтың қасиетті әр атасы,
Биік тұр не шоқтығы, не жотасы.
Аттарын ауызға алсам кең даланың,
Тебіренер өзге түгіл қара тасы.
Есердің кімге керек ерегесі,
Атасын айтса қозған делебесі.
Еңселі орда болса қалың қазақ,
Керілген Найман да бір керегесі.
Қаншама белшемізден сорға баттық,
Қызыл қан жарамыздан сорғалаттық.
«Мың өліп, мың тірілген» шағымызда,
Әйтеуір бағымызға келді Азаттық!
Қайтадан тірілмейді өлген әсте,
Айналды қаралы күн енді елеске.
Қылыштың қиып түскен жазығы жоқ,
Сілтеген барлық кінә қолда емес пе?!
Сөзімді соза берсем кеңге кетер,
Ұшады көбіктенсе желге бекер.
Тасыған тыным көрмей асау тірлік,
Аунатып түбінде бір дөңгелетер.
Сұрасаң, бабаларым, міне, осындай,
Қайнаған Қаратаудың тұмасындай.
Суаты сарқылмайтын әңгімесі,
Мәңгіге тастап кеткен мұрасындай!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қайда жүрсің?

  • 0
  • 0

Тамылжыған жазғы бақта бұлбұлдарды сайратып,
Тұрушы едің аспанымда жұлдыздарды жайнатып,
Көптен бері маған соқпай, қайда жүрсің, ей, Бақыт?
Сайрандатып, думандатып, таңға дейін тойлатып,

Толық

Тастаймын алыстарға көз қиығын

  • 0
  • 0

Тастаймын алыстарға көз қиығын,
Менің де қол жетпестей өз биігім.
Көңілдің ақ көбік қып көк дөненін,
Үміттің келем қуып жезкиігін.

Толық

Жесір

  • 0
  • 0

Жарын жоқтап зар қағады бір жесір,
Қаралыға қан жұтқызып тіл кесір.
Нұры шалқып нәзік әйел жанының,
Бұрынғыдай төкпейді енді гүлге сыр.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар