Мұхтар мен Абыз
Тәңірінің күні жарқырап...
Абай
I
Ақ домбыра, еңіре, қара қобыз, күңірен,
Аш күзендей бүгілем, алдыңа кеп жүгінем.
Алтын сақам үйірген алшы тұрмай тігінен,
Тайқып барып тәйкесі, жатып қалды бүгінен.
Сыры бөтен сойқанның сескенемін түрінен,
Суық ызғар соғады тас түнектің түбінен.
Қара шұнақ лағың – құрбандығың болайын,
Ал, тебірен, аруағым, күнімен де түнімен!
Қиянаттың қамшысы сұр жыландай қайқы бас,
Сілтегенде ысқырып, зәр шашады тілінен.
Жұмырыңа жұқ болмас іркіт ойым іріген,
Не табасың, қызыл тіл, ит жалаған күбіден?!
II
Көмейіндей ажалдың қуыс түрме қараңғы,
Иірімдей тартады ін түбіне адамды.
Жан-жүрегін мұздатқан соқыр-мылқау зіл батпан,
Көрсетпей тұр Мұхтарға мынау жарық ғаламды.
Тажал мініп тағыңа, түлен түртсе шабына,
Бас көтерсең, зынданға батырады қараңды.
Кісенделген тұлпардай тар қапасқа қамалды,
Шырғалаңнан құтылар қалай табар амалды?
Ой соңында сарылып, кірпік ілсе талығып,
Шыңғыстауға түсінде шыққан екен самалды.
Ақ сақалы желпілдеп, ақ селеудей селкілдеп,
Күңірене қарсы алды Нысан абыз заманғы.
Нысан абыз:
– Сен сұрасаң болжа деп, мен айтайын, уа, балам,
Көріп тұрмын көк түтін – о, зобалаң, зобалаң!
Шаңырақтан бақ безіп, құт қашады сабадан,
Ел қынадай қырылар, жусағандай обадан.
Ақ сүйектей домалап айдалада мама ағаш,
Желі менен көгенің желге ұшады тонаған.
Қыраныңның қанаты керегедей саудырап,
Жаңғақ болар тұғырың, томар болар томағаң!
Қолың кетпей жағадан, көзің кеппей сорадан,
Тілің тозар көнектей қырық шоқпыт жамаған.
Салбыраған басыңа жапалақ кеп саңғиды,
Торпағыңды аш бөрі тарпа бас сап қорадан.
Сарқыраған өзенің бұғауланып сағадан,
Зауал төнер жеріңе жүндей түтіп сабаған.
Аңдысқаның көбейіп жолдас пенен жорадан,
Оққа байлап бересің арысыңды арадан.
Қатын-бала сүргінде қойдай шулап қаңғырып,
Қыл тақымын қиғызар зұлым итке қабаған.
Мола бұзған антұрған жатырына жүгіріп,
Ат үстінен шаптырар жұрт тынышта, ел аман.
Босағаға қол жайып төрде отырған төрелер,
Ауыздары босамас күнде жеген парадан.
Құс қанатын талдырған ұлан-байтақ даладан,
Өрттің бетін қайтарар табылар ма жан адам?
Маңдайшасы орданың жай түскендей қақырап,
Алты Алаштың баласы айырылар панадан.
Айналайын, жан ботам, мен кетейін садағаң,
Жаратқаның жар болып, жаның қалсын жаладан!
Мұхтар:
– Не деп кеттің, қария, сөзің қандай зәрлі еді,
Шыныменен тимей ме Тәңірінің жәрдемі?
Арғымақтан жал кетсе, азаматтан әл кетсе,
Қайда қалмақ қалың ел құрығанда дәрмені?
Домаланса есікте алтын басым төрдегі,
Күңіренер аруағы жеті атамның көрдегі.
Пәруәрдігер, ала бер шыбын жанды мендегі,
Айнымаса егерде әулиенің көргені?!
Байқамаса қызыл тіл қарып түсер шоқ бейне,
Адасады ақылың, жаңылады жақ кейде.
Бұйырмай ма қазаққа сынық күлше бақыттан,
Қара аспанды төндірмей, абыз ата, ақ сөйле!?
Нысан абыз:
– Көз жіберсем қиырға – сергелдең де сергелдең,
Бұлдырайды босқан ел, сағым қуып сенделген.
Шыңғыстаудың шоқтығы шымылдықтай қара нор,
Мына сұрғылт заманның сиқы жаман мен көрген.
Шала түтін бықсиды иттің көзі танымас,
Тостағаның жарымас қойдан қозы бөлгенмен.
Бүктемесең жауыңды, жем боласың қорқауға,
Тектемесең түбіңді, тең боласың өлгенмен.
Қылыш жалды қия тас – жүрер жолың жалама,
Барар жерің белгілі, болашаққа сенгенмен.
Көп шиырлап шығарсың сиқырлаған шеңберден,
Мысық бүрген торғайдай құтыларсың шеңгелден.
Өмір екі келмейді, дүние-боқты тергенмен,
Жанның нұры сөнбейді, жаққан отың сөнгенмен.
Ақ жүзіңді жасырып, жер-бесікке көмгенмен,
Аңырайды үкілі тал бесігің тербелген.
Қарлы боран үйіріп, құзға қатер төнгенмен,
Сұңқар, сірә, тастамас өз ұясын жем берген!
Жаралғалы жалғанның тетігі жоқ жөнделген,
Жете алмассың мұратқа желге мініп желгенмен.
Келе жатыр бір зұлмат кең жаһанға қонаққа,
Көкірегі – көрлақат, екі көзі шелденген.
Мұхтар:
– Адырнасын бір сөздің тартып қалдым ойжота,
Ұшқыр тілді жебедей көңіліңе бойлата.
Қырау басқан қабағың бара жатыр түнеріп,
Кешірім ет ұлыңа, тағы не бар, сөйле, ата!?
Нысан абыз:
– Ілінгендей тағдырың ине-жіпке сабақты,
Кезенгендей сұрмерген саған қарай садақты.
Туырлықтай жақпар тас жан-жағыңнан камапты,
Жұтқалы тұр басыңды айдаһардай абақты!
Мұхтар:
– Әулие ата, сөзіңнің сыңайынан қорқамын,
Қанжар қиып түсердей қантамырын қолқаның.
Ұлығанда ішімде бөлтірігі үрейдің,
Жалғыз қалған көкжалдай жапан түзде жортамын.
Суға салсаң сөлі жоқ, желге ұшырсаң дәні жоқ,
Қуыс кеуде көбейді қауызындай арпаның.
Зарлап өзің айтқандай, халқым қайтіп күн көрер,
Жақсыларды сыпырды бетіндегі сорпаның.
Алла рақым етпесе, ел мойнынан кім шешер
Қарғыдай боп жабысқан қасіреттің арқанын?
Маңдайдан сор кетпесе, таусылғанша талқаным,
Құмға құйған құрдымдай көздің жасын сарқамын.
Айырыққа тірелдім, қай жағына тартамын?
Оң жағымда – шөлейтім, сол жағымда – сортаңым.
Оңға тартсам өлім бар – өткір жүзі балтаның,
Солға тартсам арыма азап жүгін артамын.
Ұлтым үшін аттанса жаһаннәмға жантәнім,
Жер астында – сүйекпін, су астында – малтамын.
Ұят күшті өлімнен, үйім тозақ көрімнен,
Күнім караң Алашсыз – алдымдағы қалқаным!
Нысан абыз:
– Не көрмейсің, шырағым, шыр айналған жалғанда,
Шу асаудай көнерсің құдай басқа салғанға!
Қалың тобыр кімге ерер, қалмаса артта бір қара,
Жау жағаға жармасып, бөрі етектен алғанда?!
Тұл өмірдің анасы – түпсіз өлім, таңданба,
Шырылдаған жан барда, тірлігіңе шамданба!
Түлкі болса заманың, тазы боп шал, алданба,
Дүние бір айналар, өте бермес арманда!
Ең алдымен Тәңірдің тапсырғанын орында,
Құлқын үшін жалданба, халқың үшін тал қарма!
Мұхтар:
– Көргендеймін, әулием, сөзіңнен бір саңылау,
Тағдыр бірақ тасмылқау, селт етпейтін саңырау.
Жауға басым байланса, жұртымдікі жүрегім,
Мен – ызалы жолбарыс, құйрығында қоңырау.
Аруақ өзі жұмсаса аянатын не қалды,
Оқ тигендей онсыз да шұрық-тесік омырау?!
Бабам Сұлтан Әзірет Түркістанда қолдасын,
Хан Абылай, Қабанбай жұлқысқанда қолдасын!
Сөз атасы – Майқы би, жыр патшасы – ұлы Абай,
Арсыздармен күнде бет жыртысқанда қолдасын!
Сүйген қазақ баласын, бәйтерегім – Алашым,
Бұталса да бұтағың, түптамырың солмасын!
Жарылқаса Жаратқан, қотыр тайлақ көшке ерер,
Күні бітсе құлайды ханның басын кескен ер.
Құтырынған індеттің ыңғайы жоқ дес берер,
Қойға келсе топалаң, қабатында ешкі өлер.
Тиянақсыз қайран ел алтыбақан, алауыз,
Жеті басты жалмауыз қайтіп одан сескенер?!
Екі кәпір қосылса, көлеңкесі дос келер,
Екі көзі қазақтың бір-біріне өш келер.
Бұйдасына жармасты ұлы көштің, о, тоба,
Іші – хайуан, сырты – адам, өңкей надан – кещелер!
Қатарымнан айрылсам, қанатымнан қайрылсам,
Соқа басым селтиген қурайды да ес көрер!
Өрге шапқан тарландай тарылады тынысым,
Қызыл қанға малғандай батыс пенен шығысым.
Дүлейді де желкелеп жүгендейтін күн туар,
Түгендейтін қазақтаң өлісі мен тірісін.
Алты айшылық алысым, жеті күндік жүрісім –
Атырау мен Алтайға шалқып жатқан ұлысым!
Бөрі басты байрағым көкке қарап ұлыса,
Найзағай боп жарқылдар жасырулы қылышым!
Қаратаудай күңіренсем, қара түнге қосылам,
Алатаудай тебіренсем, көшкен бұлттай жосылам.
Алашым деп азаптың ажырығын арқалап,
Батқан күндей түнеріп, шыққан күндей ашылам!
Көрінгеннің алдында көк желкесін қасыған,
Біздің тағдыр тастар ма таз кепешін басынан?
Ақ бәкісі Абайдың кіндігімді кесіпті,
Кемеңгердің дәм татқам Қызыр қонған қосынан!
Құлағыма келеді әлдекімнің дауысы,
Қош-есен бол, әулие, мен бір жаққа асығам!
Бағытымды баратын сізден несін жасырам,
Іздегенге табылам Абай атам қасынан!
Қолқанатпын рухына, жетсе шолақ өмірім,
Абай – менің Тәңірім, ғұзырына бас ұрам!
Нысан абыз:
– Ақ батамды берейін, ал, қолыңды жай, балам,
Әулиелер қолдасын аспан астын жайлаған!
Соқыр тұман сейіліп күннің көзін байлаған,
Елің жерге сыймасын құмырсқадай қайнаған!
Арам қатып арсыздар, отқа жанып жансыздар,
Асқақтасын жығылмай алтын туың жайнаған!
Суға кетіп сатқындар саған қастық ойлаған,
Опырылсын дұшпанның азу тісі қайраған!
Құрбақалар құрысын сүрінгенді тойлаған,
Құдықтағы құланның құлағында ойнаған!..
Айдай әлем алдында арғымақтай алшаң бас,
Заман болсын жолдасың бүгін кәрі, ертең жас!
Қаламыңды періште нәрестедей күзетсін,
Қазынаға жолығып тоқсан атан тарта алмас!
Әумин!
ІІІ
Дел-сал күйде оянды тұтқын Мұхтар бүгін бір,
Көрген түсі қиқымет, төңірегі бұлыңғыр.
Ту сыртынан қариды сақылдаған сары аяз,
Қаңсытады таңдайын ішіндегі шіліңгір.
Шойын есік таң атпай ыңыранып ашылды,
Талқандалып босағаң, о, топсаңнан жұлынғыр!
Қарақшыдай қақшиып алдында тұр сұрақшы,
Ежірейе қарайды екі бетің тілінгір!
Ақыл-айла бірікпей құтылатын түрі жоқ,
Жан қалмайды үміттің жалғағанмен жібін құр.
Көзін жұмса тағы да қилы заман – қырғын өрт,
Құшағында жалынның шырқыраған құлын жүр...
Жоқ кінәні мойындап, жорта қайтып райдан,
Ағалардың ақылын алғаны жөн бір ойдан.
Түс сыңайын аңдаса, қайыры бар қазаның,
Атасынан қалғандай арпалысқан бұл ойран!
Қоңыр жүзі түтігіп, қорлық хатқа қол қойды,
Обалы мен сауабы бір Құдайдан, Құдайдан!!!
ІV
Ақ домбыра, егілші, қара қобыз, боздашы,
Батпан, батпан шерімді шыңыраудан қозғашы.
Қараша үйді жыққанда қарсы соққан сұрапыл,
Қоламтаға көмілген үміт шоғы, қоздашы!
Көкжиектен жарқырап көтерілген жұлдыздай,
Аңсап күткен арманның алтын оты, маздашы!
Белдеуімде байлаулы, жер тарпышы, тұлпарым,
Сандығымда сақтаулы көк семсерім, тозбашы!
Зейін салшы зарыма, разы боп барына,
Сәби көңіл, қолыңды тым биікке созбашы!
Қуанышым, көсілші, қайғым, төрге озбашы,
Дамылдашы, ділмәр тіл, қайдағыны қазбашы!
Ұлы мақсат жолында қорлық хатқа қол қойып,
Мұхтар шықты түрмеден, өзіне олжа – өз басы.
Қара сөздің қалыбы, асыл ойдың алыбы,
Аманаты Алаштың, аруақтардың көз жасы!!!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі