Өлең, жыр, ақындар

Қаныш

  • 02.10.2021
  • 0
  • 0
  • 1659
І
Бір жұлдыз тіл қатады ғарыш жақтан,
Әйгілеп ел мұратын Қаныш тапқан.
Тәңірі өзі таңдап сүйген ұлға,
Ақыл мен ой тізгінін тең ұстатқан.
Жақұттай жалт­-жұлт етіп сан қырынан,
Жаһанға сәуле шашты жан нұрынан.
Қазақтың дара біткен шоқтығындай,
Жотасы биік тұрды барлығынан!
Сыйса да бір басына бүкіл ғалам,
Тағдыры көрінбейді бүтін маған.
Көзіме елестейді оны ойласам,
Арыстан айдаһарға жұтылмаған.
Тік қасық қашанда көп әзір асқа,
Күреспей өткен күннің бәрі босқа.
Тапсырып аманатын кете барды,
Тақуа Тарих деген кәрі досқа.
Өткен жоқ оң мен солын абайламай,
Алаштың ақ туына қарайламай.
Қанышқа емес пе еді үсті түгіл,
Жеті қат жердің асты шарайнадай.
Ақтарып тұңғиықтың мол кенішін,
Толғанды шер толқыны кернеп ішін.
Қаныштың таусылмайтын өзі кеніш,
Ғасырлар керек зерттеп көрмек үшін!
Заманның зікір салып әміршісі,
Оған да мың құбылған өмір түсі.
Дүние жүз толғанса қайта тумас,
Қаныштай қара жердің тамыршысы!

ІІ
Тектінің күні түссе дүбәраға,
Тіріде дөң басына шығара ма?
Ақсиған азу тісі алты қарыс,
Заманның түрі мынау шұбарала.
Жұтынса жалмауыздай жалған бұлай,
Жаныңды қайтып бермес алған құдай.
Таусылмас, толастамас тағдыр оғы,
Талайды атып түскен ақ жамбыдай.
Тартқанмен тарамыстай ой сіңірін,
Уақыттың шешкен кім бар қайшылығын?
Көңілдің түкпірінде үңірейген
Қуыстың толтырасың қайсыбірін?
Аузында кеткен қанша жырындының,
Тарихтың етек-жеңі жұлым­-жұлым.
Уландық үндеместен жұта-жұта,
Мыстанның мысқалдаған зұлымдығын.
Шет болып Аллаға да, аруаққа да,
Шайнадық өкініштен бармақ қана.
Астынан аяғының құйын ойнап,
Қазаққа дауыл тұрар жел жоқта да.
Үстінен түспейтұғын ағаш аттың,
Япыр-ау, неткен жұртпыз ала шапқын?
Арылмас өмір бойы азабынан,
Бықсыған түтініндей жерошақтың.
Әзәзіл айғай салып жатырында,
Тауықтай таң бозынан шақыруда.
Қанышқа бір ескерткіш қойды әйтеуір,
Алматы көп күттіріп ақырында.
Жатқаны жолбасшыда бар масқара,
Мойныңды бұрғызбаса қандасқа да.
Келді ғой кісі бойы мыс бұйырмай,
Ағызған мыс мұхитын марқасқаға!
Өйтпесек есер қазақ боламыз ба,
Көрінген ши жүгірткен арамызға?
Соны айтып күңіренеді
Жер бетіне
Тарыдай шашыраған моламыз да!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тыраң асар

  • 0
  • 0

Мына тұстан атойлап, ана тұстан,
Бір-бірімен қазақпыз көп атысқан.
Арыстанның ойнайды аруағымен,
Тірлігіне мастанған қара тышқан.

Толық

Бұғауда қызыл тілім

  • 0
  • 0

Сарғая сартап болған сүйегі ыстан,
Мен де бір домбыра едім тиегі ұшқан.
Бұғауда қызыл тілім бұлқынғанда,
Бақсыдай аласұрдым ие қысқан.

Толық

Қайырын берсе түбі...

  • 0
  • 0

Ақтарыл ернеуіңнен, төгіл, жүрек,
Қалмасын қапа көрген өмір жүдеп.
Қобыздай күңіренбей қайғы шалған,
Бір сәтке болайыншы көңілдірек.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер