Өлең, жыр, ақындар

Оралу

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 674
Өкпелеттім енді не айта алармын,
Қайда барып, қай жерден жай табармын.
Сезіміме сол бір сәт себеп болып,
Сабылып көп мен саған қайта оралдым...
Тұнық еді көңілің, шайқап алдым,
Қайырмасы сияқты ең айтар әннің.
Сөніп қалған шырақ ем жанып-жанып,
Жүрегіңнің отымен қайта жандым.
Кім шешеді құпия жүрек ісін,
(Сүйгеніңді тұрады тілеп ішім).
Сағынышқа ауысып бара жатыр
Саған деген кегі жоқ ренішім.
Тағы өзіңе оралып ауды көңіл,
Жаужүрегім, оқ аттың, сау жүр едім.
Тұла бойға жан кіріп дауылыңмен,
Жаңбыр болып көз жасым жауды менің.
Қалғығанда жастанып таң білегін,
Тыныштықтан таба алмай тағдыр емін,
Жауар бұлтын жанымның ыдыраттың,
Жанартаудай атылып тау жүрегің.
Ойнатады сәулесін от көңілім,
Бұлбұл әні жеткізіп көктем үнін.
Өз басымның бақытын ұмытып мен,
Саған бақыт тілеумен өтті өмірім...
Сұңқар болмай, кім білер сұңқар мұнын,
Тұлпар болмай, кім жазар тұлпар жырын?
Қаруым бар пәрменді, ол қаруым –
Саған деген сағыныш, іңкәрлығым.
Қасиетіңді бітпеспін жазып күнім,
Сүйем сені, сол үшін жазықтымын.
Сендік қару – ақыл мен қайрат болса,
Мендік қару – әйелдік нәзіктігім...
Әйел жайлы құпия не білесің,
Еркелесем еріп бір егілесің.
Мен жеңілсем, жеңілем қайратыңнан,
Сен жеңілсең, сезімнен жеңілесің.
Сағынышым, не қалды біз көрмеген,
Қалып бұзбай, келеміз іздерменен.
Өмір өтіп барады, өмір өтіп,
Бірімізді-біріміз іздеуменен...
Сенсіз менің өмірім тас қара түн,
Шаңға адасар бәйгеге қосқан атым.
Сұңқар болып айналсаң, айдын шайқап,
Аққу сезім сабайды қос қанатын.
Шежіресіндей ер кеудең бар әлемнің,
Бар әлемнен мен сені дара көрдім.
Қасиеті бар сенде кең, аспанның,
Қасиеті бар менде қара жердің.
Қара жердей жаңбырды ұнатамын,
Көкірегімнен атқандай бұла таңым.
Қабағыңның қарымен қатамын да,
Жарығыңмен мен сенің гүл атамын.
Күн көзіңмен, аспаным, аймаладың,
Көздерінен қымсынбай айналаның.
Қасіретімді жасырып, қасиетті
Қара жердей мен сені айналамын...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бала алдында көрінеміз баладай

  • 0
  • 0

Бала алдында көрінеміз баладай,
(Үлкеннің бәрі бола да бермес, дана Абай).
Ашықтырмай мәңгілік жатқан асырап,
Жер деген ұлы жаны бар ортақ анадай.

Толық

Жер ешкімді бөлместен тербеледі

  • 0
  • 0

Жер ешкімді бөлместен тербеледі,
Бергенінен көп әлі, бермегені.
Айналамнан анталап, иті өмірдің,
Қуып тығып барады көрге мені...

Толық

Өлмегендер

  • 0
  • 0

Өлмегендер –
Тірі кетіп, үйіне келмегендер.
Отан үшін өмірін көктей қиып,
Сүйем жерін жауына бермегендер,

Толық