Көктем күнім жарқылдап күліп келші – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Көктем күнім жарқылдап күліп келші» атты Қанипа Бұғыбаева жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 07.11.2021
  • 0
  • 0
  • 670
Көктем күнім жарқылдап күліп келші,
Көңілімді етейін үмітке елші.
Жазғы жаңбыр жауғандай жапырақты,
Жапырағын жанымның жуып берші.
Жуып берші, аспандай тазарайын,
Тазарып бір белестен сөз алайын.
Сезіміммен үндесіп су бетіне,
Саусақтарын сәулелі созады айым.
Ай сәулесі аймала: өзгерейін,
Тілге емес жүрекке сөз берейін.
Ақ әлемнің ақыны ақ қанатты –
Ақ парақты алдыңнан кез келейін.
Келші сәби көктемім жасыл айым,
Сұлулықтың сүтімен асырайын.
Тебіренумен, тербеліп таңғы күннің,
Шуағына шуақ боп қосылайын.
Күткен күнім, жаныма келші күліп,
Арман дүние болсыншы еншім үміт.
Аққу көңіл қанаты кетсе кірлеп,
Ақ аспанның жаңбыры берсін жуып...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері