Аспанға арыз – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Аспанға арыз» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 672
Толғау

Жұлдыздарға мұң шағып ержетіп ем,
Ой талбесік...түн бойы тербетілем.
Адамзатқа қоршаған риза болмай,
Арыз жаздым аспанға жер бетінен.
Қара бұлтқа қарадым, еріткім кеп,
Тіршілік сол...қой қоздап, өрік гүлдеп.
Биіктіктер бәр-бәрін білер деуші ем,
Айнасынан аспанның көріп тұр деп.
Жазықсызды, келмейді жазықты еткім,
(Не болса да келеді жазып кеткім)
Күткеніме көп болды күннен сәуле,
Ол үмітім ақталмай, азып кеттім...
Азбай-тозбай, ентелеп кел, ертеңім,
Жүрегіңнен ақтарып өлең кенін.
Болатынын білмеппін жер үстінде,
Күн сәулесі түспейтін көлеңкенің....
«Құдайсыздар» демейді құдай не дер,
Құлағандар, жығылып, құлай берер.
Күндестікпен күл көсер біреулер бар,
Біреуді олай, біреуді былай көрер.
Сая таппай, сандалды түзден елік,
Жапырақ жайып, жан алған, іздеп өніп.
Бір шыбықтың, көктеген тіршіліктің,
Қысқа жібін қырқады «жүзге» бөліп.
Сен де күттің... адалдық мен де күттім,
Дерттен қашан айығар емделіп түн.
Періштедей бір кезгі сенгендерім,
Пердесін жүр жырта алмай пенделіктің...
Үмітімнен жаға алмай түн шырағын,
Қалды ішімде жауапсыз мың сұрағым.
Орын таппай бір жұтым ауа таппай,
Жер бетінен тарылған тұншығамын.
Мөлдір-әлем... сен болдың сөз еткенім,
Көрмейді «олар» - сылмаса көз еттерін.
Адамнан да, аңдар көп екі аяқты,
Өзімшілдік жайлаған өзектерін.
Зұлымдықтың үзілмей шынжыры әлі,
Сұлулықтың әйнегін сындырады.
Қасіреттің қайнаған қазанында,
Қорлық-зорлық көргендер шыңғырады.
Теңге көзді сұрамай достан қырыз
Арман бар ма, айналсақ дастанға біз?
Айналамнан тыңдайтын адам таппай,
Жан айқайым айтады аспанға арыз.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Аспанға арыз өлеңінің авторы кім?

Қанипа Бұғыбаева — осы өлеңнің авторы.

Аспанға арыз өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Аспанға арыз өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Қанипа Бұғыбаева өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Аспанға арыз өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері