Өлең, жыр, ақындар

Ғашықпын десем... қайтесің, кет дейсің бе

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 917
Ғашықпын десем... қайтесің, кет дейсің бе,
Салқын қарап, сезімді теппейсің бе?
Арманымды бүркемей айтсам саған,
Өзгелерге күлкі азық етпейсің бе...
Кел дейсің бе, білмеймін, кет дейсің бе,
Қиырына көңілдің жетпейсің бе.
Жақын көріп мен саған барымды айтсам,
Басқаға оны арзандап төкпейсің бе?..
Жаным десем жалт қарап кет дейсің бе,
Жалыныма су бүркіп сеппейсің бе.
Көзге ілінбес жіппенен көңіліңе
Көкжиегін көңілдің көктейсің бе...
Өзің десем сүйгенім, қайтер едің,
Көкірегімде тербелген бәйтерегім.
Өкпелімін, кімдерге қарыздармын –
Бәрін соның бір саған айтар едім.
Бір кездегі тәкаппар өр кеуденің,
Айтар едім суынып өртенгенін.
Жарға соққан толқындай бүгініме –
Жалғасарын қалайша ертеңдерім...
Тұншыққанда жаныма таппай бір ем,
Оралатын ойыма оттай жыр ең.
Оңашада батырсып, бетпе-бетте,
Тіл байланып, сөйлеуге батпай жүрем.
Тыныштықты кеудеме сезім бермей,
Жуасып бір жатамын теңіздердей.
Тұла бойды бір толқын тас қып байлап,
Әрең өтем тұсыңнан көзім көрмей...
Кет дейсің бе, білмеймін, кел дейсің бе,
Тілсіз көзге қараған сенбейсің бе.
Сенсіз жерде жүрегім ауырады
Шуағымен жаныңның емдейсің бе?
Не болса да тезірек сезіндірші.
Кет дейсің бе, кел десең, өзің білші.
Жай таппаған кеңдіктен жас жүректі,
Көкірегіңе бір қысып көз ілдірші...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ойлар мені мазалайды күні-түн

  • 0
  • 0

Ойлар мені мазалайды күні-түн,
Үнсіз дүние, күтетіндей бір үкім.
Тас-түнекте қайтіп өмір сүрер ем,
Сөнсе көктен, сөнген жұлдыз үмітім.

Толық

Жаңғыру

  • 0
  • 0

Кешегіден өзгеше жарығырақ бұл ақ таң,
Кешегіден өзгеше үн шығады бұлақтан.
Шуылдайды балапан жапырақтарға жан бітіп,
Бәйтерекке айналып тұр жағада құрақ-тал.

Толық

Қылығына сырттай налып

  • 0
  • 0

Қылығына сырттай налып,
«Сұлуыңа» сене көрме.
Аймалар ма ем, бұлтқа айналып,
Шыңға айналсаң сен егерде.

Толық

Қарап көріңіз