Өлең, жыр, ақындар

«Гәкку» – Күләш

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 971
Ән – өмір, сенсіз, тегі бүр ашпас ем,
Есіме «Гәкку» түсер Күләш десем.
Күләшсіз аққу әні жайып қанат,
Көгілдір көкжиекке ұласпас ең…
Дауысың мөлдір, нәзік, ерке, әдемі,
Тамсанып қолын соққан дархан елі.
Ән – өмір, сенсіз сірә сұры қашып,
Тірлігім тым қараңғы тартар еді.
«Гәккудей» өзге шулы дыбыс кеміп,
Бір әсем бара жатыр жыр ішке еніп.
Сезімнің хрустальдай табағына,
Сылдырлар жатқандай бір күміс төгіп…
Көңілің қалай шалқып тасымасын,
Іздеген кездескендей досыңа шын.
Қалқыған жан дүниеңді оятқандай,
«Гәккуге» аққу болып қосыласың.
Арман – құс қос қанатын талмай қағып,
Дүние кеткендей бір әнге айналып.
Ләззаттан арыла алмай отырасың,
Тербеліп, тебіреніп, таңдай қағып…
Кеудеңе шым-шымдап бір жылу дарып,
Жайқалар жас арманың гүлін жарып.
Достасып барлығымен бір-ақ сәтте,
Өмірің кетер әнмен сұлуланып.
Мас болам өзгеге емес, әнге байып,
Толқынын үннің ыстық қанға жайып.
Таранған айдындағы Аққу – Күләш,
Келген бір құбылыстай таңғажайып.
Танимын Күләш даусын бұл кім демей,
Сезімім шыдар қайтіп бүлкілдемей.
Ән болып, арман болып жүзіп өткен
Өмірден жалын жүрек, бұлбұл көмей.
Ән – өмір, сенсіз тұрмас бақ гүлденіп,
Ән – айдын, сыланатын аққу қонып.
Еліне кербез Күләш, ерке Күләш,
Елестер «Жібек» болып, «Гәкку» болып!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Менің ғасырым

  • 0
  • 0

Жұбанады кешегі “ел” жылаған,
Күш береді еркіндік енді маған.
Көк аспанның астында қанат қағар,
Менің, сенің ғасырың келді, балам.

Толық

Аспан құмар жаным құс, түрме тәнім

  • 0
  • 0

Аспан құмар жаным құс, түрме тәнім,
Тәнге көнбей, биікке тіл қатамын.
Сеземін мен, еңкейіп көкжиеке,
Шыққан күннің алаулап бір батарын.

Толық

Ойым орман, оранған үміт сағым

  • 0
  • 0

Ойым орман, оранған үміт сағым,
Тентек сезім қайда сол тұнық шағым.
Жанарына әр жанның жаутаңдайды,
Бала мінез баяғы «ұмытшағың».

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар