Өлең, жыр, ақындар

Біздің үй

  • 04.01.2022
  • 0
  • 0
  • 766
Сәтін салса бір еніп қайт қақпамнан
Осы арадан басталады тәтті арман.
Сол жағыңда сиыры жоқ қора тұр
Сәл аттасаң итім үрер қапталдан.

Оң тұсыңда ол да қызық, бақшам бар
Қорғанына қаптап өскен жас талдар.
Олар мендей осы өмірге тым құштар,
О, әрине көктемімді тоссаңдар.

Аулам ашық, араласаң кең бәрі
Гүлдерім бар көңіліме ем, дәрі.
Үш қара тал – үш ғасырды тіреп тұр,
Тамырларын білеулетіп салмағы.

Тауығым жүр татулықпен дән теріп
Шақырады шақар қораз әлденіп.
Осылардың ортақ шағын үйі бар,
Отыратын қатар-қатар сәнденіп.

Үй артында бір түп алма, екі өрік
Келе жатыр бір өмірді көтеріп.
Дірілдеген сұлуларым аязда,
Күзде тәтті дәм береді жетерлік.

Құстарым бар мекендеген маңайды
Талай жылдан бері ұрпағы тарайды.
Қаракөзді бұлбұлым бар баламдай,
Әндеткенде таңқалдырған талайды.

Оның әні өзге құстан басқарақ
Жанталасып жүргендей бір жас талап.
Өнерлерін көрсетеді екі айдай,
Ой қалдырып, жоқ болады – қос қонақ.

Орындық бар күрке астында кел, төрле,
Шылым шегем бір әңгіме шертерде.
Екі тұсқа қарап сонда отырам,
Елеңдеумен өлең кеудем ертеңге…

Мынау – үйім, құтқанам ғой еңселі,
Жүр ішіне шақырамын мен сені.
Қарапайым әкем берген лашық қой,
Тым тереңде мұның көңіл өлшемі.

Ең бастысы – мұнда менің жүр жарым
Гүлбаһрам зор бақытта – бір жағым.
Аман қалсам Алла атымен тағдырдан
Сол кісіден басталады жырларым.

Ұзақ жатқам, жиырма жылды өткеріп
Төсегімде талай жас күн шектеліп.
Мені ұмытып кеткенде өмір шет көріп,
Арашаға тұрған жар ғой өртке еніп.

Ұмытайын ол күндерді мен қалай
Әкем ерте кеп жүретін таңдар-ай!
Қара пима қолтықты жеп қос балдақ,
Әрең жеткен осы үйіме жолдар-ай!..

Гәкку мен Дос құдай берген қос балам
Осы арадан үлкен арман бастаған.
Алыста жүр азамат боп бүгінде
Бірі – ұстаз, бірі – актёр қос тарам.

Біздің әулет – жүзіп жүрген бір кеме,
Қабанбайдай рухым тұрған іргеде.
Әкем – Құбаш абыз еді жарықтық,
Жұққан шығар қос балама бірдеме.

Солай, біздің сырға толы бөлмеміз,
Жырмен емдеп дертті талай жеңгеміз.
Дастарқаны Гүлбараштың жадырап,
Талай тәтті шақтарды да көргеміз.

Нұр төгілген төрт терезе тұсымнан
Өлең құсты талай рет ұшырғам.
Елу үш жыл келем досым ұйқысыз,
Көзімде – жыр, тыным таппай – ішімде ән.

Домбыраммен сонда бәрін ақтарып
Барып қайтам ойды бала шаққа алып.
Түзу шығу үшін үйім түтіні,
Отырамын ертелі-кеш от жағып.

Кім біледі тағдырымды алдағы
Қоңыр ғана, тірлік осы қолдағы.
Елім аман, ел ішінде біз аман,
Әкем жеткен – жасқа жетсек болғаны…



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бір сәт

  • 0
  • 0

Күндер бұл – өзім де көп түсінбеген
Қауызын гүлдер әлі түсірмеген.
Жазуын дүниенің дұрыс көрмей
Азуын қайрап жатқан ішімде өлең.

Толық

Фариза әпке!

  • 0
  • 0

Сіз келіпсіз...
Ал мен үйде толғанам.
Кімнен көрем бір бақытты қонбаған.
Ылғи екеу боп тұрады жол маған,

Толық

Анашым

  • 0
  • 0

Сағындырып тағы жетті сары күз,
Ақжауынмен езіліп тұр жанымыз.
Алма ағашпен бір балаңдай аулаңда,
Жазмыш қой жылап тұрмыз тағы біз.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер