Өлең, жыр, ақындар

Ақындар

  • 28.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1057
(аударма)

Қала шеті - саз, мейлің батпаққа бат,
Тұрды акындар үйлерде бұл жердегі.
Көргенде олар бір-бірін асқақ қарап
іштерінен менсінбей жүргендері.
Қызықтамай жаңа үйді, жаңа жерді,
ақын біткен атырар бақыт таңын
столынан бас алмай,
қала берді
шарап ішіп өткізіп уақыттарын.
Ішкенде - дос бүкпесіз сыры, жаны,
тіл күрмеліп, мылжыңдап түніменен,
Сосын іске жан салып жұмылады,
толғатады, туады сұлу өлең.
Ес жиғанда көз тігіп тұрар көлге,
Маңғаз төбет секілді мақұл бәрі.
Елең етіп көлденең бұраң белге
тұтқындалып қалады ақын жаны.
Армандайды ғажайып заман жайлы,
баспадағы жандарды қараңғы деп
бір ауыздан косылып жамандайды.
Гүл үзілсе мұңайып қалар жүдеп.
Тұрды осылай ақындар, оқырманым,
сен ойларсың: «Әуре,— деп,— мұның бәрі,
жайлы, қамсыз тірлікпен отырғаным
артық менің,
құрсын бұл ғұмырлары!»
Жоқ, оқушым, сенің бұл ақыл-ісің,
қамсыз, топас тірлігің — қиын маған.
Жайлы заман, бүлт, бұрым — ақын үшін,
Саған оны ұғу да бұйырмаған!
Әйелің де жаныңда, тоқ көңілің,
ризасың, тірлігің тым жайлы да.
Басады ақын ішумен от көңілін,
заңдарыңды, шартыңды ол ұрмайды да!
Мейлі өлейін төбеттей тас түбінде,
өмір мейлі таптасын жерге мені,
Сенем: құдай ақ қарын шашып бірде,
Аймалайды бораны емдегелі.
***
Еске алам бәрін тамсана,
Іздемен басқа тағдырды,
Ғашық боп жүрек қаншама,
Ақыл да отқа жандырды!
Бақыт пен азап іздері
Қалса да сонау от күннен,
Өпсе де талай мұз демі,
Өңімді берген жоқпын мен.
Азапқа сені салсам да,
Бір болу бізге жазылған:
таппаған іздеп қаншама
шындықты көрем назыңнан.
Қадалса көзің,
жүрек те
Тулайды толқып өр әнмен,
Бұрқасын түнгі түнекте
Тұншықпай келем содан мен.
***
Тағы да жастық жылдардай
өртенген сезім, от мінез.
Бақыттың шамы тұр жанбай-
Енді оған сенер өтті кез.
Қауіпті жылдар кетсін де,
Сау қалсаң содан болғаны,
қолыңды сермеп шексізге
қаласың құстай тордағы.
Сезесің сонда бақыттың
жоқтығын, тіпті, жалғанда.
Аздығын мүлде уақыттың
жетуге жалғыз арманға.
Шабыттың кешіп шалқарын
шалқыған шақтар сендегі –
тараған содан дарқан үн
ұласар әнмен жердегі.
Бақыттың дәмін татып па ек,
Кеш ұқтық бәрі жалғанын.
Аталып кеткен бақыт деп
балалық шақтың арманын
***
Көркіңмен, не сөзіңмен, қылығыңмен
мені арбай алмайсың сен бұрынғыдай:
басқамын түсініксіз сыры мүлдем,
өлік боп өткіземін ғұмырды ұдай.
Өткізіп түс көргендей өміріңді,
Өбеді сені уақыттың тосын демі.
Түсіңде үш күн, үш түн өлігімді
күзетіп,
жерлейсің сен сосын мені.
Қиялдап, нәр аласың содан әсем,
тағдырды қарғап кейде түнересің.
Түсіңде керген менің молама сен
барғыштап, неше түрлі гүл егесің.
Қырқыншы, тоғызыншы күн өткенде
көлеңкем келер саған — түрім жаңа:
көрікті, бірақ өлі жүрек те, өң де –
күткенің сол еді ғой бұрында да?!
Қайғыдан кемілсе де қанша арманың,
басқаша өмір сүргің келер әлі.
Іздерсің әсемдікті, аңсар жаның —
ойламай сұлулықтың неде мәні.
Сонан соң көптен күткен ол келеді,
Оятып ұйқы-өмірден қалғып өткен.
Сен үшін әлем бір сәт өзгереді,
Жұмаққа бастағандай соңғы көктем.
Сол күні, жаңа досың келген күні
батқанда сен рақат елес-түнге,
таба алмай жанашыр жан жерден тірі
өлемін керексіз боп мен ешкімге.
Сен мені ұмытасың, моламды да...
бір күні ойда жоқта жалығасың.
Құшқанда ол — көкірегің толар мұңға,
сол кезде мені қайта сағынасың.
Алқынып, дауа таппай басқалардан,
жер-көктен мені іздейсің аласұрып,
не пайда, жақындамай қашқан арман
түндерді өткізесің таң асырып.
Қарғарсың азаптарды мұң жамылған,
сүйе алмай өмір бойы басқа жанды,
Нәр алып менің отты жырларымнан
өтерсің кейде жуып жас жанарды...
***
Суықсың деп қоймайсың сын да тағып,
Рас, ондай болмауым намыс маған.
Біреулермен достасып, жылмаң қағып,
жүру үшін тағдырмен алыспағам.
Сен өзің де бір кезде басқаша едің,
жұлдыз санап болжаушы ең алдағыны;
Түндер-түнек, шағылып тасқа сенім,
қашан келер — белгісіз — таң жарығы.
Сол болжамың түп-тура келді бүгін:
жапты әлемді тағылық түн-тұманы,
дүниені басқандай шерлі бір үн,
алда жалғыз сәуле жоқ, бұлт ығады.
Ұқпайтындар жұлдыздың жұмбақ сырын
мынау қапас түнекте тұншығады.
Келер түннің өзінше қымбаттығын
білмегендер ызадан құлшынады.
Үміт, сенім бар кезде артта қалған
мен де өзіңдей сенгіш ем, жарқын едім,
сескенбеуші ем өсектен, мақтаулардан,
тек жақсылық істеу-ді - бар тілегім.
Енді түк жоқ жанымды емдер менің,
Үміттің де жыраққа кетті лебі.
Құшақ жайып бір кезде сенгендерім
сырт қарауға мәжбүр етті мені.
Сол кездерде өртеніп, алып-ұшқан
сүюге де сенуге құштар жаным
кетті өртеніп бұл күнде жарылыстан,
сеніміме ілесіп ұшты арманым.
Енді менде қалғаны:
денем, жаным,
мұң, үнсіздік және де жас қуатым –
жандандырып тойымсыз әйел қанын
хайуандай аранын аштыратын.
Қақпа емен есікті:
құр алданған
көңіліңді қалдырма, келме, әрі жүр.
Бір кезде адам аталған бұл аңдардан
жанашырлық таппайсың сен бәрібір.
Біреулерге жалынып, қиылмай тым,
түзу жүргін шын адам болам десең.
Күйкі өмірлі пендеге бұйырмайтын
күзет жұмақ есігін одан да сен.

АЛЕКСАНДР БЛОК



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жеңімпаз

  • 0
  • 0

Төрт жылғы соғыс жанына
салғанмен талай жараны,
орыстың жері тағы да
гүл атып, бүршік жарады.

Толық

Қазақтың дәстүрлері

  • 0
  • 0

Қазақтың дәстүрлері
Қазақтың әдеті көп дәстүрі мен,
мен-дағы оның бәрін жақсы білем.
Фариза Оңғарсынова

Толық

Қуанышты мендегі

  • 0
  • 4

Қуанышты мендегі
сенің қайғың улайды.
Ешбір адам жердегі
білмейді бұл мұң жайды.

Толық

Қарап көріңіз