Тірлік нәрі – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Тірлік нәрі» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 19.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1482
Қандай ғажап біреуді жақсы көрген,
жақсы көріп, сенделген тасты жолмен;
рақаттың уымен өлең жазған;
бала өсірген немесе бас жіп өрген!
Күліп сайран салғандай Күн –кемеде,
бір құштарлық болмаса бұл денеде,
өмір емес өмірің, құламасаң
өліп-өшіп, әйтеуір, бірдеңеге.
Жабысқанмен соншама сағыз-жала,
қалар мәңгі уақытта нағыз дана.
Адамзаттың өмірін мәнді етер тек
құштарлық пен адамдық парыз ғана.
1991
***
Кездер-ай жұмақтай боп жарық ғалам,
қиялдың қанатында қалықтаған.
Кіршіксіз көңілі ортақ достарыңмен
ән салып, сырласудан жалықпаған!
Кездер-ай күпті, күдік ойдан аман,
жарқырап жаның бейне тойдағы адам.
Жат болып бір кездері кетерміз деп
ешқашан сезінбеген, ойламаған.
Татулық болатындай басқаға үлгі,
кездессек енгендей ек баққа нұрлы.
Темір тор құрсаулайды жүрегімді
сағынып сол бір қамсыз шақтарымды.
Есімнен сол кездерді кетірмедім,
іздедім ұмытсам деп не түрлі емін.
Құбылған дүниеде өзгермеу де –
күнә екен, соның ізі – бетімде мұң.
1997
***
Кездеспей жан мен ойы сұңғыла жан,
мен жиі жалғызсырап тұнжырағам.
Бойымды үйретер кез болса-дағы
үмітке жерік көңлі құрғыр алаң!
Шағылып тауым әйел, еркегінен
пенделік қылықтардан жеркеніп ем.
Көңілім қалған талай
адамдардан
ойы да, сезімі де келте кілең.
Түңілсем сөз бен ісі жалаң жаннан,
көрінер түйсіксіздей тәмам жалған.
Мен бірақ түңілмеймін
жүрегімен
халықтық әнін салған адамдардан.
Мәңгіге күнің шығып тұра ма алдан —
құлжадай құздан тайған құлар арман.
Мен бірақ түңілмеймін
жат біреудің
қосылып қайғысына жылағаннан.
Өз балам, өз жайым деп күбірлеуден
аспайтын адамдардан түңілген ем.
Мен бірақ үміт күтем
жылап жатқан
сәбиге жаны шығып жүгіргеннен.
Мен талай құлазығам, күдіктенгем.
Жанымды жарақаттан тіліктенген —
келемін жер бетінде
жамап, жасқап
осындай күміс тінді үміттермен.
1985


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Тірлік нәрі өлеңінің авторы кім?

Фариза Оңғарсынова — осы өлеңнің авторы.

Тірлік нәрі өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Тірлік нәрі өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Фариза Оңғарсынова өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Тірлік нәрі өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері