Мүшәйра
Туған даланың таңғажайып тарихы бар. Соның бірі мынау: Түркістаннан Отырарға барар жолда кішігірім тау болған екен. Оны халық кезінде «Ақынтау» деп атапты. Ғасырлар мүжіген тау жапырайған төбеге айналыпты. Қазір ол жерді «Ақынтөбе» деп атайды.
Тіл өнерін адам болмысымен пара-пар қойып келген халқымызда: баяғы замандарда жыл басы - Науырыздың алғашқы күнінде туған топырақтың атышулы ақындарын осы «Ақынтауға» жинап, жыр жарысын өткізетін дәстүр болған екен дейтін аңыз бар. Сонда ең әуелі бас төреші - Абыз сөйлейді екен: «Халқымның қаймағы сендерсіңдер, ақындар! Аспан Жермен теңеліп тұрған осынау күні көңілдеріңдегі тұнған сырдың тұма бұлағын ағытыңдар. Жер, ел, адам туралы кімнің не айтары бар - іркілмей жеткізсін мынау халыққа!»
Сол сол-ақ болса керек, жыр бұлағы жан-жақтан саулап құйылады екен.
...Сол жерге мінажат етіп, топырағын басқан сайын кемеңгер карт Абыз бен ақындардың үні құлағыма талмаурап жетеді.
БІРІНШІ АҚЫН: Түйе жүн шекпенді иығына іле салған, айыр қалпақты ысқаяқ қара ойқастап ортаға шықты.
Не қасиет күтерсің бүгінгі елден:
жасқаншақтап күйеудей ұрын келген,
айтар сөзін көмейге көміп қойып,
күн кешеді қорқумен, дірілдеумен.
Қайда кеткен әділдік - асыл қылық
көр кеудені өртейтін ашындырып?
Кімді көрсең бұғады, шындықты айтса,
кететіндей біреулер басын жұлып.
Қазақ деген елміз деп, халықпыз деп
өзеурейміз жердегі алып біз деп,
Жыр жазуға мадақтап теңеу таппай,
сандаламыз шарқ ұрып, шабытты іздеп.
Жайсаңдарды боларлық жатқа да аңыз
от басында мадақтап мақтанамыз.
Сосын сұңқар топшысын тайдырамыз
шырқауларға самғайтын шақта нағыз.
Сонда амалсыз қарманар алып, мықтың,
сонда бұлтпен торланар жарықтық күн.
Ұмытамыз ұлыны мойындаудың
шын сипаты екенін халықтықтың.
Сол сипатсыз (жүрсек те тыраштанып)
қиыр қайда - қарға адым қыр аспадық.
Көгорайлы жағасыз көлдерді де
қапелімде жұтады құмақ, шаңыт.
ЕКІНШІ АҚЫН: Орақ тұмсық, шегір көз сары нық басып ортаға шықты да, алдымен домбырасының құлағын бұрады.
Жағымпаздық жайында жаңарды ұғым,
ондай дарын болмаса, қараң күнің.
Намысқорлық, туралық, адалдықпен
ақымақ боп көрінер адам бүгін.
Биліктінің алдында жалпаң қағып,
емеурінін ернінен қалт аңғарып,
елпеңдейді тіл қатпай құрақ ұшып,
аузын ашса қалардай талқандалып.
Арқандалған бұзаудай, алыс бармай
би-болысты маңайлар қалыс қалмай.
Көзге түсіп, шықпаса көңілінен
жерге тығып байғұсты жаныштардай.
Мықтысының алдында - бір ақ күшік,
ал, басқаға жатпайды құлап түсіп.
Күні түспес жандармен қол алысса,
тұғырынан кетердей жыраққа үшып.
Біреулерге жорғалап ала құрдай,
біреулерді жерлейді таң атырмай.
Жылы орнына жабысып, жалғыз өзі
бұл өмірде мәңгілік қалатындай.
Ерлер деген осы ма, жігіт деген?!
Мәрттік іздеп мен бекер үмітке ерем.
Жалтақтамай таратар жақсылығын
жайсаң жандар жоқ па деп күдіктенем.
ҮШІНШІ АҚЫН: Қою мұртты, иықты жігіт мысқыл жүзбен күлімсіреді.
Япыр-ай, мына ақындар алжасты ма,
ұқсай ма адам біткен албастыға?
Болмаса бозала таң түнге айналып,
шынымен дүниені шаң басты ма?
Ақыным, табаныңнан жер қашты ма,
жоқ әлде жұрт жаман да, сен жақсы ма?
Жалғаннан бір жақсылық көрмейтіндей,
көзіңнің қарашығын шел басты ма?
Сен жалғыз данышпан да, жұрт надан ба?
Байқамай өз өтіңді ұрттап алма!
Жылы жай Жер-бесіктен таба алмасаң,
мекенде жалғыз өзің бұлтқа бар да!
Мүжисің, мінейсің де жұртты жонып,
тұрған жоқ өмір сенше тіпті де оңып.
Халқың да - халық емес, тобыр екен –
ал өзің қайдан шықтың мықты болып?
Сөйлейсің палуандай мықын бермей,
еркінсіп жүр екенсің үкім көрмей.
Тастап ең не тындырып бұл жалғанда,
бетіне бүкіл елдің түкіргендей?
Төреші өзі берер жырға баға,
халқы үшін небір дана ұл да - бала.
Біреуде өшің бар ма, ызаң бар ма –
ол үшін бүкіл елді былғалама!
ТӨРТІНШІ АҚЫН: Төбесіне зер төккен қама бөрікті, сұңғақ бойлы ақын, ақ жібек шапанын желбегей жамылып қыр көрсеткен кейіппен ортаға беттеді.
Бұл күнде таңдану аз таңдай қағып,
сәби де біліп алған бар жайды анық.
Адамның бәрі ақылды, бәрі тұлға
шашардай дүниеге жанбай жарық.
Бала мен әкенің де ара жолы
барады күннен-күнге шалғайланып.
Алдында адамның да жолы асқарлы
табыну, бас ию де оғаш қалды.
Әркімнің көсем де өзі, құдай да өзі,
сезінер жан жоқ өзін қораш, жарлы,
сол ғана жұмыр жерді дөңгелетіп,
тұрғандай жалғыз тіреп көк аспанды.
Күнді де бұлт қамайды мылқау бұл деп,
жерде де асылдарды құртар күндеп,
көп жабы көлденеңдеп көсілгенмен,
қадірін серіктестің тұлпар білмек.
Қарға да қанат қомдап қарқылдайды
несі артық менен осы сұңқардың деп.
Сиқырлап сылаң қағып, өмір-жеңге,
заман да құбылтады өңін демде.
Адам да жүгені жоқ жүйрік аттай
құз асып құштыратын жонын жерге.
Осылай көзсіз өтер құйын күндер
қастерлі күш қалмаса көңілдерде.
БІРІНШІ АҚЫН:
Жақсы деген ұғым да тайғақ бүгін:
әділдікпен кетсе де аймаққа үнің,
жексұрын ат жамайсың қапелімде,
шықса болды бір жаман қайрап тілін.
Шапшып сонда ортадан түтін кері,
жайсаңдарды жалмайды үкім демі.
Ел ардақтар қасиет-қадіріңді
күл қылады күншілдің пікірлері.
Пікірлермен пішілер тағдырың да,
сыймаса да сыясың «заңды» ұғымға.
Сосын жұртқа бәрібір -
басың қатып
тар қапаста қалдың ба, қаңғыдың ба.
Өмір-соқпақ бойында жортар әркім,
мәнсіз бірақ өз орның, жол-таралғың.
Күнде бәсің құбылар
көңілімен
аума-төкпе мінезді орталардың.
Мұрша болмай бұл жайлы тартар уайым,
(жайың да жоқ шығарар әр қалай үн),
күні өтуде жақсының, жалқының да
буырқанған көлдегі жаңқадайын.
Түсініксіз заманда түсі мүлдем
азап - қалу өз болмыс, мүсініңмен.
Адам бүгін
жанартау орнындағы
кеуек тастар секілді іші үгілген.
БЕСІНШІ АҚЫН: Тақиялы, дембелше толык жігіт ала шапанның сыртынан белін патшайымен буа салыпты, төмендегі халыққа домаланған күбідей көрінді.
Көп жандардан менің де сағым сынды-ау,
(азап екен әр неге жаның сыздау).
Адамдардың кәсібі - алшаң басып,
ой-теңізден жырақта қарын тырнау.
Малмен бірдей тірлігі - нұрдан жарық
(жүреді екен жарылмай мұңнан неғып?).
Біреу өліп жатса да, жайбарақат
тұрғаны сол түйсіксіз ыржаң қағып.
Жақсыға да бас иіп, жаманға да,
сарқылмастай дария бар арнада,
айтары жоқ есуас заманға да,
оған - күшін көрсеткен адам - дана.
Бұлт алса да Күн мен Ай, шың-қияны,
оған жайлы - құшқандай нұрлы ұяны.
Келеке ғып өзіне күлгендермен
қосарланып өзі де ыржияды.
Есалаңдай әр затқа таңдай қағып,
ой-сезімнен осылай шалғайланып,
дулығалы дәуірдің дүмпуінен
адам бара жатқандай малға айналып.
Пайымдауға мұрша жоқ - заман-құйын
шырқ үйіріп шырмайды адам миын.
Мықты болса ерлерің, қу жалғанның
неге талқан етпейді қараңғы үйін?
ҮШІНШІ АҚЫН:
Қадір қалмай талант пен өнерде түк,
өмір кетіп барады өлеңдетіп.
Адамдар жүр жердегі адам құнын
жылдан-жылға өздері төмендетіп.
Жаныңа үміт құймасын жалын сенім,
қадіріңнің өлшемі — тағың, шенің.
Билік болса болғаны қолыңда тек,
көк тиындай қажетсіз арың сенің.
Қажет емес ақылың, адалдығың,
оларменен артпайды бағаң, құның.
Бір биліктің құлағын ұстау үшін
дайын қандай іске де адам бүгін.
Құрығы ұзын адамның құны да артық,
құны артықтар жүзінде нұры қалқып,
күлімдесе - көн дала көл болады,
қабақ шытса - демінен шыны балқып.
Биліктіге бәрі дос, бәрі жақын,
биік те сол - көп жандар табынатын.
Жекжатына сол жанның жарбақтайды
келе алмаған кейбіреу жанына тым.
Күш, билігі болмаса данышпан да
адам емес - басынан бақ ұшқанда.
Ожау ұстау - бәрінің мұраттары
әңгі есек пе, атан ба, арыстан ба.
АЛТЫНШЫ АҚЫН: Ұзын сирақ сары әуелі жөткірініп алды.
Бұл не деген зәрлі ашу
жас кеудеңді жайлаған?
Өмір - сенше арбасу,
тұман, түнек – айналаң.
Өзімшілдік - сырқаумен
жанның бәрі ауру ма?
Сенше - адамдар мылқау, кем,
елеңдескен даң-дұңға.
Халық деген тобыр ма
ойсыз, ессіз сабылған?
Басқа бар ма колыңда
безінердей бар ұлдан?
Біреулер бар -
маңына
тұрады уын шашқалы,
өз мұңы үшін тағы да
кіналайтын басқаны;
күндіз, кешке, не түнде
тарқамайды бұлттары,
оны бақытты етуге
міндеттідей жұрт бәрі.
Жұртқа шашып зар-мұңын
демей «маған аспан тар!»
Өмір, заман – барлығын
адам өзі жақсартар.
ЖЕТІНШІ АҚЬІН: Жар қабақтың ылдиынан шүңірейген көздері жұртқа емес, әлдебір нүктелерде аялдап, ұзын бойлы, толық қара, торсық қарнын көрсетейін дегендей шапанын ашып тастаған.
Іздейді адам әділет қоғамдардан
(қанша жанып, қаншама жоғалды арман).
Қиялдайды, құлайды, күреседі,
өзгертердей ағысын содан жалған.
Мін тағады билікті тұлғаларға
(кінәмшілміз өшкенше нұр жанарда).
Шарқ ұрумен келеді адам әлі,
жұмақ бардай саялы тұрған алда.
Мынау жалпақ жалғанда келбеті кең
мен де шындық іздеумен ержетіп ем.
Жетіспейді әділет. Бұл тапшылық
кеткен емес ешқашан жер бетінен.
Ал мұқтаждың қашан да күні қараң,
күні қараң болған соң ғұмыры алаң.
Ақиқат деп жұлқынып, ақырында
айналады ортаның құлына адам.
Жер бетінен сан саққа ой қашқалы
әділет деп адамзат ойқастады.
Шатқаяқтап шындықтың шатқалында,
көмді бәрін өмірдің қой тастары.
Шындық үні шарықтап шырқар ма алға,
жерде әлі де зұлымдық-қылқан барда.
Жөнге салар ер қайда
асау заман
ақиқаттың жолынан бұлтарғанда?
СЕГІЗІНШІ АҚЫН: Қиық мұрт, ақ сұр кісінің омырауына зер төккен көк пүліш шапанынан, үкілі домбырасынан, қимыл жүрісінен жұрт сері деп қабылдаса деген ниет сезіледі.
Адам алаң әр неге, сана да алаң,
алаң тірлік ақылды тағалаған.
Су тартыла бастаған қара жердей,
ой-теңізден жырақтап барады адам.
Ұран шықса, адамдар бас бұрды ма –
ұмыт қалып елдік пен дәстүр, мұра
отқа-суға түседі,
отар қойдай
су көргенде елемес қасқырды да.
Жайдақ судай кезетін жайылманы,
аттандасаң - ат ерттеп дайын бәрі,
айбалтамен жүгіріп аңқауға да,
тойдан кейін толысар пайымдары.
Тойса болды - төгіліп тегенедей,
жүгір десе жүгірер неге демей.
Ой өрісі ортайса, адамдар да
көгі көктей бастаған керегедей.
Жалтылдақтың барлығы сананы ұрлап,
тотығады тасада дара қымбат.
Ақыл көндей күстеніп бара жатса,
киесіздей көрінер ана құндақ.
Ой жүгіртіп, әуелі мұны ұғынбай,
жер бетінде тірлігің, ғұмырың жай.
Сана күңгірт ортада, сезімдер де
жылы үйде өскен жемістің шырынындай.
ТОҒЫЗЫНШЫ АҚЫН: Аласа бойлы, мығым денелі ақ сары жүзінде ұяңдық табы бар.
Ақындықтан не пайда,
сөз ұғар елің болмаса;
батырлықтан не пайда,
жеріңді жаулар торласа;
қасиетіңнен не пайда,
қадіріңді білмей қорласа;
өсиетіңнен не пайда,
есі бар ұрпақ болмаса;
тереңдіктен не пайда,
бойлайтын ешкім болмаса;
кемелдіктен не пайда,
ойлайтын естің болмаса.
Ардақтар сөздің асылын
ежелгі қазақ халқым бар.
Ойнатып жырдың жасынын
ақының кездей жарқылдар!
Қазақта өнер алдында
тоқтаған не бір мықты адам.
Ақ отау тігіп шалғынға
ақынның көңілін жықпаған.
Халқым бар кемел, кең іргем –
ақында болмас жол басқа.
Ардағым деген елімнен
айналып кетсем болмас па!
АЙСАРА: Қос етек ақ көйлектің сыртынан қынама бел кызыл кәмзол, басына үкілі тақия киіп, үкілі домбыра ұстаған бидай өңді келіншектің жүзінде менмендік басым.
Көп жайларды білмейсің, айнам, әлі.
Бұл заманда еркек жоқ. Майда бәрі.
Ер-азамат тірлікке тірек деген –
адамдардың желбуаз жайдақ әні.
Қайда әйтпесе ақ алмас қылықтары
ер жігіттер
- халқының үміт, қаны?
Қайда, қайда қуғандар ата жолын,
отыр ма әлде бір сайда бұғып бәрі?
Бұл заманда ер жайлы түсінік кем.
Ерлік пе екен білекке күш іріккен?
Азаматтың деңгейі өлшенеді
кесек турар мінезбен, кісілікпен.
Бөріктілер жетерлік, рас, мұнда:
кісімсіген шетінен тыраш «тұлға».
Өсек-аяң бүгінде — ердің ісі
қашан әйел қалғалы қыр астында!
Ертегі бай өр тұлға батыр ұлға,
ондай ерлер бұл күнде жат ұғымға.
Қайда әйтпесе жігіттер намыс үшін
ұмытатын өзін де, жақынын да?
Қыбыр тірлік. Айбынды үн күй ақтармай
күн көреді - жігітке ұят қандай!
Еркектер жоқ, құландай кең даладан
ауып кеткен тігерге тұяқ қалмай.
ОНЫНШЫ АҚЫН: Қошқар мұрынды, жирен шоқша сақалы ойлы қой көздерімен жарасым тапқан тығыншықтай сары бұлбұлша сайрап қоя берді.
Адам жайлы жаңа бір шықты да ұғым,
былай қалды адалдық, мықтылығың.
Адамдығың, талантың, болмысыңмен
таңдандыра алмайсың жұртты бүгін.
Ауру шықты әдейі мақтау деген
(бұл мақтаудың мәні бір даттауменен).
Өлгенде айтар сөзді естіп, аң-таң қалып
өзіңе-өзің қарайсың — сап-сау денең.
Адамдар аз ісіңнен дәті қайтып,
жаны ашитын қатеңді батыл айтып:
отырғызып өзіңді қарсы алдына
мақтайды кеп көзіңді бақырайтып.
Мақтау сүйсең - қажетсіз ақыл мықты,
таста бәрін - әділдік, батылдықты,
еңбегіңмен абырой табам деме –
мол дастарқан жай дағы, шақыр жұртты.
Сонда бәрі жиналып гуілдесіп,
мес қарынның қамымен ғұмыр кешіп,
бірін-бірі атарға оғы болмай
отырса да, өтірік күлімдесіп,
мақтар дейсің сені де, бір-бірін де,
тек көңілді таба біл құр жүгірме,
данышпан боп шығасың,
жалғыз өзің
жұмыр жердің тұрғандай кіндігінде.
ОН БІРІНШІ АҚЫН: Маңдайы жалтыраған салпы ерін қара сөз алды.
Нұрын төксе Ай, Күнім,
асыр салған тай, құлын,
төрт түлігім тең өсіп
асып жатыр байлығым.
Жау жасқанған
көргенде
батырымның айбынын –
елдігімнің сөзбенен
тізе берем қайбірін.
Қазақ қазақ болғалы,
қазақы ерге қонғалы
оңнан, солдан, бүйірден
тиісуге шүйілген
дұшпандарым оңбады,
ерімді - елдің қорғаны –
аруақтар қолдады.
Мынау жатқан мол далам
жортып жүріп қорғаған
батырларым жоқ па еді?
Шешен сөзге келгенде
жауар бұлттай торлаған
ақындарым жоқ па еді?
Ел тағдырын толғаған
дана ақылды қария -
шың-құздарым жоқ па еді?
Өнерімен ел сүйген
ұл-қыздарым жоқ па еді?
Мұның бәрін ескермей,
жалғыз бейнет кешкендей
сөз сөйлейсін дес бермей
ақынмын деп!
Ұят-ау!
Желікпегін - сендейді
талай көрген мына тау!
ОН ЕКІНШІ АҚЫН: Алтын зерлі қара мақпал бешпетін жібек белбеумен қынай буған жұқалтаң сары кекірейген күйі үкілі домбырасын қағып-қағып жіберді.
Бір құзырға тап болдық санадағы
(өзі әуелі ерлерден таралады).
Жұқпалы дерт жайлап ап жердің бетін
тұқым қуып қуалап барады әлі.
Осы бір дерт у-зәрін қанға жайды,
тәуелді оған жас-кәрі, жандар әйгі.
Атағың мен орныңа түкіретін
ажал сын-ды, ол да адам тандамайды.
Қанша мықты болса да өмір-көген,
бұл ауруға қонбайды көрінген ем.
Әуелі уын жайып ап, өлтіреді
ұзақ азап шектірер өлімменен.
Азаматтың билейтін еркін үнін,
жерлестік пен қандастық дерті – мұным.
Ауылының итін де арыстан ғып
ұстатқысы келеді ел тұғырын.
Бұл ұғымға келгенде нақ сүйерің,
досың - бәрі итіндей жақсы иенің.
Білу үшін тұқымын шұқиды жұрт
қазып бабаларының бас сүйегін.
Осы аурудың әйтеуір беті жаман,
екі талай адамның кетуі аман.
Егер біреу сау қалса, ол бейшара
улы ауада деміккен жетім адам.
ОН ҮШІНШІ АҚЫН: Тышқан көз, тәмпіш мұрын, жылтыр қара әуелі қоңыр домбырасын күмбірлетіп күйге келтірді.
Бұл қазақ бармағанмен Айға, алысқа
(жерінен ұзатпауға ол айлалы ұста!),
жасынан жүйрік аттың жалында ойнап,
бір-бірін жібермеген жай жарыста.
Жүрсе де жерін қорғап жортуменен,
керемет қызығамын сол күнге мен:
қарамай түр-шеніне қонағының,
күтетін қызындай ғып төркіндеген.
Бұл күнде басқа, әрине, салт-сана шын:
қонақтың білмесе егер шақ-шамасын.
ас қайда — сәлем де жоқ! Шапан түгіл
шай ішпей бір ауылдан аттанасың.
Болғанмен аспан ашық, заман шамдай,
әйтеуір мәрт мінезден адам шалғай.
Елейтін ел бар ғой деп жолға шықпа
алдымен ат шаптырып, хабар салмай.
Әуелі айтқызып ал бір үлкенге
(онысыз қимылдамас жұмыр пенде!)
ел сонда елеңдейді алдан шығып
бәрібір - болсадағы құның - теңге.
Толғанмен бас - білімге, дала - шуға,
тұрғандай адам бүгін тар асуда.
Елдің де, даланың да басы айналып,
бар қадір-қасиеттен адасуда.
ТӨРТІНШІ АҚЫН:
Қол-аяғым бұғаусыз, қамауда емен,
өлсем ғана қамауда қалар денем!
Сөйте тұра тірлікте өз тағдырын
өзі ешқашан шешпейді адам деген.
Қайғы да жоқ салынар зарлы мұңға
(дейміз содан шуақты таңды жырла),
сөйте тұра басқаға тәуелдісің,
біреулердің қолында тағдырың да.
Жоқ өмірдің түзу не қырын шағы,
жер бетінде жанғалы ғұмыр шамы,
адам басы - Алла емес, адамдардың
көңіл соқса ойнайтын қуыршағы.
Іс қылсаң да барша жұрт сүйінердей,
жағу үшін ешкімнің үйіне енбей
жүрсең де өзің, талайың таспен бірдей –
отырса егер тақсырдың күйі келмей.
Өмірге ендің - ендеше жүгенделдің,
(мен де талай бұлқындым, жігерлендім),
бірақ әр кез тағдырың шешіледі
қолыменен кездейсоқ біреулердің.
Айдарыңнан ескенмен ғұмыр желі,
ауаны аңсар жаныңның діріл демі.
Тағдырың мен еркіңе билігің де
Ай секілді шыңырау түбіндегі.
СЕГІЗІНШІ АҚЫН:
Билік құрған жандардың күні құрысын:
көрінгенмен сырт көзге тұғырың – шың,
аузыңды ашсаң санайды тісіңді де,
қимылың да бағулы, ғұмырың - сын.
Қында жату жазылған қылыш тілге,
десе де жұрт билік пен ырыс бірге.
Жеген майың желкеңнен шығатындай
қалтылдаумен үнемі қыл үстінде.
Жұрт қарайды бұл бәрін істейді деп,
түкірігі түу десе түспейді деп.
Ал, сен жасар ісіңді жасай алмай
отырасың амалсыз іштей жүдеп.
Кей ісіңе жүрегің сыздап жылап
отырсаң да, жүзіңде ызғар бірақ:
зығыр қайнап, өзіңше аяқ бассаң,
кетерің тұр сол сәтте құздан құлап.
Ұғып, біліп тұрсаң да, ұқпағандай,
жыңғыл сынды бықситын шықта жанбай.
Жанашырың жатса да жардан құлап,
отырғаның қол беріп құтқара алмай.
Қолыңда тұр дегенмен күш садағы,
бұлтартпайды биліктің мыс қамалы.
Аспанға өрлеп қарағай өскен сайын
көлеңкесі солғұрлым қысқарады.
АЙСАРА:
Тағдырына енші боп ғұмыр нұры,
дүниені жасартып сұлулығы,
адамзаттың ұрпағын жалғастырған
әйел - әлем болғанмен шынында ұлы;
жанары - айдын, сезімі - от, пүліш - дене,
өзі - тірлік-сынада күміс шеге,
жанның нәзіктігімен, жылуымен
қасаң, қатал жалғанды жібітсе де;
жасыта алмай тірліктің кесек, селі,
өмір отын жүрекпен көсеп пе еді –
бірақ әйел - ерлердің ұғымында
үй ұстары және де өсек кені.
Әйел тіршілігінің ерде мәні,
ал ер үшін бастысы - өң мен әрі,
оларша әйел затының данасы да
ақыл-ойдан әйтеуір кенже бәрі.
Заты әйелге шың емес, шоқы лайық,
даналық та, жүректің оты да айып.
Аруларға қарайды
бөрік киген
ақымақ та адамдай қоқырайып.
Нәзіктігін жоғалтып ашынды ажар
(аялаусыз ортада асыл да азар).
Адасса адам табиғи қасиеттен
өз үкімін өзіне ғасыр жазар.
ОН ЕКІНШІ АҚЫН: Аққұба жүзі қызарақтап, жас жігіт ортаға ұмтылды.
«Әйел затын ардақтап,
лағындай еліктің,
қызды қорға, арды аттап» -
бұл сөзіне бабамның
бас иіппін, сеніппін.
Айдай ару көріктім,
оймақ аузың шоқ шашып,
сен де бүгін желіктің.
Сөзіңде бар дат табы,
көзге ілмейсің басқаны,
булыққандай ызаға
кімдер сені таптады?
Ақылды әйел - ел көркі,
ауыл-елдің мақтаны.
Бабам қазақ қашаннан
қыздың бетін қақпады,
балапандай баптады,
енді неміз жақпады?
Арғымақтай ойқастап,
қалың жұртқа ой тастап,
сын айтасың заманға,
жанның бәрі арам ба
толмайтындай көңілің
бөрік киген адамға.
Ай болсаң да аспанда,
масайрама, мастанба –
асыл әйел затына
жалғыз өзің дақ салма!
БЕСІНШІ АҚЫН:
Сыймаса да ішіңе сыр ағылып,
жағыңды ашпа - көмейге сынаны жұт.
Шындықты айтсаң болғаны -
бұзақысың,
қылыш алып жан-жақтан шығады жұрт.
Деп жүргенде «билік те, бақ та — мұра»,
бір кіреуке түскендей ақ таңына,
шамданады сен айтқан ақиқаттан
шоқ шашырап түскендей шаптарына.
Деп жүргендер «болмысым — күн арайлы»,
ойланбастан қасірет, күнә жайлы,
шындық-айна жүзінен өздерінің
сиықтарын көргенде шыдамайды.
Сырты сұлу жүргендер тұлғасынып,
жұртты жасқап, өздері қырға шығып,
«мені» жоқты адам деп,
қорғалайды
алдарына жығылса кім бас ұрып.
Шығып алып кездейсоқ қыш тұғырға,
жол бермейді қиялы ұшқыр ұлға.
Жалғандықтың жан-тінін сақтау үшін
кешірмейді шындықтың ұшқынын да.
Заман - толқыны үрейлі, ағысты жар,
жақындасаң жалмайды алыс мұнар.
Шыншылмын деп шамына тие берме -
жалған орта жағыңды қарыстырар.
ОН ТӨРТІНШІ АҚЫН: Сергек қимылды, бұжыр бет, орта жастағы көсе сөз алды.
Жасыл жайлау даламда
қойларым да құнандай.
Жер бар ма екен ғаламда
мұнан байтақ, мұнан бай!
Көңілі тарлар күңкілдеп
сөз сөйлемес жыланбай.
Мыналар кім құр тілдеп
елді, жұртты сынардай?!
Қойсам ба екен бәріңнің
үндеріңді шығармай!
Таңдандырар сыйымен
байлар түгілі қас кедей.
Қай қазақтың үйінен
аттанып ең ас жемей?
Қай ауылға барсаң да –
ақ бауырсақ, сары қымыз.
Аш қалам деп тамсанба –
асқа толар алдыңыз.
Жатыр жайнап жерім кең,
қаймағы елдің бұзылмай.
Ене тату келінмен –
еркелетер қызындай.
Жүрген жандай Күн көрмей,
шатынадың талайың.
Өз еліңді тілдердей,
намыс қайда, ағайын?!
ОН БЕСІНШІ АҚЫН: Сойылдай ұзын, кара торы ақын, ақ сырма айыр қалпақ киіп, қоңыр мақпал шалбарының балағы мен қоңыр шапанының омырауын зерлеген, «менен асқан қайсың бар» деген өпірем ой сыртқа тебеді.
Қорқу керек адамға, қорқу керек!
Жүрегінңің лаулаған өртін бөгеп,
шыбындаған жылқыдай шұлғымасаң,
жатпайды жұрт күшің не көркіңді елеп.
Қорқу керек төрге тез өрлегеннен,
есіктерден оюлап өрнек өрген:
бұлқынғанмен,
бәрібір жер үстінде
сұсты ортаның ырқына көнбеген кем.
Кімді көрсең жалпаңда жатып алмай,
өзі түгіл қорық сен атынан жай.
Сескен, кіріп келгенде, тік қарамай,
сызданғаннан
өткізген заты бардай.
Үлкеннен бе, болмаса, кішіден бе –
қорқу керек көз салмай түс, іреңге,
Қорқу керек сыбырға сергек үйдің
сыр алғызбас сыртынан, ішінен де.
Жығыла түс жүрсе егер жасқап әркім,
бас көтерсең бейуақта басталар мұң:
еркіндігің, табынбас болмысың да
жынын құрыстырады басқалардың.
Салмағыңмен қаласың жар аса алмай,
қалықтай бер қаңғалап дара шардай.
Қорқу керек,
өтуге бел бумасаң
қарақшыдай кақиып аласармай.
ЖЕТІНШІ АҚЫН:
Атыстар жоқ шаршайтын сана қажып,
бұрынғыдай аспан көк, дала жазық.
Заман тыныш, ел күйлі болған сайын
бара жатыр әйтеуір адам азып.
Баяғыша атуда жарық таңым,
естілмейді қайғыдан тарыққан үн.
Бірақ адам жоқ бүгін даналықпен
шын ойлайтын ел мұңын, халық қамын.
Бұл заманда бір ғана жыр бар жұртта:
«баю, озу жолында сыннан бұқпа».
Туысы мен танысы өсу үшін
адалдарды шалады құрбандыққа.
Ұмыт болып биік ой, асқақ арман,
мұрат - байлық асыру басқалардан.
Жан мен ардың тазалық, мөлдірлігі
аяр, алтай түлкідей қашқан алдан.
Жанашырлық бұл күнде торда жылап,
қамқор болу қарымсыз - ол да жырақ.
Ешкім қолын бермейді - өтеді аттап
жолда біреу жатса егер орға құлап.
Шоқығандай сұңқарды тәмам қарға,
адамдықты төпейді заман-балға.
Қайдан өнер кісілік, пейіл-бұлақ
бара жатса тартылып адамдарда?
ОНЫНШЫ АҚЫН:
Жаппай жұрттың бәріне ұнау қиын
(тырысқанмен артпайды бұдан күйің),
бар адамның көңілін табам десең –
мазмұныңда мән қалмай, шығар шиің.
Момын жүрсең көшке ермей қара жолда,
«байғұс» атын тағады саған онда;
жарма мінез ақ болсаң - ақымақсың,
ондайлар да ұзамай қалады орда.
Сен ақылмен, ісіңмен дараланып,
ерек сыйлай бастаса қара халық –
тірсегіңнен тартқылап,
табалаумен
таң атырмай қояды саған анық.
Жақсы болу... Бағзыда өтті ол ұғым.
Маңайламай күншілдің от қорығын,
жұртқа жағар жақсы боп қалғың келсе,
жүр ортада бірі боп көп торының.
Сонда адамның ерекше күйі мүлдем:
тілеулестер жүреді үйірімен,
жауларың да жоқ сонда жатып атар,
барлық жағың - құбыла, қиырың - кең.
Жақсы жайлы елестер басқа бүгін
(ол әншейін баяғы асқақ ұғым).
Дымы кепкен құнарсыз топырақта
ағаштар да жая алмас жас тамырын.
ОН АЛТЫНШЫ АҚЫН: Ұзынтұра, жұқалтаң, жігіт сырнаймен шықты.
Ақынтаудың басына
халық талай ағылды,
ақын біткен сабылды,
жырлар туды жалынды
заман жайлы, заң жайлы,
жанды жеген сан қайғы –
жырға қосып әр жайды
ақын біткен жыл сайын
шабыт мініп самғайды,
ақиқатты айттым деп
өзді-өздерін алдайды.
Ақынтаудай тауыңда
қар аралас дауылға
қаншама асыл сөз ұшты –
өзгерді ме ел содан,
өзгерді ме жер содан,
жақсарды ма заман да,
енді ме ақыл адамға,
данышпан боп кетті ме
ақымақ та, надан да?
Ей, жігіттер, одан да
күйін баптап көңілдің,
сауық-сайран құрайық,
сұлуларға ұнайық –
қызығы тек сол ғана
бұл өткінші өмірдің!
СЕГІЗІНШІ АҚЬІН:
Адамды үгіп жатқандай мұң ішінен,
қанша болып-толса да бір ісі кем.
Айқай салып, тыпырлап, арпалысып
жанталаса бастайды туысымен.
Тыным таппай тырбану - бас ұраны,
әлдеқайда әйтеуір асығады.
Жер бетінде болмысын адамзаттың
өзгерте алмай келеді ғасыр әлі.
Уақыт - патша болғанмен жанары өктем,
тіл қатысып жатса да дала көкпен,
жер-тылсымда құпия қаһар қалмай
қадірін де көшіріп ала кеткен,
арыстанға аңсатып тарлан күнін,
шарласа да шапқылап жалғанды үнім,
тірек тұғыр - топырақ бола тұрып,
жалаңаяқ жер басу арман бүгін;
ащы, тұщы өмірдін салқын дәмі,
кұдірет пен биік ой, даңқың - бәрі
қаракетті күндерді кұбылтқанмен –
адам бірақ баяғы қалпында әлі.
Бүгін басқа болғанмен жыры, жемі,
бабасынша күлкісі, түңілері.
Жазбай табар желісін жылқыдайын
адам ажал-қазыққа жүгіреді.
ҮШІНШІ АҚЫН
Өсірді елім әлпештеп, арда теліп,
сол ықылас бойға - күш, жанға - серік.
Жалпақ жатқан үш жүзді араладым –
қайда барсам алады хан көтеріп.
Алдымда - асым, артымда - ішпегенім,
жоқ өзімнің ызадан тістенерім.
Бір болыстан бас мүжіп, шапан киіп,
ертең екіншісінде түстенемін.
Алтын бесік — ел іші, халық та бай,
іштім елдің, ниетін қанып талай.
Келіншек пен сұлу қыз қоршағанда,
тұрсын менде шалқымай шабыт қалай!
Заман тыныш, жауым жоқ шауып жатқан,
еңсе басар қайғы жоқ ауыр батпан.
Төрт жағым да - құбыла,
қиналмаймын
«Саратанда» келсе де дауылды ақпан.
Не жетпей жүр басқаға - түсінбедім,
түсінгенім - кей жұрттың ішінде мұң.
Жүректерін зіл басқан біреулердей
өз-өзімнен тұлданып, ісінбедім.
Шыққан емес алдыма жасқап адам,
кездескенді кезім жоқ қас санаған.
Қадірлімін халқыма, ханыма да –
бұл өмірде не керек басқа маған!
СЕГІЗІНШІ АҚЫН:
Ұсақ қылық, пасық ой, құлқын әні,
мансап –
бүгінгі ерлердің ұмтылары.
Топ-тобымен жүген ап жүгіреді
зулап шыға бастаса қыр құланы.
Күншілдіктің суыры сананы жеп,
қуанбайды - есінен танады кеп
жүйрік көрсе, жолына ор қазады
мынау менен неге озып барады деп.
Толтырғанмен топырлап ер санатын,
ісі майда - пыш-пышқа жем салатын.
Сыбырламай, сызылмай шындықты айтсаң,
саған мәңгі жамайды «тентек» атын.
Естілгенде ғажап бір қиырдан ән
тыржияды, шапқылап миында қан.
Ел ардағын мақтан ғып, жақсылыққа
сүйсіну де оларға бұйырмаған.
Пайда түспес жандарға сәлемі кем,
көңіл - керең, көз - жарғақ, әдемі ірең.
Биік пенен тереңді өлшер дәйім
өз басының бықсыған әлемімен.
Көтере алмай жандардың жанары күн
қасиетін, ақыл мен даналығын
сап құруда тобырлар қара құрым,
онсызда ылғи суға зар даладағы
шалғынды да осылай жабады құм.
ЖЕТІНШІ АҚЫН:
Жалғандықпен улайды санаңды әр күн,
жүрегімде сол удан жарам бар мың.
Жасандылық, жалаңдық, жалтаңдыққа
еті үйреніп барады адамдардың.
Тұншығады бүл жайлы сын айтқан үн
(булығудан жанымды мұңайтқаным).
Іштей қарсы боп тұрып өз сөзіне,
өңештейді «шындық,- деп, - бұл айтқаным!»
Жалғандықтың жартасы мықты қандай,
жер жарылып жатса да нық тұрардай.
Ақтың аппақ екенін біреулерге
күйзелесің дәлелдеп ұқтыра алмай.
Аяқ бассаң, сыпсың мен сыбыр тірлік,
дөңгеленіп жұмыр бас, жұмыр құрлық,
арасында шырқырап құлын-шындық,
бара жатыр зымырап ғұмыр сырғып.
Тыныштық жоқ жаныңда, күндер - жорық,
өзі-өзіне жетпей жүр - кіммен жолық.
Адам сорлы амалсыз жымияды,
жүрек жылап тұрса да, күлген болып.
Дүрбелеңмен лайлап сананы ұран,
тұрмыс биік адамның жан-арынан.
Тыпырлайды адамзат босана алмай
шарттылық пен жалғандық қамалынан.
АБЫЗ:
Ой кешіп, көрмей жан тыным,
тергенмен сөздің алтынын,
тапқанмен кейде хан тілін,
ақындар ақын бола алмас
айтпаса мұңын халқының,
тозғанша тоқым-таралғың
шертпесең шерін заманның.
Заманнан заман зырлаған,
жалғанның сырын жырлаған
дүниеден өткен түрлі адам –
бәріне куә бұл ғалам.
Сонда да жердің үстінде
тартыс пен күрес тынбаған.
Жалқылық болмас жалғанда:
қараңғы түн бар таң барда,
қасқайып келер ажал бар
кеудеде шыбын жан барда.
Әділет егіз зорлықпен,
рақат егіз қорлықпен,
о заманда бұ заман
пенде жоқ жеткен арманға.
Таңдана бермей жалғанға,
міндім деп шабыт-тарланға
аз күндік баққа мастанбай
шындықты айттыңдар жасқанбай
Ақыннан асқан шыншыл жоқ,
жақыннан асқан күншіл жоқ,
ойсыздан асқан мұңсыз жоқ.
Айттыңдар әділ шындықты:
заманың сұсты, күн бұлтты
арқалар елдің бар жүгін
бейнетті көптің тағдырын
илейді нандай бір мықты.
Қашаннан Жердің сол заңы,
мына өмір өмір болғалы,
керуенді біреу тонаса,
басқалар бөлер олжаны.
Халықтың өңшең бұлбұлы,
құлағың салып, біл мұны:
өт шашпай жырмен ғаламға
жемсауы - құдық заманда
ұсақтық болса адамда –
ұшқын құй жырмен жанына,
ұмтылсын алғы таңына,
үміттің қылын үзбесін,
қырықсын -
жүнжіп жүрмесін -
жігерсіздіктің сіргесін!
Күн көрмей, ылғи түн қатқан
халықтың
жүгін зіл батпан
жеңілдет отты жырыңмен,
күш-қуат ессін үніңнен –
халқыңа қайрат бере алмас
жылауық жырлар түңілген.
Ертеңгі күннің алауы
ұшқынын алсын бүгіннен!
Долы қатындай қарғанған,
көре алмай сәуле жалғаннан,
лағнет айтпай тірлікке,
көлеңке тізбей жүн жіпке,
ұрпақтар тұтсын сені үлгі -
бірлікке баста еліңді,
халықтың күші бірлікте!
1981
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі