Шаттанып тасыдым-ай бір – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Шаттанып тасыдым-ай бір» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1160
Шаттанып тасыдым-ай бір
тұрғандай жарап тарланым;
иненің жасуындай бір
сәуледен қанаттанғаным.
Өмірдің шатқал жарынан
жүргенде борап қарларым,
ойласам – тапқандарымнан
көп екен жоғалтқандарым.
Ұмтылам бұлақтарыма,
сенімнің жебеді демі!
Құйғандай қуат жаныма,
сол сәуле келеді мені
жетелеп өмір төріне
жайқалған байтақ ормандай.
Жабырқау көңіл-көгіме
аққу-қаз қайта қонғандай.
Сөгер де тіл безеп бәрі
жанармен қарап ызғардай,
ғашық боп жүр ме деп тағы
селтеңдеп бала қыздардай.
Сәуледей бұл сенім ізгі
ғұмырды жалғаса не етем?!
Тек осы нәр сезімімді
жоғалтып алмасам екен!..
1983


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері