Оюлар – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Оюлар» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 4
  • 20511
Түрін-ай текеметтің! Асыл қандай!
Үңілдім үнсіз ғана басымды алмай.
«Келе ғой, қошақаным, өзіме!» - деп
әжем кеп сипағандай шашымнан жай.
Күйімді кешсендер-ау сол беттегі,
тұрғандай ана-көңіл тербеп мені.
Жан бітіп жайраңдайды жан-жағымнан
қазақтың қошқар мүйіз өрнектері.
Аңсаумен күнім өтті қанша менің,
желбауда, басқұрда ма аңсау емім.
Әжемнің көзіндей бұл оюларды
таба алмай дала кезіп шаршап едім.
Елестеп көз алдыма сән шақтарым, келгендей қүлағыма аңсатқан үн.
Түрінен текеметтің көріп тұрмын,
әжемнің тарамысты саусақтарын.
Шебер көп бұл заманда кілең керім,
болмайтын ажыратып түр-өңдерін.
Сүрінбей өте алар ма ғасырлардан
әжемнің оюындай жыр-өрнегім...
Болардай басқұр, өрнек маған медет,
белгісі балғын шақтың карар жебеп,
сүйеніп түскиізге тұрып қаппын
көз жазып оюлардан қалам ба деп.
Мөлдір шық жасырынды жанарға кеп...
1981


Пікірлер (4)

Арай

Тасбулатова

Ж. Индира

Күшті ❤

Неге керек

Зор өлен маған қатты ұнады
Әжемді сағынғаным ай

Акрамова Абдумансүр

Өте күшті өлең балам арналған

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері