Өлең, жыр, ақындар

Иран-бақ жырлары

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 798
1. АҚЫНДАР ТОПЫРАҒЫ
Ақындарға нәр берген,
ұлы рухтар қуат берген, әл берген
қасиетті топырағы Иранның
көрсем деп ем, арманды ем —
енді, міне, түңғыш рет мен бүгін
басып тұрмын жан-дәрмен.
О армысың, киелім,
иран бағым, ғашықтардың күйі едің.
Әулиелерге мінәжәт қып, алдыңда
шыр айналған басымды мен иемін!
Маған таныс жыр бағы,
ауа таныс, әуен таныс мұндағы,
естілгендей Хұсыраудың мұңды әні...
Жаным дертті — өзің емде, дәру бер,
ұлы Хафиз құндағы!

2. ШЫҒЫС ҰЛЫ
Шығыстың таңы атқанда,
дүние жәннәттағыдай нұрланатын,
шапақ шашып жайғанда Күн қанатын,
түн жүзін мұң жабатын;
жапырағы сарғайған ағаштар да
жан бітіп бүр жаратын.
Нұр шашқан көгім еді —
бұлт қаптады — шошытты өңі мені –
қаңғып келген қара бұлт, қоңыр бұлттар
жауынынан қабырғам сөгіледі,
Әзірейіл - ажал боп көрінеді.
Кенет дүние жарқ етті,
Әли батыр қайтадан туылғандай,
зулфыхарын қынаптан суырғандай.
Бұлттар тоз-тоз жөңкіді. Күннен қашып
індеріне тығылған суырлардай.
Ашылды аспан
Күн-шапақ шашырады,
Жер құлпырды, шырқалды ғасыр әні,
Күн астында исламның туын ұстап
тұрды биік
Шығыстың хас ұланы!

3. ҚАРАЛЫ КҮН
Елдің жаны жаралы,
Жердің тәні жаралы.
Жасқа тұнған жанары
Иран бүгін қаралы.
Көрдің бе анау баланы,
ақсақалды, ағаны,
қара жапқан ананы
көзінен жас тамады.
Арман бар ма
әр адам
бөленсе елдік сенімге.
Мұң жамылған бар алаң,
жаным дал-дұл менің де.
Ойлар келіп нелер бір,
салмағы — ауыр қорғасын,
кеңілім — пәс, денем зіл,
сорғалайды көз жасым.
Сілтеп билік құрығын,
бұл өмірден өткен көп:
сорып елдің шырынын,
қанға бөккен өктем боп.
Халқына арнап ғұмырын, азап-мұңды шеккен көп,
рухы Иран ұлының
көгінде жүр кептер боп.
Тұhдық біздер
мұншалық
махаббатқа таңданып,
жанды баурап бір шабыт...
егер жерде бар халық,
қадір тұтса осылай
елім деген ұлдарын,
әділетке құндағым
толар еді-ау, досым-ай...

4. МӘШҺӘТТАҒЫ КИЕЛІ ТҮН
Иә, Алла, қолда мені — қадыр түнім бұл менің,
өмір-сайқал қорлап еді, жанымды үгіп күндерім.
Қыдыр ата жолын бағып, таң күзетем мен бүгін,
құйын тірлік өңімді алып, көңіл сынық, шерлі үнім.
Қыдыр келіп қысылғанның жүрегіне жақса күн,
бейнесі боп Хұсыраудың не Баһман патшаның:
көңіл шіркін бұл түнге алаң, аруақтар жебер ме?
Қыдыр атам мүмкін маған Жәми болып келер ме?
Шапағатқа құндағың бай, тыныштық бер таңыма,
Хафиздың жырларындай рахат құй жаныма!
Мұңын серпіп сағым далам, сүйсінердей Жер, ғалам,
азаттықтың жалындаған ер рухын бер маған!

5. ПАРСЫ ӘЙЕЛІНІҢ ІШКІ СЫРЫ
Ішімде айтылмаған көп сырларым,
бұл жайды біліп жатқан жоқсың бәрің,
селеудей сезімдер көп лапылдаған —
жанымды жылытпайды шоқсыз жалын.
Бұлдырап жырақтайды жылаулы арман,
шырқамас шарықтамас бұғау барда ән.
Тек қана әлсіздер мен күштілерден
байқасам тұрады екен мынау жалған.
Жер-дозақ тарамдайды талғамдыны,
адамның төмен кейде аңнан құны.
Құйрықты жұлдыз ғұмыр бұл өмірдің
шындығы аз, ылғи басым жалғандығы.
Салғанда зіл салмағын бұлтты күнім,
мәңгіге үзілердей кілт ғұмырым.
Ұмтылам заңғар көкке, мен бәрібір
заңдар мен орталардың тұтқынымын.
Тамағым тас тығынмен қылғынуда,
әнсіз тұл шайырың ба, бұлбұлың ба.
Бәріңнен баз кешуге бармын бүгін —
түк емес еркіндіксіз Күн ғұмыр да!

6. НАМАЗШЫ
Аузында — Алла, қолында тасбиығы,
Намазға да жығылып, жақсы ұйыды.
Жалбарынды: «Күнәмді кеше гөр!» — деп,
мөлт-мөлт етіп көзінде жас түйірі.
Сырттай қарап, сүйсіне, табынасың,
құйылғандай бір сәуле жаныңа шын.
Осы адам боп көрінер шырмауықтай
пенделіктен ұяты, ары басым.
Сыртқа шықты. Қарадым қалды да ұнап,
асықтырды-ау сансыз іс, алғы мұрат.
...Томпалаңдап жүгірген балғын бөбек
дәл қасында сүрініп қалды құлап.
Жанұшыра жүгірді соңында ана,
бала өсірсең, көз жазба — жолын қара!
Намазшымыз бұрылмай өте берді,
жолда құлап жатқанда өрім бала.
Сұңқылдатып созғанмен Құран әнін,
білмеді аяу дегенді бұл адамың.
Алланы алдап, шамасы, жуғысы бар
өмір бойғы өзінің күнәларын.
«Құлымыз, - дер, — Құдайдың», — жиында олар,
өз басының қамын жеу миын жалар.
Дәл мұндайдың тілегін Тәңірімнің
қабыл ете қоюы қиын болар!

7. ХАФИЗДІҢ ІЗІМЕН
Ақыны ханын іздесе, көргені елдің сор болар,
Ал, ханы ақынын іздесе, бақытты халық сол болар.
ХАФИЗ.

Есті хан — ел бақыты, біл, іншегім!
Дос емес-алдыңда ылғи жүгінсе кім.
Ойлар ол: «Беделімнің қажеті не —
бел шешпей, жаны жүдеп бүгілсе елім!»
Өзгеге өз қамы үшін қажетсің сен —
әуелі өз халқыңның ұғын шерін!
Естімін деген жандар түйсін мұны:
ел ұлын елеңдетпес сый сыңғыры,
қашан да оның ойлы дидарынан
адамға мейірімнің құйсын нұры.
Патша-қор, ханымының кескінінен,
ісінен есіп тұрса мисыздығы.
Қаһармен, билік барда, жан алсақ та,
хан ізі қалар есте, қалар тақта.
Патша-қор, естілерді есепке алмай,
толтырса айналасын жарамсаққа.
Ақылсыз таққа отырса, елі азады,
Құдайым, жер-бесікті содан сақта!

8. ҚАҢБАҚ-ТАҒДЫР
Шет жердегі қазақтың сағынышы
Туған жерім!
Тумай жатып оранды балаң мұңға,
құндағымнан қуылдым, нәр алдым да,
Алты жаста ем. Қылмысым жоқ болатын,
Алланың да алдында, адамның да.
Сені іздесем дүниеден табармын ба?
Туған жерім!
Бас салды да кеудеңе сары жылан,
қапелімде жоғалтты бағын ұлан.
Кете барды ұл-қызың тоз-тоз болып, қаңбақтайын үзілген тамырынан.
Қаңбақ-тағдыр салады жабығып ән.
Көз алдымда;
ошақ қалды отымен, ана қалды,
қурайлары сыңсыған дала қалды.
Әлі ұмыта алмаймын ботасынан
айырылып зарлаған қара нарды.
Теңіз долы, ашулы. Біз тентіреп
кете бардық жағалап жаға-жарды.
Жылады атам,
қимай туған елдегі жылдарды ізгі,
көз алдымда бұлдырап қырлар жүзді.
Біздің тағдыр осылай елестетті
жарылыстан быт-шыт боп сынған құзды.
Қара жердің бетінде паналатып,
бауырына тартатын кім бар бізді!
Рақымы түссе Алла нұр береді —
пана болды жат жердің іргелі елі.
Жас ұлғайды. Ой жейді түнде мені —
ой кемірген жанымды кім көреді?
...Теңіз беттен жел ессе, келеді әлі
жусан иісі... Құм иісі шілдедегі.

9. ПАРСЫНЫҢ СҰЛУЛАРЫ
Таңданбай көзі түссе, қалған ба адам,
дидарын көргенде естен танған ғалам.
Өмірімді қияр ем деп күлкісіне
өртеніп ақын біткен армандаған,
парсының сұлулары!
Жарқ етсе жанарынан Күн күледі,
Дүниеге шуақ шашып нұрлы іреңі.
Күлкісі — әділдігі аз өмір салған
балдырдай жаныңдағы мұңның емі —
Шаһнабал сіңлілері!
Ашуы — желтоқсанның түнгі ызғары,
тіл қатса, күміс шолпы сыңғырлады:
көзі — түн, бұрымы — орман, ерні — раушан,
қол жетпес еңлікгүлдей шың-құздағы,
Зуһра жұлдыздары!
Тазартып күнә-ласты санадағы,
жер беті сүйсінуден жаңарады.
Тек ғашық сезімдерден перзент болып
жаны пәк, періштедей таң ажары
сұлулық жаралады.
Күзетіп не заманнан Шығысты ерлер,
дұшпанға тапталмаса пүліш жерлер,
ошақтың жылу көзі — көкірегінен
өрбіген Шырындар мен Рүстемдер
парсының сұлулары!

10. ШИРАЗҒА СӘЛЕМ
Ширазда таң атады-ау, Күн сыланып,
ертемен сұлулары гүл суарып.
Атасы шайырлардың Хафиз ақын,
өсіп ем ғазалыңнан сусын алып.
Тербетті бесігім боп дала мені,
өзіңді Абайым да аға деді.
Мені де бұл өлкеге ғашық еткен,
өзіңнің жырларың мен анам еді.
Рухың құйғандай ма күш жаныма кеткендей жүрегімнің қысқаны да.
Соға алмай зиратыңа, дұғамды арнап,
аттанып барам Қазақстаныма.
Басқа елде өлең шамын жақсам да мен,
өзіңді ойым жетпес асқар деп ем.
Шираздың ауасымен тыныс алып,
сен жүрген топырақты бір басам деп ем.
Иранның ұлы — батыр, қызы — көркем,
хош исі жұпар шашқан жүзім — өлкең.
Ал, менің кең даламды шөл жалайды:
жазы — өрт, қысы — қатал, күзі — желкем.
Өлкеңнен ғазалыңның нұрын көрем,
мұхитта мерт болмаса ғұмыр-кемем,
нәр берсем деп ем шөлейт мекеніме,
кәусары құштарлықтың жырымменен.
1987



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сағына түссін дедің бе

  • 0
  • 0

Жүректі тербеп бал сезім,
қоштастым сонда дірілдеп.
Аузымнан шықпай бар сөзім,
ішімнен тұрдым "күнім" деп.

Толық

Кешегі балапандар түкті ұқпаған

  • 0
  • 0

Кешегі балапандар түкті ұқпаған
(соларға жем берумен біттік тәмам)
былқылдақ сарауыз-ды, енді, міне,
шетінен әтеш бопты қыт-қыттаған.

Толық

Жеті қарақшы мен Үркер туралы аңыз

  • 0
  • 0

Көкте жатыр шашылып
қанша жұлдыз, қарашы!
Шолпан жұлдыз — анасы,
басқалары — баласы.

Толық

Қарап көріңіз