Әпкесінің әні – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Әпкесінің әні» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1762
Айым менің қайда екен –
достарымен тойда екен!
Тойда болса, отырсын –
қолына жүзік толтырсын!
Айналдым Ай-баладан,
тауып алдық даладан:
далада бала жата ма —
түсіп қалған шанадан!
Жылама, бөпем, қой, бөпем!
Құнан қойды сой, бөпем.
Құйрығына той, бөпем,
өзің тойған құйрықтан
әжеңе сақтап қой, бөпем!
Осы бала — Күн бала,
өзі аппақ, гүл бала!
Әлдилесе әжесі,
ұйқтай қалар бұл бала!
Әлди, әлди, бөбегім!
Таусылмайтын өлеңім!
Ұйқтасын деп бөбегім,
өлеңімді төгемін!
1977


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері