Өлең, жыр, ақындар

Еңбек туралы

  • 01.12.2015
  • 0
  • 0
  • 13738
Сорлы елім, көріп жүрсің еңбекті жау,
Ел кезіп, өсек айтып, ізденіп дау.
Істейтін бар кәсібің - ұрлық-зорлық,
Кісі жоқ алдын ойлар бір дені сау.
Байлар жүр мансап іздеп құр далақтап,
Көрінбей малы көзге, жүр жалақтап.
Би мен болыс көрінсе, қошемет қып,
Қойын сойып, ет тартар қос табақтап.
Адал еңбек істеуге дертің күшті,
Жиреніп, жек көресің шындық істі.
Адалды - адал, арамды - арам демей,
Қара жәһіл надансың қасқыр түсті.
Алдау-арбау қаныңа сіңген батпан,
Бар мақсатың - нашарды зар жылатқан.
Жалға жүрген жарлының еңбегін жеп,
Артық көріп асайсың адал астан.
Көзіңе көрінбейді жиған малың,
Ұрлық үшін бергенің - жалғыз жаның.
Кел, тоқта, тілімді алсаң, кесел болар,
Сүліктей сора бермей елдің қанын.
Еңбексіз жиған малың емес адал,
Шариғатта тағы жоқ деген пара ал.
Шапқанда байдың ұлы болып жүрсің,
Тоқтағанда болмасын түбі залал.
Елірме ел қыдырып ет жегенге,
Ұрлыққа өтірікті септегенге.
Жарлының жалғыз қойын жалмап алып,
Мұнша неге құмарсың ептегенге?
Ертең біреу әділдік құра қалса,
Қайтесің су түбіне кетпегенде?
Бір қойға бес есе қып төлеу берсең,
«Айтпадың» деп сонда өзің өкпелеме.
Қорқыттай қазған көрің алдыңда тұр,
Жалғыз топырақ шашасың көпке неге?
Күн ұзын ел қыдырып сүмең қағып,
Өтірік пен өсекке судай ағып,
Екі табақ ет жесең, еліресің,
Жерден алтын тапқандай масаттанып.
Терлеп еңбек істерлік біреуің жоқ,
Бар әдетің - бос жүрген пәле бағып.
Сөйтіп жүріп сопы боп, Құдай ұрып,
Таспиық тартып мүлгисің түннен тұрып.
Бойында ат тартпайтын арамдық бар,
Сүттен аппақ боласың, судан тұнық.
Бағып жүрсе малыңды біреу тегін,
Сұрланып сүртіп жүріп маңдай терін,
Алты айына қой, серкеш, көйлек, штан -
Ақы деп осы емес пе бар бергенің?
Шын Құдайдан қорықсаң иман іздеп,
Жарлының бұл еңбегін неге жедің?!
Өз обалың өзіңе, тоқталмасаң,
Ет, қымызбен боп жүрсің бәрің масаң.
Жағаңды ұстап, саныңды бір қағарсың,
Тыйылып бұл әдеттен, басылмасаң.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тәуірбек болысқа

  • 0
  • 0

Ассалаумағалейкүм, Тәуірбегім!
Мақтауға арғы атанды ауыр келдің.
Үшкілдір арғы тегің қалмақ еді,
Желқомдап мініп келген жауыр көгін.

Толық

Сараға

  • 0
  • 0

Сараға - Әріп Тәңірбергенов
Жар тұттым əуелден-ақ өзіме арнап,
Нəзік бел, қиғаш қасты, қалам бармақ.
Жігітке лəзім еді іздемекке

Толық

Орыстың мұсанннфі - Пушкин дана

  • 0
  • 0

Орыстың мұсанннфі - Пушкин дана,
Одарен природой ғапыл сана.
Данышпан қатарында атын жазған,
Қате қылған іс екен Шұғбан бала.

Толық

Қарап көріңіз