Сараға
Жар тұттым əуелден-ақ өзіме арнап,
Нəзік бел, қиғаш қасты, қалам бармақ.
Жігітке лəзім еді іздемекке
Ол жарға уəжіп еді күтіп алмақ.
Жаманға жақсы тұрып көз салса,
Жігіттің содан еді көңілі қалмақ.
Сəулем ең, ол пиғылдан аман жүрген
Жоқ болсын шарт бойынша сөзден танбақ.
Жан-жаннан жатырқамай келсең қасқа
Ойнар ек əзілдесіп тілді жалғап.
Әншейін анау-мынау сүймесіндей
Жіберген емес едің сөзбен алдап.
Тұңғиық шыға алмасқа кетті суға
Тəуекел дариясына қатар жалдап.
Қаттаудай оқ өткізбес махкамым бол
Самарқан жібегінен өрген талдап.
Секілді Шамсі-Қамар Духтар бану
Затыңды жанға арам мендей тану.
Заты жоқ жасықтықтың нышанасы
Адамға ар айтқан сөзге жетпей қалу.
Талап бар жаралған соң тірі жанда,
Мұратқа кімі жетіп, кімі арманда.
Базарда бағың сына дегендейін
Басымды бұл майданға қылдым пəнда.
Ықлас ыждаһат пен жиһат етіп,
Шыбын жан шыдай алмас əрбір таңда.
Жеміс ең пісіп тұрған бақшадағы
Ерік бар ма бұйырмаса біз меһманға.
Талпынған көңіл есер бір шəрманда
Нəпсіге ақыл еріп жүр пəрманда.
Шыраққа түсіп жанған мен пəруана
Ес білмес, ол неғылмас, би дəрманда.
Ықлас назарың сал пəрда тартып,
Уақытымда көңіл құсы тудың артып.
Лəйланың Мəжнүні секілденіп
Мас еткен мен ғарыпты нұрың шарпып.
Жар етіп айдың бетін бұлт алсын,
Діңкемді бүйте берсең құрытарсың.
Есілген қырмызыдай қып-қызыл гүл
Махбуб қай мінезін ұмытарсың.
Тауаның аз, талабың қысқа болса
Араға жаман атақ жуытарсың.
Жасымнан ұмытпаған ойда барсың,
Әл-қуат ақылымды алған жарсың.
Өзіме диуаналық əсер беріп
Ішіме сөнбейтін от салған жарсың.
Тарлықта наздық қылып тұра алмасаң
Бояма əсіре қызыл жалған жарсың.
Арада оттан ыстық қызу кетсе,
Біріндей көз таныстың қалған жарсың.
Сөзде тұр шарттан аумай мейрім қансын
Дұшпанның көре алмаған іші жансын.
Уағдаға бір айтылған тоқтасалық
Шат болып достарымыз бір жұбансын.
Жақтық сөз, жақсы мінез, жайдары ашық,
Жанымды жадыратқан қайран ғашық.
Сегіз қыр, сексен сырмен шарға тартсаң
Түсінбес айтқаныңа кейбір жасық.
Өрнексіз жол білмеген надандарға
Туып ең нақыш беріп өрнек ашып.
Қараңғы көңілімнің ай мен күні,
Жарығың азаймайды күңгірт басып
Сөз бірге, ақыл үйлес, мінез тату,
Тұрады сені көріп көңіл тасып.
Махаббат бізде болмай, жатта болса.
Аһ ұрам у ішкендей ішім ашып.
Шолпандай адам едің жаһан көркі,
Тіл шаршап көп айтуға жетпейді еркі.
Қымбатты жаннан ғазиз асыл еркем,
Шықпаған бұл қасіреттен жанның беркі.
Бұл сөзге сəулем не деп айтар екен,
Дүние бір бейнесіз сайқал екен.
Күн түскен күзгі шөптің мисалындай
Махаббат базарынан қайтар екен.
Кəмелі өзге жаннан көп санасы,
Әйелдің əулетінде сіз данасы.
Ақылға ишаратпен айтпай түскен
Өткір зейін пікірдің нышанасы.
Баулыған балапандай құсым едің,
Дəм айдап түзден торға түсіп едің.
Құрт жесе қызыл шешек не амал бар,
Тұғырдан жаңа түлеп ұшып едің.
Еш сенде арман да жоқ қазір дəмде
Саяда қызыл гүлдей өсіп едің.
Сатылма он төрт жармақ ақша үшін
Бұл ғайни заманымыз Жүсіп едің.
Бар Құдай жазған тағдыр қалу бəлə,
Жазудан ғайри іске қылма пəла.
Мағлұмың енді қандай халге түсер
Қасіреттің қапасынан мен мұбтала.
Кісідей арқалаған нахақ жала,
Тағдырға тəбдил таппай қалма шала.
Құр көңіл алып ұшқан ешбір болмас,
Жоқ болсын бір тозаңдай көңілде ала.
Нəрсені іздеу мұқалдір болмайтұғын,
Ой терең дария құйсаң толмайтұғын.
Қанатым тасқа соғып қалды қирап
Қыран ем мұраттыны қоймайтұғын.
Қырық шалғым бəрі бірдей қалды қирап,
Таба алмай ем дауасын жүрмін жинап.
Күте тұр біраз заман, уақыты жетсін
Кəмал толып жеткенше қайта ширап.
Жас ғұмыр далбасалық күнмен өтті,
Жиһатпен көп шаршадым жанды қинап.
Машақат саудасының базарғанын
Тоса тұр жолыққанша толық сыйлап.
Паруана өлім іздеп түсер отқа,
Шын ғашық аямайды басын сотқа.
Ғашыққа тіршіліктің керегі жоқ
Мал түгіл бас байладық расходқа.
Ақ екен раушан жүзің атқан таңнан,
Ай сəулем, жүзің жарық жаққан шамнан.
Жер жүзінің жігітін аралатып
Көңілің ауса маған сонша жаннан.
Ай мен күн сырнай тартып, жұлдыз билеп
Той қылса көкте Мəлік қуанғаннан.
Шаттанып жер жүзінде император
Сырласып министрлер үлгі салған.
Ойласам сендей жанды қай жан алған
Мен едім атағына көрмей қанған.
Қолынан қой жарысы келмейтұғын
Жамандар құрметі жоқ құмарланған.
Шарапсың мыңнан таңдап бізге тамған.
Ғашықтық халімді мен баян қылдым
Жалының жүрегімнің басын шалған.
Қолы жетпей, наданның аузы жетіп
Құл құтырса, құдыққа қармақ салған.
Сенің тілің шарабан таһурадай
Сорса алтын қасықтай балға малған.
Ғашықтық мен шығарған мирас емес
Жүсіп пен Зылихадан үлгі қалған
Ізденіп Баһрам да Күлəндамді
Михнатпен ақырында сүйтіп алған.
Көп жүріп жиһан кезді Сəйфүлмəлік
Жамалды Иранбақтан іздеп барған.
Ғашықтық майданында шаһит болып
Бозжігіт Ануаз үшін қандай болған.
Бұлардың зар тартқаны Лəйлі–Мəжнүн
Ізденіп ақырында мəнсап қонған.
Зияда, Қорлы, Ғайын, Фархад–Шырын
Бұл күнде хабарым бар сондай жолдан.
Мұштари, Сахаридай жаннан кешіп
Көзімнен аққан жасқа алдым толған.
Ақырын Қозы-Көрпеш – Баяндай боп
Көзімнің қызыл нұры бұ жол солған.
Беліне алтын шоғың алты оралған
Бұл күнде басқа қыз жоқ сіздей болған.
Пəрдеңнен ақ жүзіңді бір шығарсаң
Күндік жер мəшһүрлəніп нұрға толған.
Шараптан əбилəззат сілекейің
Ақ меруерт отыз тісің қырлап жонған.
Кірпігің патшалардың əскеріндей
Жігітке көздің тасы сағым қонған.
Махбуба қазір уақыт қам қылмай біл
Бір күні қыз қияпат кетер қолдан.
Қай жақсы заманыма тұс келер деп
Бұл күнде хабарың бар оң мен солдан.
Уағданы махкам тұтсаң серт байласып,
Босанба жазылса да біздің тордан.
Мұратқа Лəтахнату жетпегі бар
Бұл сөзді молда айтады суал сорған.
Енналлаһо халиқул миғады деп
Аят кəрім құранда мəзкур болған.
Бұл сөздің ишаратын адам білер,
Үлгісіз не деп айтсам надан білер.
Басы жетпес орынға аяқ салып
Жақсы мен не себептен жаман күлер.
Ізденіп жар таппақтық қиын жұмыс
Бір көрмекке қызулық əркім күйер.
Халықтың бəрі бірдей жаралмайды
Асылды мыңнан біреу тауып сүйер.
Тең тауып жар алғанның кемі бар ма,
Сұңқардай тұғырдағы тоғыз түлер.
Жамандық аз-ақ күні жасырынып,
Жатпайды ұрланғанмен бір күн білер.
Анадан ақылы асқан туар көсем,
Өзіңмен бірдей болсын жарың шешен.
Жасықтан ашық мінез табылмайды
Айта алмас көп ішінде аман-есен.
Талапсыздың талабы қорынуда
Шығады жүз сөйлессең сөзі кешен.
Осындай михнаттан ерте сақтан
Не қасиет қалады пəлен десең.
Көп шер бар көкіректе тарқалмаған,
Тіл байғұс асығыс боп айта алмаған.
Ей қалқа естісеңіз есіркерсіз
Арызым құлағыңа байқалмаған.
Бір Құдай көңіліңе салсын рақым
Жомарттай сұраушыны қайтармаған.
Жасты көз, жылаулы сөз ғарып едім
Ғамкин көз əр тарапқа жаутаңдаған.
Шығардым мен кітап қып əзіл үшін
Сорлымын арманымды тауыса алмаған.
Қамыс бармақ қайысып іс тіккенде
Бойына ине балқып өте алмаған.
Мен түгіл жансыз темір нұрыңа мас,
Қасыңнан сөкпе мені кете алмаған.
Тауыңда Қауқапты сен бір дарқат,
Алсам деп саядағы екі алмадан.
Сұңқардың қаз алмағы қайырудан
Аққуды қарға қылар күте алмаған.
Ит еркелеп үйреніп ауыз жалар
Сөз көп қой қыз балаға қиқаңдаған.
Жаманды жақсы көріп үйір қылма
Залал бар жылы сөзден сипаңдаған.
Мен кірдім бақшаңызға сайран етіп,
Тұрам ғой тамашаңда халім кетіп.
Көз көріп, көңіл мас боп дидарыңа
Сындырдым сүйегімді ойран етіп.
Мəшрикты мағрипқа жазған Алла
Әзəлде қосар ма екен пəрман етіп.
Ғашықтың талабынан бос қалмайын
Көрейін қолым жетсе дəрмен етіп.
Жаралды тəні пəнде нұрдан жайнап,
Шағылып туған едің нұрдан қайнап.
Талпынам таза туған ажарына
Белімді тəуекелге махкам байлап.
Наз етіп ғашықтығым айтылған соң
Көңіл үшін көз жасыма рақым ойлап.
Михнатта ауыр жүктер мойныма алып
Бір жанды құрбандыққа тұрмын сайлап.
Айырған асыл сəулем сөздің нарқын,
Байқаған жаман, жақсы кісі парқын.
Тас та асыл гауһардайын адам өлшеп
Нəсілің таза туған затты шəрифім.
Ұядан тудың жеке асыл өсіп,
Сауаптан кім жаман дер үміт кесіп.
Жақсы едің кір шалмайтын сүйегі асыл
Тот баспас сап алтындай бедер көшіп.
Жұпар жел мас боламын самалыңа,
Туып ең нұр безеніп заманыңа.
Сағымдай жазғытұрғы толқын ұрып
Қарасам көз алмасар жамалыңа.
Аларсың менен хабар жазған хаттан,
Бағыма таза гүлсің өскен бақтан.
Я ата, я анада кемдігі жоқ
Асылдан шыққан тегің арғы заттан.
Жанға рақат айтқан сөзің қандай майда,
Өзіңдей жанның бəрі болу қайда.
Ұжмақтың Нагим атты хор қызындай
Әпзалат Ғишатадан болдың пайда.
Саржадай керілген қас, кірпігі оқтай,
Ішіме қайғы салдың жанған шоқтай.
Шер болып еш жібімес менің кеудем
Хасіреттен жұмарланып жатыр топтай.
Қарағым құшақтасам құмарланып,
Қосылған екі ғашық жұбайланып.
Жан тынып, ішімдегі жалын шықса
Аузымнан ақ сағымдай мұнарланып.
Құшақтап қыл беліңнен бір таң жатсам
Ақ торғын орамалдай жұмарланып.
Ми, тамыр, ақыл ойда арман қалмай
Мастансам қызығына тым алданып.
Бəйшешек көтеріліп көңіл гүлдеп
Семіріп нəпсі мұрат бір жалданып.
Қардан ақ, қаннан қызыл ет пен бетің,
Иықтан қолаң шашың гүл талданып.
От сөнсе жүректегі жанып тұрған
Сорғанда тілден лəззат маһир қанып.
Етке ет, бетіңе бет тиіскенде
Айтысқан сертке жетсем əбден қанып.
Бұл менің ғашықтығым сізге жарық
Айтыспай асыл сəулем білсең нарық.
Білім, ғылым, ақылды, таза затты
Арасын асыл, жасық қылған парық.
Бір сөзде ақиқат бар инабатты
Алмасаң сыр шықпайды іштен жарып.
Бір сырдың, сегіз қырдың бəрі өзіңде
Неткен жан жамандайды аузы барып.
Шапақтың кешкі батқан қызылындай
Төрт құбылаң тең жаралған дидар шəриф.
Махаббат базарының мағшұғында
Құзырдан құрмет күткен мен бір ғарып.
Жүзіңіз назар салып қарағанда
Еміреніп жан қозғалар ми таралып.
Махаббат шын ғашық жар дегізіп ең,
Әуелден тілің үшін емізіп ең.
Ақырда сөз аяғы қайым болсын
Дегендей қамал тоят жегізіп ең.
Сүйікті заты орайлас, ақылы үйлес,
Гауһарсың бағаң қымбат қолға тимес.
Қызарған бет табылар, ниет табылмас
Жаманды мың көргенмен көңілің сүймес.
Парық кетіп арадағы шарт бұзылса,
Қалайша тəн мен жаным отқа күймес.
Мүбəдə тастап мені кетсең жатқа,
Ешнəрсе басқа өлімнен хайла емес.
Шын ғашық күллі сырды баян етпес,
Уағда айтқан əуел бастан шарттан кетпес.
Надандар махаббаттан ғапыл болған
Ғашыққа жəрдем беріп тағайын етпес.
Асыл ең жаннан түйін сөзге бекем,
Айнымас, сүйсе қайтпас, сөзден танбас.
Бір жанын менің үшін пида қылып
Ауыздан шыққан сөзді екі қылмас.
Жатайық таң жадырап ашылғанша,
Күн нұры жер жүзіне шашылғанша.
Дүниені сен болмасаң қылам талақ,
Жарым деп бір затсызға асылғанша.
Тұғырда тоят жем боп өлген жақсы,
Қу барып қара құсқа қатылғанша.
Таза құс талпынбай-ақ аштан өлсін,
Жем іздеп бір жемтікке шатылғанша.
Деп ойлап, өз нəпсіме дем беріп ем,
Талғамай тəртіпсізге жем беріп ем.
Жас күнімде қызылға қол сермедім
Бір жеуге өлексені ем көріп ем.
Пəрда ашып бағасыз тəн жыртқанымша
Әншейін жай жүруді жөн көріп ем.
Бұлардан көңіл суып, қызық тозып,
Таза жүрек нəпсімді меңгеріп ең.
Нəпсіңе жүрегімді сұлтан қылып,
Тоқтатып өз бойыма дем беріп ем.
Жолыққан таңдап жүріп таңдағаным,
Сіз едің бойға лайық қамдағаным.
Бұрыннан іздеп жүріп жаңа тауып
Өзіме ылайық деп сомдағаным.
Көрікті сіздей гүлді бақ жаратпас,
Басқаға өзіңе аян қонбағаным.
Жаралған жаһан көркі нəсілің бекзат
Гүліндей Фирдаусидің солмағаным.
Бұрынғы перизаттай мисал үшін
Дүниенің ақырында орнағаным.
Сіз бір гүл аман тұрған қазан ұрмай,
Тездікпен сола көрме, бақта тұрмай.
Көруге жамалыңды жиһадтамын,
Басқаға хор да болса мойын бұрмай.
Жүзіне көрген құмар, сүйінемін,
Көргенше дидар қосып күйінемін.
Сипатың көзден таса болғаннан соң
Мастанып дəрманда боп иілемін.
Зат билеп парқ айырса мен де сендік
Көргем жоқ пиғылыңда қазір кемдік.
Сізден соң басқа қызық керек емес,
Егерде осы жолы кетсе теңдік.
Шыға алмай талпынамын торда тұрып,
Биікте миуа алсаң ойда тұрып.
Уағдадан күйсе-жанса жылжымассың,
Арықтап кейін қалма жолда тұрып.
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі