Ана туралы баллада
Туған жердің топырағынан жаралған,
Адам, сені күткен Тау мен Дала алдан,
Бұл ғұмырдың басында ұлы Ана тұр,
Өмір жолы басталады Анаңнан!
Дүниеге нәзік сұлу гүл ғашық,
Жұлдыз жайнап шыға келер түн басып,
АНА жайлы бір толғауды бастадым,
Жүрегімді тебіренткен сырды ашып.
Басын қосып еңбек еткен бар Елі,
Ерекше бір әрі әдемі әлемі,
Татсаң дәмі – ащы тағдыр тартқандай,
Пияз салып, егін еккен Ана еді.
Өмір сұлу, өмір қандай қиын ең,
Келеді аңсыз екі қабат күйімен,
Ойда жоқта босанды ана оқыста,
Шыққан беті ұзап шығып үйінен.
Бұл бір жайға куә аспан, нұрлы көк,
Іштей ойлап жүрген ана ұл тілеп.
Жапан дала, айналада бір жан жоқ,
Дүрсіл қағып келді өмірге бір жүрек.
Аспан-жермен, куә көкте нұрлы Күн,
Айдалада іздеп жатар кімді кім?!
Басы айналып кетті Ана талықсып,
Баласының өзі кесіп кіндігін!..
Таңырқап бір дүние деген тұр қарап,
Таңғажайып сырлы аспан, нұрлы алап,
Есін жиып, бір сәттен соң көз ашты,
Жанында Ана жатыр сәби іңгалап.
Іңгалаған нәресте үні қинады,
Әлсіз ана өз сәбиін қимады.
Тәңір қолдап, қуат беріп бір АЛЛА,
Баласы үшін Ана есін жинады.
Көре-тұғын сезіп көкте күн барын,
Жаңа ғана ұғып ана туғанын,
Әлсіз үнмен деді Ана қиналып:
«Біссіміллә! Тұршы, жаным, тұр, жаным!»
Басы емес бұл керуен көштің де,
Соңы да емес бұл керуен көштің де.
Жапандағы жанайқайы Ананың,
Естілмеді, естілмеді ешкімге!..
Төтен жағдай, төтеп беріп дауылға,
Қайту үшін баланы алып ауылға,
«Тұршы, жаным, тұр, жаным!»
деп қайталап, Анасы
Баласын басты бауырға!
Нұр беретін – бала деген сәні үйдің,
Гүлдентіп бар қызығы бар үйдің.
Аман-есен оралғасын үйіне,
Ана ойланып атын қойды сәбидің.
Бәріне де куә болып тұнған көк,
Айналада кіндік кесер бір жан жоқ.
«Тұршы, жаным» деген сөзбен сыр тартып,
Баласының атын қойды: «ТҰРЖАН!» деп.
Басқа түскен тағдырына төзбес кім,
Тағдыр билер, өмір солай, сезбес кім?!
ҚҰРБАНӘЛІ, ӘЗДЕК АНА ПЕРЗЕНТІ –
Сол ТҰРЖАНМЕН кең көшеде кездестім.
Сырын айтып ТҰРЖАН іштей қайғырған,
Ата-анасы ұшқан аққу айдыннан.
Алла ісі, тағдыр ісі ертерек,
Әкесі мен Анасынан айрылған.
Жанары мен жүрегінде мұң тұнған,
Сан күресіп өмір үшін ұмтылған.
Қапияда қолқа салып ол маған:
«АНАМ ЖАЙЛЫ ЖАЗШЫ!» деді бұл ТҰРЖАН!
Тақырыпты біз іздейміз кейде осы,
Өзі өмір – тақырып қой дей ме осы.
Өз кіндігін өзі кесіп жапанда,
Өмір үшін күрескен,
Көз алдымда тұрды АНА бейнесі!!
Дүниеге өтеп АНА қарызын,
Табиғатқа айтқан АНА арызын,
Сол АНАЛАР, сол АНАЛАР үшін де,
Қолдан келсе өмір кешу,
Ғұмыр кешу – парызың!
Анаң өтті. Өмір өзен тынған жоқ,
Анаң өтті. Аспан көзін жұмған жоқ.
Әлі күнге АНАҢ айтып тұрғандай,
«ТҰРШЫ, ЖАНЫМ! ТҰРЖАН!» ДЕП.
Тұрдың, ТҰРЖАН! Дүниеге тік тұрып,
Азаматтық тұлғаң барын ұқтырып.
Сенің басқан қадамыңа қуанып,
Бұл өмірде әке-шешең күтті үміт!
Алатаудан сенің Күнің шықты асып,
Азаматтық әр қадамды нық басып.
Аяулы бір АЗАМАТЫ қазақтың,
Тұрдың, ТҰРЖАН жердің бетін тік басып!
Ата-анадан ардақты жоқ Адамға,
Тағдыр деген төтеп берер қамалға.
ТҰРЖАН баурым, Азаматсың мен білсем,
Әлі жассың, сенің Күнің әлі алда!..
Біз өмірде кездеспесек қайтер ек,
Жолықпайтын тағдыр ғой деп айтар ек.
АНАҢ ӨЗІ КЕСКЕН СОЛ БІР КІНДІКТЕН,
ҰРПАҚТАРЫҢ ЖАЙҚАЛА ӨССІН,
БӘЙТЕРЕК!!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі