Домбырам, менің домбырам
Домбырам, менің домбырам!
Мезгілмен мәңгі жарысқан,
Ғасырдан озған тарланым.
Жоғалтпай сонау алыстан,
Жалғаған бабам арманын.
Замандар келген жасырып,
Жеткіздің ұрлап қалғанын.
Зарлады талмай қос ішек
Пәнидің сезіп жалғанын.
Біреулер кештеу түсініп
Өшерде тістер бармағын.
Осылай ақын толғаса
Батырар ойға жан-жағын.
Әлемде қанша өнер бар,
Домбыра таңдап алғаным.
Айтылмай қалған сырларды
Пернеңе сенің салғаным.
Заманы қарсы болса да,
Сезімін Бөбек жақтадың.
Қосыла жылап ақынмен,
Қайыптың зарын сақтадың.
Ғасырлар сырын жеткізіп,
Сезімін баба ақтадың.
Жабырқау жанды жұбатып,
Көңілдің күйін тапқаның.
Бауырға бастың бәрін де,
Алалап сірә жатпадың.
Домбырам менің, домбырам,
Өзіңсің нағыз тақтағым.
* * *
Сайрашы, сайра домбыра,
Ғашықтың нағыз өзімін.
Жаныма сазың егеді
Өмірдің нәзік сезімін.
Жай соғып, бұршақ төккенде
Жарылып кеткен төзімім.
Тіл бітіп бір кез сайраса
Аумаған, шіркін, өз үнім.
Бір шегі зарлап береді
Атаның шексіз төзімін.
Домбыра сазы қайғылы
Жаныңның жара кезі мың.
* * *
Тербеткің келсе сезімді
Ішекке ғана салдыр ән.
Үміті өшкен зарлының
Жанарын сөнген жандырар.
Бейнелеп өмір белесін
Жеті саз етіп қалдырар.
Пернені тауып баса алған
Мейірін елдің қандырар.
Биіңді, төре, ханыңды
Баладай сөгіп жазғырар.
Домбыра күйге бөленсе
Өлеңге өлшеп саз құрар.
Домбырам, менің домбырам!
Тірлігім, тойым өзіңсің,
Салтанат, сәнім өзіңсің,
Бабамның үні өзіңсің,
Заманның міні өзіңсің,
Ұлымның бары өзіңсің,
Қызымның ары өзіңсің,
Ойымның нәрі өзіңсің,
Өмірдің бәрі өзіңсің,
Байлығым, өнер, бақытым,
Өзіңсің, өзің, домбырам.
Қосады үнге қос ішек —
Жоқтауың жесір қаралы,
Құланды кеткен жаралы,
Атпаған шағын таң өлі,
Иімей тұр ғой нәр әлі,
Тартыпты-ау содыр сазаны,
Болыпты-ау жуас жазалы,
Алыпты-ау тентек мазаны,
Бәрі де, бәрі, бәрі де
Ақынның тартар азабы.
Жабырқай қалсам сырласым
Шежірем, менің домбырам!
Саздың да қысы жазы бар,
Дыбыстың сұлу назы бар,
Пернеде жүрек сазы бар,
Айтпайтын сыры, базы бар,
Сезімді шегі шертілсе
Сақина басың жазылар.
Топан боп бұрқап, тау жарып
Дауыл боп ұлып, азынар.
Ілмелеп шебер саусақпен
Ұмытқан шерлер қазылар.
Домбырам, менің домбырам!
* * *
Домбырам, менің домбырам!
Бабамнан мирас меншігім
Сайраған сазды домбырам.
Сыпыра жырау, Доспамбет
Солардан қалған бұл мұрам.
Шешеннің тілі жетпесе,
Ерлікке бастар соңғы ұран.
Қос ішек жүйке тамырың
Құлағын бостау, оң бұраң.
Кей сазы жанды мұздатар
Кей сазы тәнді тоңдырар.
Кей сазы билеп еркіңді
Ақылдан алыс қондырар.
* * *
Ен далам, шексіз Байтағым
Шанаққа сыйып кетесің.
Атырау-Алтай жалғанар
Бір сазбен тауып төтесін.
Жоқшысы өзің даламның
Қайтарар кеткен есесін.
Өнерге қырын қараған —
Қор болып ғұмыр кешесің.
Өнерді азық еткендер
Мұратқа ақыр жетесің.
Жырлай да зарлай өтесің,
Наданнан көріп кекесін.
* * *
Бар әлем ойын меңгерген
Домбыра неткен сұңғыла.
Таңбамен жеті саз құрап
Сан тілде сөйлер сол ғана.
Қараны ханға теңгеріп
Толғана алар ол дана.
Елгезек іні жұмсасаң,
Шау тартса денең — қол бала.
Қаралы болсаң бір күні —
Сен үшін жылар толғана.
Жан-тәнің енер жұмаққа
Домбыра сені қолға ала.
Сайрашы қартым, сайрашы
Өмірдің мәнін толға да.
Домбырам, менің домбырам!
* * *
Домбырам, менің домбырам! —
Сағадан перне басылып,
Жүйкеңді шымырлатқанда,
Санаңды дауылдатқанда,
Тұнықты лайлатқанда,
Тәніңді терең тартқанда,
Жүйкеңе шеге қаққанда,
Түнеріп таңың атқанда,
Қанталап күнің батқанда,
Қамқорым өзің, қамқорым,
Құлағың тістеп домбыра
Келді ме сырын игергің?
Басыңа жастап домбыра
Құпия сырын бір білгің?
Ендеше тыңда ұғып ал
Өлеңмен тоқып тұр қылдым.
Домбыра деген шырағым!
Ай, домбыра деген ол өмір —
Сайраған сәті бұлбұлдың,
Шапшыған сәті дүлдүлдің,
Жайнаған сәті қыр гүлдің,
Үзілген сәті бір гүлдің,
Ақтабан сәті еліңнің,
Қақсаған сәті төліңнің,
Қазылған сәті көріңнің.
Тарылған сәті төріңнің,
Жау болған сәті жақынның,
Дал болған сәті ақылдың,
Терлеген сәті тақымның,
Өрлеген сәті ақынның,
Осылай шалқып шарықтап
Домбыра сені жыр қылдым!
Жеткізе алмай бейнеңді
Кемдігін дарын бір білдім.
Ығында кетіп сандалдым
Сезім де деген құрғырдың.
Домбырам, менің домбырам,
Зарлатып қойған өзіңді
Алдыңда күнәм бар шығар.
Қорлыққа жеткен "Ақтабан",
Түңілмей қалай жан шыдар.
Қарындас басы бірікпей
Дыбысың содан зар шығар.
Ақбөбек-Қайып алдында,
Қызармай қалай ар шашар.
Жұбаттың өзің жыласам,
Демедің өзің құласам,
Кешірші мені домбырам!
Басымды идім қария,
Домбырам менің, домбырам!
Ақтау. 22 мамыр 1998 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі