Өлең, жыр, ақындар

Әкенің соңғы тілегі

  • 05.06.2022
  • 0
  • 0
  • 485
Әкем (14.03.1909 - 14.11.1989 ж.) менің аты жаман дертке шалдыққанымды естігенде: "О, Жаратқан! Кезегіңді сақтай гөр! Талай ғұмыр сұрап жалынып едім, беріп едің. Енді осы тілегімді де бере гөр!" — деп, еңіреп жылаған екен. Сол күннен дәл бір ай өткенде

Алла тілегін қабыл еткен болатын.
Жалынумен келемін, уа, Жаратқан!
Дәм татқыздың, өкпе жоқ, шартараптан.
Қырық жамау шекпенмен "ит жеккенде",
Аман қалдық, қысқанда қаңтар, ақпан.
Арам жүзі адалдан өткір шығып,
Сол заманда "тырнақтан көп кір шығып",
Тап болғанмен зауалға қайта-қайта,
Өлім емес, сұрағам тек тіршілік.
Жиырмасыншы жылдары малымды алды,
Аштық соққан кісінің — жарым жаны.
Қырық жеті матаған қайран сұлу,
Бір қап бидай болған-ды қалың малы.
Отызыншы жылдары арымды алды,
Жетім бала, қорғансыз жарым қалды.
"Халық жауы едім" деп жан сақтадық,
Ел серкесін, ақылын, дарынды алды.
Қырықыншы жылдары қырғын келді,
Оқ өтіне қорған боп тұрғын деді.
Екеу ара бір мылтық, жүрек — қалқан,
Бұ да текке, мәнсіз қырғын ба еді?
Тірлік қымбат сау түгіл ауыс жанға,
Мен тілегем, төбеден жау ұшқанда.
Ернеуіне окоптың үйген құмды,
Зуылы оқтың ұшырып тауысқанда.
Елуінші жылдары еңіредік,
Қылмыстыға орынсыз телінелік.
Тағы кесті басымды, мойын қалды,
Не үшін жауды сонда біз жеңіп едік?
Алпысыншы жылдары ақылды алды,
Түсініксіз бір заман жақындады.
Кісіліктен жұрдай боп, іше бердік,
Тек асылып өлуге қақың қалды.
Жетпіс, сексен жалғасты сонысымен,
Басты етігін басшылар қонышымен.
Әділетті алысқа алып кетті,
Іс тындырды жалғасып қол ұшымен.
Жағынбадым ешкімге итаршы боп,
Мені жеңді қай заман, қай таршылық!
Мен түсінгем кісіге өмір өтсе,
Бар керегі шүберек, бір шаршылық.
Жалындым тек, ей Алла, бір өзіңе,
Қостау таптым өзіңнен тілегіме.
Соңғы тілек сұраймын — ажал оғын,
Жалғыз маған, тек маған, бір өзіме!
О, Жаратқан!
Он сегіз мың ғаламға жан жаратқан!
Алпыс екі тамырға қан таратқан!
О, Жаратқан!
Тек ұлымды сақтай гөр ажар оқтан!
Кезегімді бере гөр, шын сұрадым,
Соңғы тілек, осыным, О, Жаратқан!

Ақтау, 29.10.1993 ж.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әке суреті

  • 0
  • 0

Жетім қалып жасыңнан
Қиындық көріп өстің-ау
Жаласымен жаулардың
Тозаққа талай түстің-ау.

Толық

Асау

  • 0
  • 0

Тымағыңды басыңқырап киіп ап,
"Шыбын жанды шүберекке түйіп ап" —
Қарғып мінсең арындаған асауға,
Жігіт аты кетті-ау саған сыйып-ақ!

Толық

Жалған емес, дүние жалған емес

  • 0
  • 0

О, жарық Күн, бір атып, бір бататын,
О, Аналар!, тірлік боп тіл қататын —
Сен екеуің бастауы жанымыздың,
Сендер ғана көз жасты құрғататын.

Толық

Қарап көріңіз