Жан азығым — атамның мұралары
Бұл жан жарасы туралы толғаныс жазу менің ойыма аяқ астынан туындап еді. Өзімнің қатты науқастанып жүрген кезім болатын. Арал қаласында тұратын бір танысым кездесіп қалды.
Ол: — Халің қалай, ауырады деп естіп едім?
Мен: — Ауру өңеште. Аты жаман ауру деп жатыр. Өз жағдайың қалай?
Ол: — Арал құрып бара жатқанда пенде өз басы туралы ойлана алмайды екен.
1. Алғы сөз
Асқақ сөйлеп, тыңда деп теңіз ұлын,
Дейтін ылғи "мен Арал егізімін!".
Еркесімін елімнің, еркін қазақ,
Мен Аралдың, — дейтін ол, — лебізімін!
Тағдыр оны енді еркін дегізбедің,
Өксіп жатыр ала алмай теңіз демін.
Жүдеу кескін, жағада кепкен қайық —
Дәурені өткен кез екен егіздердің.
Жанға батқан жүк ауыр, қабақ қатты,
Дауыста — мұң, сазында азап жатты.
Өшпестей ғып "дүлейлер" таңба басқан,
Егіз жанын езіпті, азаптапты.
Сәлем бердің, дейді ол, құр жаныма,
Адамға ұқсап қалқиып тұрғаныма.
"бақыттыны көргенде сескемін,
Мүмкін оны біздерден ұрлады ма?".
Жетім қалдым, зарлымын, сыңар кетті,
Ем табылмас жанымнан жуар дертті.
Аямас ем қанымды "тұз татыған",
Десе біреу: "Күн туды қуар кекті!".
Балықтарда дене жоқ, басы қалған,
Көрсе шошыр, жас алар, жасық адам.
"Туған жердің қайғысы жан азабым!",
Бұл жараны, дұрысы, қасымаған.
Балық түгі Жер сорлы тарығуда,
Қуаныш жоқ шыққан күн жарығына.
Азып-тозып жас ұрпақ бара жатыр,
Адамдарда кетті ұқсап балығына.
Қатты батты дос сөзі шымбайыма,
Аузы ашылып жарамның сыздайды да.
Көкіректе қат-қабат қалыңдаған,
Жан сырларын еріксіз қозғайды да.
2. Жан азығым
Жан азығым — атамның мұралары,
Әдет-ғұрпы, күй, жыры, қыран әні!
Рух күші солардың қолында тек,
Қандай тірлік азықсыз тура алады?!
Жойқын жұтқа ұшырап жан байлығым,
Енді жоқтап, жылаудан талмайды үнім.
Жоқтаңыздар бәрің де, жоқтаңыздар,
Бұл ауыры, зарлысы сан қайғының,
Жанға пайда болмады тән азығы,
Тоқ болғанмен аш жаның құлазиды.
Бұл пәлекет "ақтабан" жұттан жаман,
Жан аштығы аздырар мына бізді.
Биліктілер — "ақ патша" ісінгелі,
Табиғатты, ақиқат түсінбеді.
Текті жандар тексізден тепкі көріп,
Ел алдында билікті кішірмеді.
Міне, солай тозды жан, қиналамын,
Сездім жүрек ұяға сыймағанын.
Қайда ұлттық мақтаныш, оят, оят,
Бар қазақтың намысын - иман, арын!
Жан азығы — еліңнің болашағы,
Оны ұқпасаң — санаңның шала шағы.
Тұңғышындай мәпелеп, баптамасаң,
Ағар, ағар көзіңнің сорасы әлі.
Тағы ағызсаң көзіңнің сорасын тұз,
Құтылмайсың үсіксіз, борасынсыз.
Ендігі жұт — соңғы жұт, "ақтабан" жұт,
Бұзып алсаң жаныңның "қорасын" сіз!
Қастерлей гөр атаңның жан азығын,
Әлем ұғар сонымен қазақ үнін.
Қателерден қортынды қашан шығар,
Бұ не деген ел едік азабы мың?!
Жан азығым — атамның мұралары,
Сонда ақылы, қуаныш, жатар зары.
Кейбіреуі аялап еркелетсе,
Сойып түсер, кездесер қаталдары.
Жан азығың дінің мен әдет-ғұрпың,
Байқа оларсыз түс оңып, кетер сұрқың.
Кез келгеннің қойнында аруларың,
Өзің мәңгүрт, қаңырап жатар жұртың.
Жан азығым - ән, күйі қазағымның,
Ол жоғалса ауыры жаза, мұңның.
Әні қалқып жатпаса, күйі шалқып,
Жоғалғаны атаңның, қазағыңның.
Қазақ көшкен, таптамай қорықтарын,
Пайда іздемей, туған жер сорып қанын.
Тұяқ тессе жер тозар, мал азар деп,
Болашағын қамдаған — мен ұққаным.
Аруақты сыйлаған, өлгенді де,
Сыйланғанды өлсе де, сөнген деме.
"Өлі риза болмаса, байымайды
Тірілерің", — дегенге көнген және.
Ата-баба қашан да ас берген-ді,
Досы түгіл, шақырған қас көргенді.
Татуласып солармен ас үстінде,
Үлгі тұтар әдетін, жас — көргенді.
Тәрбиелік мәні ғой ойлағаны,
Содан болар тойларға тоймағаны.
Жанын солай қамдаған аталарың,
Сол азығың қазағым қайда, кәні?
Домбырасыз той тойлар күндер кепті,
Бастаңғысыз, сауықсыз түндер өтті.
Әнім қайда, айтыс пен әзіл қайда,
Онсыз қалай ойлаймыз гүлденбекті.
Енді айтамыз: "Безбүйрек шықты қайдан?"
Шақырамыз ашпақ боп, "мықты майдан".
Ана сүттен айырдық, тастанды ғып,
"Қатыгездік, — сұраймыз, — жұқты қайдан?".
Басқа шексе өзімдей жан азабын,
Күнә менде, мен тартам ар азабын.
Қырық жамау көңілдің мазасы жоқ,
Келтіре ме жүрекке нала жазым?
Жан азығым — мекеннің, жердің көркі,
Азаматтың парызы, берген серті.
Жан азабым жазылмас, айықпаса
Кепкен көлдің, жер мен су, елдің дерті.
3. Әдет-ғұрпым
Әдет-ғұрпын, сән-салтын аталардың,
Ата — ұлға, қызға — ана баталарын,
Көрмегелі, шашуын термегелі,
Сағыныштан шөлдедім, қаталадым!
Қаталадым өзгеден торыққанда,
Өз үйімде қонақтан қорыққанда.
Жүрек тулап ақылға бой бермейтін
Іздегенде әділет, толып қанға.
Соқты талай жүрегім толып қанға,
Айқайымнан түк шықпай зорыққанда.
Әдет-ғұрпын атамның көп көрмедім,
Айта аламын жобасын шолып қана.
Өсірмек боп ұрпақты "батыл жүрек",
Жүрмеуі үшін айқаста жанын тілеп —
Тартқызыпты көкпарды ұлдарына,
Тану үшін жүрек пен кімде білек.
Құда болған, теңіне бедел салып,
Жастар содан көрген жоқ саяқ қалып.
Арқасында асығыс со шалдардың
Тым ертелеу жататын аяқтанып.
Дархан дала, дарханды көңілі де,
Жанын ұқшы, қонақ боп, төрін көр де.
Қазағымнан, бәріңді сендіремін,
Нағыз досты табасың сүрінгенде!
Бар қатесін қазақтың санап өтем,
Сауық-сайран, ойынды талақ етем.
Есесіне, ағайын, сәлем бер деп,
Ана тілде, өзіме талап етем.
Сен қазақсың — жай жүріп, жай басатын,
Қонақ күтсең іңірден таңға асатын.
Ойламаған ертеңін, үнем, пайда,
Бір кісіге бір қазан ет асатын.
Мен қазақпын — жыршыны алғызатын,
Ата-бабам жыр, әнін салғызатын.
Атала сөз айтқанға басын иіп,
Астындағы мінгізген жалғыз атын.
Ол да қазақ — көнтерлі болып алған,
Ауыз толып жей алмай толы малдан.
Шүкіршілік айтудан жалықпайтын,
Ерітетін тек қана соңына арман.
Біз қазақпыз — қайғысыз бірікпейтін,
Жақынсың деп, алыссың іріктейтін.
Жүз-жүз болып, ру боп араздасар,
Ішке тартып, "арғы атам — түрік" дейтін.
Біз қазақтың қызығын тұз көріпті,
Ақыл тыңдап, орынды сөзге еріпті.
Ерулікке шақырса қонған жұртта,
"Жат жұрттық" деп, ойланбай, қыз беріпті.
Сыңсып, жылап сол жұртта қыз қалатын,
Аттай алмай әдетін, ата салтын.
Босағасы берік-ті, бір ғажабы,
Сол шалдардың, апырым-ай, батасы алтын!
Тіл үйренер бөбегі анасынан,
Жат ауылда қыз қалды, жарасып жан.
Байтақ елдің бір тілде сөйлейтіні, —
Қыз-аналар таратқан, — шарасыздан.
Әдет-ғұрпым бар еді бақ заманда,
Әпсанасы ерекше аңдағанға.
Қыз-бозбала жасауы көз тартатын,
Қазір көрем көрмеде анда-санда.
Талай көрші елімді өзімсіңді,
Ғұрпым, салтым жоғалып, төзім сынды.
Көптен жұғар жақсысы, жағымсызы,
Қашпа, бірақ, кәдір тұт өз ісіңді.
Өз исіңді кәдір тұт, қашпа бірақ,
Өнеріңді, салтыңды шашпа, шырақ.
Қамқор болшы, дәл қазір, жас достарым,
Жіңішкерген кезі ғой, шаққа шыдап.
4. Өткен өмір
Мирас етіп жастарға берері жоқ,
"Қазақшылық — кімге оның керегі" — деп,
Шашып-төккен ағалар, енді міне,
Өкініштің соңынан ереді тек.
Жас ұрпағым алыстап бара жатыр,
Бұл міндет қой, жарымжан қылады ақыр.
Анасынан көрмеген жылу, мейір —
Анау үйде тастанды бала жатыр.
Бойлап көрші ойыма тереңірек,
Қанағат қыл, азсынба, берерім көп.
Ой жүгірттім өткенге қабат-қабат,
Талаптандым тереңнен көремін деп.
"Өз байлығым — өз жауым" — қандай қорлық,
Отаршылдан көріп ек талай зорлық
Өткізбеуге өз тауым, өз жеріме,
Өз мысымнан алдыма құрды тор ғып.
"Көке" десем әкемді — ұлтшыл болдым,
Ауа орнына зор жұтып, тумай солдым.
Семей, Арал бөбегі — зарым менің,
Айыра алмай, қор болды, оң мен солың.
Жерге көктен шашты да тыңайтқышты,
Көркін алды қызымның нұрлы, ай түсті.
Уға малып нан жеген сорлы жандар,
Жасы жетпей біразы сұлай түсті.
Әдет-ғұрып жоғалтып мағынасын,
Өткен қызық күндерді сағынасың.
Жан азығын, азамат, қамдамасаң,
Келешекте елдіктің бағына сын.
Сыр мен Ертіс — арманы бұрынғы елдің,
(Жоқтау айту — мен жазар жырым ба едің?).
Тұмса сұлу (арманшыл) тұңғышының
Жан шошытар, тағдыр-ай, түрін көрдің.
Маңғыстауда мұнай "көл" жарқыраған,
Мақтаңды алғаш, байлыққа шалқып адам.
Қанат қағып соңғы рет сорлы аққулар,
Қонды "көлге", қонғанмен, қалқымаған.
Арал зары — аң зары, адам зары,
Тұманданды ақ-сұр боп таң жарығы.
Түпе палуан атаның ұрпақтары
Жарамады әскерге тең жарымы.
Уын шашады Шымкенттің тұрбалары,
Жоқ қой жанның дәм татпай құр қалары.
Ұшса завод үстінен, демін жұтып,
Жансыз құдап түседі тырналары.
Омыраудан бере алмай тұзды сүтін,
Сырты бүтін, сорлы ана, іші түтін.
Талайлары көнді де "қу бас" атқа,
Қорқыныштан аналық үзді үмітін.
Бұдан артық қасірет бар ма, жоқ па,
Күйіп дертім, айналып барады отқа.
Жанбай бықсып, күл болды үміттері,
Ал жүректер айналды "қара шоққа".
Шегі бар ма озбырлық, зұлымдықтың,
Бодандықтың, аздықтың құнын да ұқтым.
Дүлей күштің тізесі батқан кезде,
Байпаң қағар үйректей бұрын мықтың.
Ауыр күндер өтіпті бастан кеше,
Азаматтар дағдырып сасқан неше.
Төбеттер бар күшігін өзі жеген,
Жан сақтаған қарындас қанын іше.
Сол заманнан аман-сау қалған бар ма,
Көкірегі шерленіп, толған зарға.
Бас иемін орынсыз опат болған,
Арыстарға — ары сау қалғандарға.
Күні кеше бай едік тарландарға,
Тарлан болса ұлдары арман бар ма!?
Әттең, бәрі жазықсыз мерт боп кетті-ау,
Бауырлары бауырдан жанды алғанда.
Жаламенен шырағы сөнгендердің,
Кім сұрайды құндарын өлгендердің?
Мәңгі өшсін, — аттарын сұрамаңдар, —
Жайсаңдарды жазалап, көмгендер кім?!
Арыз жазып құлатқан "мергендердің",
Қарғыс атсын тірі ғап көрген күнін!
Үлкен сотта сөздессе, ақыретте,
Тексерерміз артықтау сүрген демін.
О, ұрпақтар!, қатені қайталама,
Талай атаң моласыз, сай-салада.
Ең ауыры — қандастың сатқындығы,
Саған енді ол ақыл айта ала ма?!.
5. Өкініш пен жұбаныш
Кешіріңдер, отырмын бекініп мен,
(Артық баға алмаспын екіліктен).
Бар сырымды ашамын бәріңе ортақ,
Өз ісіңе бұрындар өкініп пе ең?
Үлгі ала алмай өмірден, өзгерістен,
Өзі емес бар тонын өзге пішкен.
Қазекемнің шошимын, ойыма ал сам,
Бар өмірі тура ма өкініштен?
Өкінішім — жалқаулау мінезім бар,
Бұра бермес көп іске мойыным жар.
Жұбанышым — алғырмын тез меңгерер,
Бар жақсыны сыйғызар қойыным бар.
Өкінішім — өзгені ұлы көрем,
Өзім — көлшік, ол — теңіз, ойы терең.
Жұбанышым — жарысқа қосқандарым,
Жеке келер қас тұлпар сойы дер ем.
Өкінішім — кей бауыр жер ембеді,
Сөз өтпейді, кейбірі керең бе еді?
Жұбанышым — бірде ғүн, бірде қыпшақ,
Өз тегім бар тамыры тереңдегі.
Өкінішім — басқаны ағалаймын
Ағайынды сүрінтіп, табалаймын.
Жұбанышым — балтыры сыздаған күн,
Жетім-жесір, ініге жаға дайын.
Өкінішім - жуастау, бағынышпын,
Үнсіз жүгін көтерем сағыныштың.
Жұбанышым — төзімім тозған кезде,
"Желтоқсандай" қайнаймын, қағыньш, шын.
Өкінішім — жақынмен бақталаспын,
Болар кейде ағамен тақ таласым.
Жұбанышым — қасқа қас, досқа достық,
Жүрегімде мәңгілік сақталасың.
Өкініштен жұбаныш көп пе қазір,
Өксу жасын өткенге төкпе қазір.
Сындырдың ба, ағайын, бір шөп басын,
Аталарды даттауға өкпең әзір.
Жұбаныш қой жігердің жанданғаны,
Бұл кезең бе қазақтың жанған бағы?
Шөп көктейді қыста да шуақтан соң,
Ойла соны, ағайын, қамдан дағы.
Наурыз келді жеріме сәнін алып,
Енді мейрам түсіндік мәнін анық.
Әдет-ғұрпым — ас беру, ұрын бару,
Басқасы да тойланар, бағы жанып.
Шаңырақтың шырағы жағылғасын,
Тал құрыққа көк байрақ тағылғасын.
Ақ түйенің қарыны жарылған күн,
Тілің азат, қуаныш қабыл болсын!
Айтыс, терме — елімнің төл өнері,
Тыңдап қазақ бір байып, кенеледі.
Қайта көктеп гүл ашқан өнеріме,
Нұр үстіне нұр жауып себеледі.
Жұбанышым — еске алдың бесік барын,
Құндақталды саз, сырнай, ескі сарын!
Еске алдың атаңның бас қосатын,
Азан салған көк күмбез мешіт барын.
Біреуге ұзақ, ал кімге қысқа өмір,
Ізгілікпен өткізсең, нұсқа өмір.
Тірлік пе екен мақсатсыз бұл жалғанда,
Тілеп алсаң сор-азап басқа небір?!
Құмар бар ма ,өмірге, құмар бар ма,
Құмарсыз жан ұйқыдан тұрар зорға.
Өмір зулап, дөңгелеп өтіп жатыр,
Бұл дүние ұқсайды бұраң жолға.
Сенде қалай, жас досым, арман бар ма?
Бағыт берем лапылдап жанғандарға.
Ақын сөзі, өзі де есуастық —
Тек қарақан бастарын қамдағанға.
"Ақыл — жастан" деп сені жақтағанмен,
"Тура сөзге, — дейді атаң, — тоқтаған жөн".
Сырахана жобасын білесіндер,
Театрдың есігін ашпағанмен.
Жұбанышым — жалынды жастарым бар,
Арманына әлемнің асқары тар.
Өтті өмірден сан қате, кезі жетті,
Бәрі, бәрі ақылмен басқарылар.
Кірші өмірге ұлтыңның өз үнімен,
Тек сақтасын тентектен "жүген үзген".
Парасат пен ізгілік қосшың болса,
Ақылды жас, сендерден күдер үзбен.
Адам жаны алғыстан құралады,
Адам жаны — атаның мұралары.
Сақта соны, саған да кезек келер,
Келесі рпақ өзіңнен сұрар әлі.
Алматы Ақпан, 1989 ж.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі