Өлең, жыр, ақындар

Енші

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 443
(Сисем Ата басында)

Еркіңнен тыстау асықсаң Сисем Атаға,
Рухы баба жол бастап саған жата ма?
Өрістеп ойың, бусанып бойың кетеді,
Алғандай малып, болмысты мейір, батаға.
Пантион-қауым шежіре шертіп кеткенде,
Жетеді хабар Жерден де, сонау Көктен де.
Байғызға ұя, жыланға сая күмбездер,
Иелік етпес көріне тіпті еш пенде.
Елестер сол кез шексіздік жолда керуен,
Мың ғасыр жасы, толассыз неткен шеру ең?
Шақырдың мені не үшін, баба, дедің бе,
Ғаламды кезсін, салсын деп аз күн серуен?
Ризамын, жетем, жетектет бірін түйенің,
Аударман жүгін, қалғанша қурап сүйегім.
Құлың боп көнем, ботаң боп ерем — керуен,
Бола алсам — панаң, болмасам жанам, күйемін.
Қай жерден, қашан орнықтың келіп Алтайға,
Ат беріп түгел кетіпсің жыра, сай-сайға.
Жетісу, Арқа, Қаратау, Жайық, Маңғыстау,
Аралап түгел алмайсың тауса алты айда.
Алтайдан аттап, Еділге жеттің қозғалып,
Жыртылды жағаң, тоның да тозды жолда анық.
Мың жылдық сапар — ұшпаққа шықтың сан рет,
Шарпылдың талай жалынға, өртке ол да анық.
Кездер бар заман, басыңа бақыт орнаған,
Бірлік боп қонып, ел-жұрттың сәнін қорғаған.
Ойға алсам соны өртейді оты өкініш,
Ой деген жауым, ой деген ылғи сор маған.
Кіл мәрттер — қасиет, дауа сөзіңде,
Уәде құлы, билетпей бойын сезімге.
Менсінбей тіпті Стамбол, Мысыр, Ұрымды,
Қап тауы — жайлау, Азаулы қыстау кезінде.
Еділді бойлап керуен көшкен шағында,
Ордалар салып шалқайған хандар тағында.
Сарайшық, Сарай, Түркістан — кезек Астана,
Әлемнен бабам асырған байлық, бағын да.
Тынығып енді жатыр ма екен бабалар?
Өкпесі бар ма, шыға алмай ойдан балалар?
Шаңырақ кейде шайқалып кеткен кезі бар
Қолымен іні жыртылған талай жаға бар.
Кешірші, қауым, аласа түссек шамадан,
Кетті ме кемдік ініден, кейде ағадан.
Жатамыз кейде көрместей кайта бүлініп,
Кездесіп қалған кездейсоқ иттей қабаған.
Дегенмен елің тілейді жалғыз бір тілек —
Қазақ боп туып, қазақ боп өлер ұл тілеп.
Бірлік боп басқа, үлгі боп жасқа өтсе деп,
Сіздерден қалған сөнген жоқ әлі бұл тілек.
Өшпегей дағы бабадан жеткен сарын, үн,
Кетпегей кеміп екпіні асау сарынның.
Бастысы солар бабамнан алған еншімнің,
Арқауы солар ардақтар бойда барымның.

21.03.2002 ж



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Үміт сапарында

  • 0
  • 0

Арман жай — Жерде ме екен,
Көкте ме екен?
Бар адам арман қуған, қайтсе жетем?
Мен Сені іздеп келем үміт етіп,

Толық

Тым тереңнен тіл қатады біреу үн

  • 0
  • 0

Көз алдымда қаракөк боп жатты аспан,
Бiрде адасып, бiрде санап дөп басқан.
Көкiрекке сыйыспаған көп ойдың
Кейбiрiне өз ұлымдай жақтасқам.

Толық

Мен жалғызбын

  • 0
  • 0

Мен жалғызбын... Солай ма екен барша жан,
Жолдас-жора, дос-жарандар тарқаған.
Отыр ма екен бір-бір інге тығылып,
Жабырқай ма ойдан, тойдан шаршаған.

Толық

Қарап көріңіз