Қайда? Неге? – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Қайда? Неге?» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.06.2022
  • 0
  • 0
  • 733
Бәрi де тарыдай ұсақ
Құмдай майда.
Бiр кездегi
Таудай зорайып жататын
Iрiлiгiм қайда?
Қайда?
Жауынды күнде де
Ағашпен ағашты ысқылап
Шырақ жағатыным қайда?
Қотанға түскен қасқырды
Қуып жетiп –
Тiрiдей! –
Тақымыма
Бiр-ақ басатыным қайда?
Сыздықтатып, тамшылатпай
Тасты сойып
Шаптыратыным қайда?
Iштен шалып,
Оң жамбасыма салып,
Шалқая берiп
Лақтыратыным қайда?
Қайда?
Ендi бүгiн
Өрт тартқан ебелектей
Неге жалпылдап құлаймын?
Дауылды күнгi
Киiз үйдей боп
Бүкiл денеммен селкiлдеп
Неге солқылдап жылаймын.
Неге?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері