Бұл бетте «Сарыарқа» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.
Ғалым Жайлыбаевқа
Үстiне күркiреген бұлттардан
Береке құйылып жататын,
Жазығына дүркiреген
Той мен салтанат
Мереке жиылып жататын –
Аспанның астына жайылған
Жомарттың дастарқанындай
Дарқансың.
Ауыл мен қалаларды
Арқан-жолдармен –
Шандып байлап –
Жауырыныңа салып алған
Арқамсың!
Сөйлеп-сөйлеп кеткенде –
Арнасын керiп! –
Толқып ағатын өзендердей
Толы тарих,
Толы сырсың.
Шаңырағы
Сандал ағаштан,
Табалдырығы
Емен ағаштан қиылған,
Уығын алтынмен аптаған
Керегесiн күмiспен қаптаған
Қонысымсың.
Сарыала қазы бiткен
Қабырғалар секiлдi
Өзендерiңдi –
Әлдекiмдер келiп –
Күтiрлетiп
Сындырып кеттi ғой.
Түгiн тартса май шығатын
Жасыл жайлауыңды
Жындай түтiп
Жүн қылып кеттi ғой.
Үстiңе – көк темiрлерден! –
Жүк артты.
Созылып жатқан
Жота-омыртқаларыңның
Тоқпақтай жұлынын
Шiрiген жiптей етiп
Жұқартты.
(Ақылым алжасты,
Көзiм мұнартты).
Албастыдай бүлiк сап,
Iбiлiстей құтырды.
Құйқанды жыртты
Терiңдi сыпырды.
Жаным –
Үн шығара алмай! –
Өзiн өзi талап
Жағаласып жатты.
Сенiң алып арқаңды
Тұздай сұп-сұр
Темiреткi мен
Қан мен iрiң сорғалаған
Жара басып жатты.
Ендi, мiне, –
Тәуелсiз теңдiгiң,
Бостан күнiң туды.
Абырой мен даңқың
Асқан күнiң туды.
Бойыңа – қайтадан! –
Қайрат құйылып жатыр
Жаныңа – қайтадан! –
Айбат жиылып жатыр.
Ұлы Сарыарқам менiң!
Тiрлiгiң – ұласқан! –
Армандай болсын.
Бiрлiгiң – тұтасқан! –
Ормандай болсын.
Жаныңа жақсылық жиылсын.
Әндерiң алтындай төгiлiп,
Күйлерiң
Күмiстей құйылсын.
Қазаның
Жай күндердiң өзiнде
Тойдың қазанындай
Асып-төгiлiп
Қайнап тұрсын.
Қара суыңның өзiне
Қалқыған шөмiштiң
Күшi жетпей! –
Сабы сынатын
Бес елi қаймақ тұрсын!
Сарыарқам менiң!
- Нарша Булгакбаев
- Марғұлан Сейсембай
- Әлкей Марғұлан
- Әлкей Марғұлан
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі