Өлең, жыр, ақындар

Испан ұлы

  • 11.07.2022
  • 0
  • 0
  • 715
Бұлшық еті бұлың тас,
Испанда бір ұл — алмас:
Жарған тауды, қияны,
Оқ даусынан құлағы
Қарылса да, қыран жас
Жарғақ құлақ жастыққа
Тимей, төзбей, қастыққа,
— Қайғырмай бойда жараға,
Шықты ұлан қалаға
Мадридпен ұрандас.
Көктен бомбы бұрқылдап,
Жаудың оғы жарқылдап,
Қара түнді қақ жарып,
Дүлей тауды аударып,
Құздарда құс ұшпады.
Оқ қарыған айды алтын,
Түнде ұлан мандатын
Қайта-қайта қараумен,
Мандатын жанға балаумен
Келе жатып ұсталды.
Ол ұланды ұстаған,
Ішінен жау деп нұсқаған,
— Әскери киім киінген,
Қабағы бұлттай түйілген,
— Фашистердің жендеті:
Фашистің төрт көкжалы,
Ұстап оңай олжаны,—
Машинаға мінгізіп,
Гүрілдетіп жүргізіп
Кетті... Өлтіру міндеті.
Өлерін ұлан сезді ойлап,
Өлімге енді бас байлап:
«Ең соңғы рет келсе күш
Халқым үшін пайдалы іс»
— Деді,— «істеп кетейін!»
Машина жолда құлдырап,
Шаңы аспанға бұрқырап
Зырлағанда алдынан
— Қарсы шығып бір топ жан
Құрыштан оқ жаудыртты.
Сол кез ұлан: бір істі
Жасауға құртып фашисті,
Қарсы келген өзінің
Әскеріне сөзімен,
— «Жау мұндалап» танытты.
Сол кез өршіп күштері,
Испанның халық әскері
Үсті-үстіне оқ атып,
Жауды оққа сұлатып
Үстін тінтіп қарады.
Төртеуі фашист қараса,
Бесінші балаша
— Бетінде нұры ойнаған,
Жуықта қайтқан майданнан
Мегеул ед, баяғы.
Ол Мегеул кісісі
Профсоюз хатшысы,
Ол Мегеул — механик,
Ол коммунист — серті нық,
Түссе де фашист қолына,
Орындап өлді міндетін;
Үйткені, төрт жендетін
Өлтіре өлді фашистің,
Құрбан қылып басын шын
Таң үшін майдан жолына.
Бұлшық еті бұлың тас,
Испан ұлы — ол алмас.
Қаруын алып қолына
Аянбай майдан жолында
Өлді, бірақ — ол өлмес!
Үйткені,— парт мандаты,
Жасайды мәңгі, қалды аты,
Туы, жалын майданда,
Сұғылған майданға
— Қуаты — құрыш,— көк алмас.

1937



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тұңғыш жаз

  • 0
  • 0

Зор меже жеті жылдық тұңғыш жазы
Гүліңдей қырдың қызыл ту ұстады,
Құйылтып көкірегінен дән маржанын
Тың дала күнге еркелеп тыныстады.

Толық

Ұйғыннан

  • 0
  • 0

Толқынды кәрі тарих ізінен мен
Қанға ұқсас қызыл гүл, шешек тердім.
Шабыт алып қыз көктем жүзінен мен
Жаздым жыр. Бар асылымды елге бердім.

Толық

Ақын көзі қадалса

  • 0
  • 0

Алатаудан жел соқты таң сәрі еді,
Сол самалды жанымыз аңсап еді,
Қартаймасқа жаралған жаны сұлу
Жандар — тәтті жел лебін тамсар еді,

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар