Жылқышының әні – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Жылқышының әні» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1243
Тау жайлап жылқышымын, қыр қыстаған.
Қарыма іліп баулы құрық ұстаған,
Жоқ кісеу, құлында да, тайда тісеу
Жылқымен ермін қыста бір қыстаған.
Арғымақ туған құлыным,
Тараймын жібек тұлымын;
Қылын қылау шалмаған
Туындап есіп түлігім.
Тау жайлап қыс қыстаған жылқышымын,
Білемін жас күнімнен жылқы сырын,
Құлағым елеңдемей тұра алмайды
Естісем азынаған жылқы шуын.
Құлындарым тұлпардан,
Шапса озады сұңқардан,
Мыңғырып өскен қыл құйрық
Қаптаған сансыз қырқамнан.
Тең өскен тай - биедей, құлын-тайдай,
Қалған жоқ бір бие де құлын салмай,
Өсірдім ерге тұлпар, елге түлік,
Құлпыртып сәйгүлікті құлан жалдай.
Күңгір-күңгір кісінеген,
Таңдайынан есінеген,
Күреңді мініп ән шырқап,
Тұлпарды ермін өсірген.

1949


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері