Владимир Ильич Ленин
Поэма
Россия коммунист партиясына арнаймын.
I
Уақыт, сөзді бастаймын Ленин жәйлі,
Емес уайым жоқтықтан одан асқан.
Уақыт, неге десеңіз,— ауыр қайғы
Мойытып, қара бұлттай үстен басқан.
Уақыт, Ленин ұранын жаңғырта бер,
Біз бе егіліп көз жасын көлшік қылар?
Тірілерден тірірек Ленинді көр,
Бізге ол — білім, күш-қайрат, құрыш құрал.
Адам — қайық, жүрсе де құрғақ жерде,
Дәм-тұзы таусылғанша сүреді өмір,
Шаян тектес әр-түрлі жәндіктер де
Бүйірден жабысады бізге не бір.
Содан соң көк дауылдан көктей өтіп,
Отырасың қарсы алып күн шапағын,
Қабығын су шаянның аршып, шертіп,
Жұласың селдіреген қу сақалын.
Өзімді Ленин нұрымен мен тазартам,
Жүзуге революцияға алға қарай.
Мыңдаған жол әлеміш жырдан қорқам
Алдамшыдан қорқатын жас баладай.
Жырым — гүлді тәждей жалт-жұлт еткен
Данаға сай болмайды-ау деп ойлаймын.
Нағыз дана данышпан жанға біткен,
Бүркейді-ау деп Лениннің кең маңдайын
Мәнерлеп, Мавзолей сап күллі ұрпағың
Сый-құрмет көрсетем деп қошеметті,
Күңгірттетіп алмағай деп қорқамын
Лениндік кішіпейіл қасиетті.
Құр жел сөзбен кірлер деп дана реңін,
Мен қорғаймын көзімнің қарасындай.
Үнін қосты жүрегім, міндеттімін —
Хақым да бар жазуға дәл осылай.
Бар Москва, жер мұздап, тебіренді үннен,
Түннен тоңған жұрт жағып жылынды отты.
Не жасады ол,
Кім еді ол,
Қайдан келген,
Неге сонша жұрт оны құрмет тұтты?
Маржан сөздің
Төксем де мен талайын —
Біреуін де дей алман — оған лайық.
Неткен кедей әлемде сөз сарайы!
Данаға сай сөзді алам қайдан тауып?
Бізде бар ғой жеті күн, он екі сағат.
Өз өмірінен кісі ұзақ сүре алмайды,
Ажал шіркін кешірім сұрамайды;
Жүйткісе өмір, сағатты шабан дейміз;
Календарға сыймаймыз, дәуірлейміз.
Ол кезде біз бұл тұтас «заман» дейміз,
Ол кезде біз бұл жаңа «дәуір» дейміз.
Біз — түн болса ұйықтаймыз, ал, күндізде
Түсеміз әдетше бір әрекетке.
Көк шалапты піскендей
Күбімізде көкиміз кеп
Жел сөзді тектен текке.
Бар жұрттың, істер ісін жалғыз істеп,
Құбылыс күшін бір адам кетсе билеп,
Оны — айтамыз бұл — нағыз пайғамбар деп
«Данышпан» екен дейміз жұрттан ерек.
Дауласып жатпаймыз біз, шақырмаса —
Бармаймыз,
Сұғанақтық жасамаймыз.
Ұнатса әйеліміз — соған дағы
Мәз болып, шектен асып масайраймыз.
Біреудің тұлғасы мен жаны егер сай
Болса оны — ұқсамайд деп бізге түрі —
Түйрейміз «патша сияқты» екен пай, пай!
Кісі ғой дейміз өзі «берген тәңірі».
Дәм де жоқ, тату да жоқ сондай сәнсіз,
Құрғақ сөз түтінше ұшып кетеді өктей,
Ондай сөз құр қауыздай қалар нәрсіз,
Не ойға, не сезімге әсер етпей,
Ленинді өлшеп болар ма ондай көзбен!
Бұл «дәуір» есіктен кеп енген кезде,
Бас соқпай маңдайшаға енді лезде.
Әркім-ақ оны айқын көрді көзбен,
Сондай-ақ, дерміз бе біз ұлы Ленин;
«Көсем болды тәңірінің мейірімінен?»
Болса ұқсас ол патшаға, я, тәңірге
Мен төзе алмай ызаға бой кернеген,
Құрмет етіп тойлаған топ-топ елге
Қарсы болып шығар ем бір бүйірден.
Бүгін чека отырған орынынан
Босаңсыр еді мүмкін бұл қайғыдан
Бірақ та Дзержинский нық адымдап,
Табытты ұстап келеді жүріп бізбен.
Тек мұз боп жас бетке ағып домалаған
Миллион көзден менің де қос көзімнен.
Құдайға таңсық емес қайғы мен мұң.
Жоқ! Бүгін шын ауырып мұзда жүрек!
Жерлейміз, асқан нағыз жер адамын
Жер басып өткен күллі жаннан ерек.
Ол дағы жер перзенті жаны күлген
Емес тек шалымы жоқ кейбіреудей
Шалғайды шола алмайтын көзбен танып,
Жер шарын құшағына ол алып бірден —
Дүниені көрді жатқан мезгіл жауып.
Аумаған сіз бен менен оның түрі,
Тек, қана тереңірек бізден гөрі
Тұңғиық қабағында ойдың ізі,
Күлдіргі, бізден қатаң лебізге ерні.
Қаталдығы емес ед, жегіп атты
Ұлықтай мейманасы қайтқан тасып:
Божысын жеккен аттың қағып қатты
Кетердей күпсінетін сені басып.
Жолдасына ол мейірімді марқабатты,
Дұшпанына темірден бетер қатты.
Біз білетін білді о да осалдықты,
Сырқатпен де алысты біз сияқты.
Айталық, мен ұнатам бильярдты,
Көсемге тән — шахматты ол ұнатты.
Кешегі пешкілерден адам құрап,
Шахматтан аттанса ол жауға бүгін,
Түрмелі капиталдық тура6 құлап,
Орнатты ол жұмысшы тап үстемдігін,
Өмір — бірдей қымбат-ақ бізге де, оған.
Неге ол үшін, мен шалғай тұрсам да одан,
Дәтім қалмай жанымды қуанғаннан
Қияр едім оның бір деміне алған!
Тек, мен емес!
Кімнен мен артық болғам?
Сол үшін өл деген, тек ым қағылса,
Қайсың шыдап селеннен ойдан, қырдан
Төзе алар ең ұмтылмай алға баса?!
Теңселіп шарап ішкен жандай бейне
Трамвай торабында өлсем ессіз
Кім менің жылар еді өліміме,
Ажалдың азасында мұндай шексіз!
Жөңкіле ту көтеріп дүрілдеген
Россия болды енді көшкен елдей.
Жұрт толып,
Колонна зал күңіренген,
Неге?
Не үшін, осынша себеп нендей?
Телеграф үні
Қарлығып зор қайғыдан,
Қар жас төккен нарт кірпік жалаулардан.
Кім еді ол?
Не істеді?
Шыққан қайдан
Бұл — адамның асылы артық туған!
Қып-қысқа көзін жұмған күнге дейін,
Бізге айқын болды өмірі Ульяновтың.
Бірақ, жолдас Лениннің кең өмірін
Суреттеп жазу қажет ойланып тың.
Екі жүз жыл шамасы ерте тіптен
Ленин жайлы аңыздар елге жеткен.
Бромлей мен Гужондай бабалардың
Естисіз бе жаңғырған темір даусын?
Қарт ғасырды кескілеп үні олардың,
Тұнғыш бумен жүргізген машинасын.
Капитал неке, тәжсіз дәрежені ап
Жеңілді шаруа күші деп кеп жарлап,
Қаланы ол тонап, талап, жалап, жалмап,
Қампитты қаржының ол
Қарнын мықтап,
Мықшиып, станокта жүдеп-жадап
Көтеріп шықты еңсесін жүмысшы тап.
Сол тап сонда ызалы қаһар төкті.
Олар салған трубалар көкке жетті: —
Біздің күшпен алтынға байлар бөкті,
Алтын үшін көпір ет бізді мәңгі.
Туғызамыз бір ұлды ер жүректі,
Ұшырамыз кек ал деп сол қыранды,
Сол ғана берер бізге алып кекті!
Туды күн бұлт пен түтін араласқан,
Қатарғы әскеріндей бір полктың.
Қос қабат секілденді биік аспан,
Көк түтін ұрды атылып төсін бұлттың.
Товар — таудай өсті аштар арасынан,
Директор қасқа маңдай — бір сумаң кеп:
Шотты қағып,
«Дағдарыс» — деп қысылған,
Жазды жұртқа жарлықты: —
«Есеп ал!» — деп.
Дән дәмін шыбын шарлап барлығының
Бұзылды элеваторда астық шіріп,
Астында Елесеевтер жарлығының
Көбейді аш-жалаңаш жұмыссыздық.
Кептірді жеген кебек жұрттың қарнын,
Балдарды жұбатуға жылағанын
Жұмысқа мылтыққа да тұр қол дайын:
Келші тез, қорғанышым, кек аларым!
Әй, түйе, елді отар еткен жаншып!
Әй, болат кемелердің колоннасы!
Аттан, тез сахараға оттай өршіп!
Ақ қағаздан ағырақ көбік атшы!
Көз тікші, сонау бұлдыр қарасынға
Пальма өскен сахарада ғажап не бір,
Әне, алтын плантация ортасында
Таяқ жеп жатыр талып зарлап негр:
— У-у-у-у-у,
У-у-у!
Менің қайран Нилім!
Өмірдің шайқалт түнек қара күнін!
Түске енсе менен бетер болсын қара,
Жансын өрт қаннан бетер боп қызара!
Отырған бүкіл осы кофе ішінде
Үйтілсін ақ, қара — елдің жуандары.
Ертеде өлген пілдің тауып азу тісін —
Етіне, жүрегіне сұқ алдағы.
Немере, шөбере үшін тым болмаса
Деп, қанды өкінбеуге босқа төктім.
Жүзіп тез жетші, қорғар күн келбеттім.
Алқымнан ажал алды, сөндім, біттім.
Ұмытпа зарлы үнімді қайран Нилім!
Қырына Россияның — қарлы, ызғарлы
Жеріне жанталасқан Патагонның,
Әкеліп ретімен уақыт қойды,
Денеңнен терің солар станогын.
Ивано-Вознесенскі тас тұлғасы
Айтқаны мынау әннің қайырмасы:
«Эх, заводым, заводым,
Сарғылт көзім сен едің,
Жаңа Степька Разинді
Күтіп тұр уақыт, дер едім».
Го-ро-до-вой деген сөз не нәрсе өзі? —
Деп сұрайтын кәзіргі балалардай,
Немерелер сұрайтын болар кезі:
Капиталист деген не сөз? — деп ұғына алмай,
Капитализмнің суретін — тегін, түсін
Жазайыншы бір бетке ұрпақ үшін.
Капитализм өзінің жас шағында
Әжептеуір жігерлі жігіт болған.
Бастапқыда білмей ол жасқануды,
Шаршармын деп жұмыстан ойламаған.
Феодал трикосы болды оған тар!
Тыртиды дәл кәзіргі кигенінше,
Капитал революциялық көктеумен
Күшейді, «Марсельезді» айтты өзінше.
Шығарды ол машинаны тыңнан ойлап,
Басына қойды еңбектің адамдарын.
Осынау әлемдегі ескен қаулап
Жұмылтты жұмысшының балаларын.
Ол, бірден талай патша, графтықты
Алтын тәж самұрығымен бір-ақ жұтты.
Өңкиген ертегінің өгізіндей
Жалақтап парламенті тілін сұқты.
Ол — толып манаурап құр ісіп, босап,
Уақыты озған сайын тозып, қаусап
Өзі — нақ Гросбухқа7 тұрды ұқсап.
Ғажайып сарай салып, ол құтырған,
Бір шебер емес иесі ол еңбектің;
Едені — ампир,8 төбесі — рококодан9
Үй жарын үлгісімен оюлаған
Каторз10 XIV Людовиктің11
Айнала көз жіберсең бағушыға
Бетін — бөксе десең де болар, сірә,
Қоршаған бөксе бетті — полиция.
Сезімсіз жырға, сырға жан жүйесі
Сиырдай гүлдің иісін сезе білмей,
Этика, эстетика тағы өзгесі
Оның жәй қызметкер әйеліндей.
Жұмақты, жәннетті ол қолда ойнатқан,
Нәрсесін кемпірлерге көрсең сатқан:
Жарға ілген, шеге тескен крестер мен
Қауырсын қаламнан да қасиет тапқан.
Ақыры шектен асып өсті мықтап,
Ол үшін құл істеді қызметті.
Тек байып, ішіп тойып, жатып ұйықтап,
Капитализм күпсініп кеуіп кетті.
Әлемнің тарихының жолында өзі
Сілейіп төсегінде жатты алжып,
Өтпейсің орап оған соқпай тегі,
Ең дұрысы — талқандау, оны жаншып!
Білемін, тыжырынар, лирик төзбей.
Сыншылар ала ұмтылар шыбыртқысын:
— Жаны қайда?
Мұнысы — қара сөз ғой!
Өлең қайда?
Сөзінде — жоқ деп қисын?!
Капитализм — сұлу сөз емес өзі
Әдемі «бұлбұл» деген — әлдеқайда,
Мен бұған қайта оралам, келер кезі,
Жолдарын ұранды өлең өрлет алға.
Ананы, мынаны да жазбай қалман,
Ғашықтық өлеңге әзір уақыт жоқ шақ.
Ақындық бар күшімді берем саған
Атой сап атакаға аттанған тап.
Кімдерге коммунизм ұнамаса,
Соларға ол көрінеді болып қақпан.
Сондықтан ондай жандар пролетариатты
Икемсіз, өресі де тар деп ұққан;
Бізге ол сөз — музыка жалын атқан,
Жанды ұрысқа аттантар өліп жатқан.
Үй қабаты сықырлап қалш-қалш етіп,
Астыңғы үйден үскі үйге шығады айғай.
Біз шарықтап өрге өрлеп
Көкке жетіп
Өтеміз тас зынданнан шыңыраудай.
Жер үйден жұмысшының шығар ұлы
Пролетариатты бастайтын үздік тегі,
Капиталға жер беті тар болды енді
Ауырлатып саусағын жүзіктері,
Семіз дене капитал құрсағы өсіп,
Алқымына басқаның ұмтылды олар!
Келе жатыр көк темір құрсанысып,
— Өлтір!
Екі буржуйға болды орын тар
Әр селен — бауырларға болды мола,
Протездік завод боп — әрбір қала.
Жорық бітті, стол тұр әзір шайға
Жеңіс міне пирогтай келді алға.
— Тыңда, жебір, моладан үн дабылдар.
Балдақ ұстап қалғанның рухы өшпес!
Бізді тағы көрерсіз майданда ойнар,
Бұл күнәні сіздерге уақыт кешпес.
Келер адам, келер де жариялар
Соғысыңа соғысты ашар өштес!
Көз жасынан көл болып жер малшынар,
Малшынып жұрт етектен қанға батқан.
Басын иді кей жеке қиялшылдар
Шешеміз деп сандырақ ойды оятқан.
Филантроптар маңдайын жарып алды
Өмірге омақаса соғылды да,
Филантроптардың көмескі мүшкіл жолы —
Миллиондарға даңғыл жол бола ала ма?
Әлсіреді капиталист амал таппай,
Зырлады машинасы желше ысқырып,
Өмір оны ұшырды жапырақтай
Дағдарыс, ереуілдер кетті асқынып. —
Алтын боп кіреміз кім қалтасына,
Кіммен бірге жүреміз, кімге ұрынып?
Миллион милы тап жұрттың ортасында
Тануға мәжбүр қылды өзін ұғып.
Капитал сағаттарын уақыт ұрлай,
Прожектор жарығынан да асып бір күш,
Уақыттан туды келіп Карл ағай,
Лениннің ұлы ағасы
Дана Маркс.
Маркс!
Тұр суретте айқын ақ сақалды,
Қалайша дерсің өмірін бізден әрі!
Жұрт көрді мрамордай жатқан оны,
Гипсте салқын тартқан Кәрияны.
Революцияның бастапқы жолыменен
Жұмысшылар басқанда алғаш қадам,
О, қаншама жылумен ой жүрегін
Жылытып-ақ жіберді Маркс данаң.
Әр заводта тұрғандай өзі тура,
Қолы ауыр еңбектен құж болғандай;
Қанаушы алған қосымша еңбек құнды
Жалтартпастан ұстады тапжылдырмай.
Денесі ұсақ байдың тітіренген
Қарнына қарай алмай жуандардың,
Биржа, ұстаған сол жуан шонжарларын
Деді Маркс: зор күреспен —
Жой таптап,
Алтынның буына тасып күдірейген
Бұзаудан бұқа болған буржуйларын.
Ойлаушы ек: коммунизм өр толқыны
Жағаға лақтырар деп бізді мүлде,
Маркс ашып тарихтың заң тәртібін
Пролетариатты апарып қойды рульге.
Маркстың кітаптары теріп қойған
Әріп те, цифр да емес құр тізілген,
Маркс тік жұмысшыны аяғынан
Тұрғызды бастап өзі лек-легімен.
Деді оларға:
— Өлгенше соғыс, тірес!
Іс — ақылмен екшелмей жөнге келмес.
Келеді тәжірибелі бір ұлы адам,
Бастайды ол жолыменен қанды майдан,
Оның жолы — құр қағаз сызығы емес!
Ойының ең асылын екшеп күллі,
Қолымен жазып бастан кешкендерді,
Қиырдан Маркс көрді Кремльді,
Коммуна жалауын да көрді нұрлы
Қып-қызыл Москваның үстіндегі.
Мезгіл толып, қауындай пісіп еккен,
Пролетариат есейіп жастан өсті.
Қамалын капиталдың таудай шеккен
Талқандап, бұзып-жарып тасқын кешті.
Байқасаң бағзы бір өткен жылдан
Қанша айбат шашып қуат өрге өрлеген.
Күркіреп көтеріліс кектен туған,
Революция күшейді ереуілден.
Томырық мінезінен буржуйлардың
Тьерлерден зар илеп, азап шеккен,
Рухтары коммунар бабалардың
Париждің ірге тасын күңіренткен:
— Тыңдаңдар, жолдас-жора!
Туған, жара
Жалғыз қиын ұйымдас бізден үлгі ап!
Бірігіп ұр!
Жауды соқ, партия боп!
Бір жеңнен қол шығарып жұмысшы тап.
Дер:
«Біз көсем»— шыжалақ кейбір содыр,
Ондайды сөзінен-ақ тез тани қал.
Көсем деген — біздермен жан-тәні бір
Сымнан түзу, таза адам наннан да адал.
Әр таптың діні тілі араласып,
Ақшаның доңғалағы жерді үйірді,
Капитал кірпі түкті қайшыласып
Ине ұшты найзадай боп өсті-өрбіді.
Коммунизм елесі Европаны
Кезіп бұрын қиырдан сәулеленген
Жоқ боп кетіп, жарқ етіп қайта келген.
Осының барлығының себебінен,
Алыста Симбирск өңірінен
Туды бір
Қарапайым бала Ленин.
II
Таныс ем жұмысшымен хат білмеген,
Әліпті таяқ демей өскен мүлдем.
Лениннің естіп ап сөйлегенін
Мән-жайдың ұғынып ол бәрін білген.
Естігем сибирлік бір шаруа кісі
Айтқанын шығарып бір әңгімеден.
Мылтық алып жұрт сұсты жауға қарсы
Қорғасып селендерін шыққан кезін,
Лениншіл еді олар, көрмесе де
Ленинді, не Лениннің оқып сөзін.
Мен көргем таудың құзын мұнарланған,
Шегіп құр жар тасына бұлт оралған,
Тек қана бір адамның тауда туған
Үстегі киімінің жыртығынан
Көз тартып бейнесі жүз шақырымнан,
Лениндік тұр значок жарқыраған.
Деме оны түйреуіші болар мүмкін,
Шолжың қыз тағып жүрген еркелікпен.
Түйреуіш емес, Ленин значогын
Таққан ол Ильичті сүйгендіктен.
Айта алмассың оны сен, славяндық,
Шіркеулердің тілінің мәнерімен,
Ол болған жоқ тәңірінің әмірімен.
Ол қарыштап адамдық адымымен
Самсаған жұмысшы қол саласымен.
Өтті, осы жолды тауып өз басымен.
Биіктен Россияға көзді қада,
Бейнесі — көк өзендей толқындана
Азаптан аласұрған мың толғана,
Денесін көгерткендей дүре соғып.
Көкпеңбек көктемдегі судан да көк
Россия құлдарына түскен таңба.
Қарашы Россияға бір бүйірден,
Қай жаққа көз салсаң да мойын бұрып,
Төбесі бұлтты сүзіп көкке тиген
Таулармен каторга, кен жатыр тұнып.
Каторгадан азабы қиынырақ.
Фабрик станогы езді күшті,
Болды өзге елде байлығы артығырақ
Көруге әдемірек және есті.
Бұдан мұңы ауырлау жерді бірақ
Көре алмадым, көретін болмады шақ.
Кез келген таяқ дағын бетке тиген
Сүртіп кетіре алмайсың, жоқ қып бірден;
Шықты айқай —
Аттан!— деген бір уақытта:
— Жер үшін, теңдік үшін, тұр деп, жаран!
Біріндеп ашынған жұрт тұрды сапқа,
Қолына бомба менен алып наган.
Дұп-дұрыс оқ жаудыру сұм патшаға,
Тимесе, пайдасы не атқан оқтың?!
Ел жидың өлтіруге сен патшаны
Деп, айыпты тақты да кеп ұстады
Александр деген ағасын Ульяновтың.
Бірін атсаң, біреуі тағы ашулы,
Өш алуға өшігіп шығар ірі,
Александр Ульянов дарға асылды,
Ол — шлиссельбуржцтардың мыңнан бірі.
Он жеті жастағы Ильич сонда айтты сөз,
Ол сөзі — күшті анттан да солдат берген:
— Аға, сенің орныңа біз әзірміз,
Жеңеміз — деді,— бірақ, басқа жолмен!
Көрдің бе ескерткішін ер ұрпақтың?
Қалдырған Гоголь сынды артқа мұра,
Даңқына ие болған ұлы атақтың—
Оны сен қызыл гүл деп біл ұғына.
Ондай емес, Ильич жұмысшыдай
Күнделік жұмысты артты өз мойнына.
Арандай аузын ашқан дүкендерде
Үйретті жұмысты да істеп бірге,
Жалақы өсу үшін бес тиындап
Не істеу қажет екенін түсіндіре.
Не істеу керек екенін тағы да ойлап
Мастер жанжал шығарса кесірлене,
Не істеу керек екенін қожайынның
Қолынан дұрыс сусын ішуге де.
Ұсақ емес көздеген мақсат біздің,
Тартылғаны секілді шалшық судың.
Жөн болмайды жеңген бір жерде қалу,
Мақсатымыз — социализм,
Жауымыз — капитализм.
Сыпырғы емес,
Винтовка — біздің қару.
Бір ойын мың қайтара ол білдіріп,
Тас керең кісіні де ұғындырып,
Қояды Ленин лезде құлшындырып
Дос жасап екі адамды түсіндіріп.
Кешегі — төртеу бүгін — төрт жүз болып,
Шығамыз ертең еркін ереуілге.
Бұл — төрт жүз мыңдаған зор қолға толып,
Әлемнің еңбекшісін дабыл қағып
Шығамыз, ереуілмен алып өрге...
Шөптен қысқа емеспіз судан тұнық,
Еңбекші ел кегі — бұлттай қабақ түйіп,
Ильичтің кітаптары жайдай ойнап,
Бұршақтай жаудырады ұран құйып.
Ленинге езілген тап, сүйеп иегін,
Алды тек сонан ғана сәуле лебін!
Халықтың ой, күшімен бөлеп өзін
Құрыштай таппен бірге өсті Ленин.
Айналды енді келіп шынға нағыз
Жас кезгі Ленин анты берген мықтап;
— Жеке емеспіз, біз — күрес Одағымыз,
Дегені — теңдігі үшін жұмысшы тап.
Ленинизм ғылымын шарықтата
Шәкірттері Лениннің самғады алға,
Подполье ерлігін жазған қанмен
Володимирканың лас, шалғай шаң жолына.
Біз бұрын ішінде ескі Кремльдің
Нерчинск декретінің кесімімен
Жүрсек те темір шынжыр кісені мен,
Үйірдік жердің шарын осы күннен.
Тағы айтам өткен күнді,
Жүйткуін көріп сол кез трамвайдың,
Қайсысың кереге көз темір торды
Тістелеп ызаланып тырнамадың?
Тұтқында жарға ұрсаң да басың жарып,
Қан ақса, сол арада-ақ сүртіп алып
Тұратын жендеттері сол камердің,
«Аз уақыт еңбек еттің, адалдықпен,
Игілік бақыты үшін туған жердің».
Ленинге көп қуғынның қайсысында
Ұнап ед мұңды күші осы жырдың?
Дейтін ед: өз жолымен мұжық жайлы
Құлықсыз социализмді оңай құрмақ,
Жоқ, Россия завод сап өсті айбарлы:
Қала ержетті түтіннен сақал қаулап.
Кір деп саған кім жұмақ дайындайды,
Буржуазияның өлімтік сүйегінен басып өтіп
Коммунизм адымдайды.
Пролетариат — басшы шаруаға сан миллион.
Пролетариат көсемі — дана Ленин.
Пәтуасыз либерал, эс-эр жылмың,
Мойнына міну ойы жұмысшының,
Олардың көпірмелі сөздерінің
Ленин үзді шіріген нәзік жібін.
Олардың кітаптарының ашып жігін,
Дворянның көрсетті зұлымдығын.
Бостандық,— жұрттың бәрі болар туған —
Деген сөз жүрген жоқ құр босқа айтыла,
Біз түп-түгел Марксше қаруланған,
Әлемде — большевиктік бір партия:
Американы экспреспен өтсең жара,
Чухломаны шарласаң я жаяулап;
РКП нұрын шашып жанарыңа
Жақшада кішкене «б» тұрар жайнап.
Пулково Марсқа енді құлаш қағып
Көктің де дүниесін көрмек барып;
Әлемге Марстан да бұл төрт әріп
Жүз есе артық тұрады нарттай жанып.
Дәстүрге енген мәндірек сөздер артың,
Тозығы жеткен көйлектей бізде тозды;
Қойғым келед тағы да жарқыратып,
Ең күші — Партия — деген асыл сөзді.
Жалғыздық!
Жалғыздықтың керегі не?
Жалғыздың үні әлсіз ғой расында;
Жалғыз даусын кім есітер?
Әйелі ме?
Базар бармай отырған өз қасында:
Партия бір тұтас күш дауыл тұрған,
Қуаты,— шыңдалған көп нәзік үннен,
Сол үннен жау қамалы талқандалған,
Тұнғандай құлақ пушкі күркірінен!
Адамға жалғыздықтан не бар жаман,
Жалғыз — жауынгер болалмайд, күні қараң,
Көрінген адам қожа болар оған;
Тіпті, екеу болсаң да әлсіз шамаң.
Аздар бірігіп, партия боп шықса самсап,
— Жау бас и, қат орныңда, жат жағылып!
Партия — миллион саусақ балуан қол
Түйілген тастай қатты бір жұдырық.
Жалғыздық — түкке аспайды, жалғыздық — ноль
Жалғыз адам болса да сонша атаулы,
Көтере алмайд бес сүйем бөренені ол.
Қозғамақ түгіл үйді бес қатарлы.
Партия миллион жандар қол ұстасқан,
Құрыштай ұйымдасқан күшті өздері.
Құрылысты өрлетеді өріне аспан,
Қол ұстасып самғаймыз біз ілгері.
Партия — жұмысшы тап құрыш белі,
Партия — біздің істің өшпес нұры.
Партия — ең бірінші сенімді күш,
Алдамайд, ешуақытта, сатпайд мені.
Бүгін приказчик болсақ та ертең тегі
Жоямыз патшалықты картадан біз.
Таптың миы, тап ісі, таптың күші,
Таптың даңқы — міне осы партиямыз.
Партиямен Ленин бір туған егіз,
Тарих — ана кімді одан артық көрген?—
Ленин — десек — партия — дегеніміз,
— Партия — десек жүректе тұрады Ленин.
Әлі де бар тәж киген бастар таудай,
Буржуй қысқы қарғадай қараңдаған,
Ал, жұмысшы қуаты тасқан лаулай
Партияның жолымен алға заулай.
Өрлеп өрге ұмтылған шыңыраулардан.
Тоғызыншы январь, — күңіренген
Гапоншылдың ең соңғы күні үзілген.
Құладық патша оғынан бізге тиген,
Патша рақым етеді деген мылжың
Біткен Мукденск қырғынымен,
Шатынап Цусиманың сынуымен.
Жетер!— Енді сенбейміз бөгде сөзге,
Қару ұстап шықты өзі пресненшілдер,
Дедік: патша тағы енді құлар лезде,
Сонсоң буржуй тұғыры дедік сынар.
Ильич мұнда жүргізіп істі күнде
Жұмысшымен бесінші жылды көрді.
Баррикада басында болып бірге,
Жолға салып жүрді бар ереуілді.
Шықты алдамшы бір лақап құлақ жарып —
«Бостандық»— деп жұрт шулап бантик таға
Патша шықты манифест қолына алып,
«Еркіндік» деген думан соңын ала
Сөз, бантик — толқындаған әнге ұласып,
Зеңбірек гүрілдеді шуды басып,
Қанына жұмысшының малтып жүзді
Патшаның адмиралы сұм Дубасов.
Ақтардың түкіреміз бетіне біз,
Олар нақақ Чекаға өсек таққан!
Жұмысшылардың қолдарын байлап жау тез,
Өлгенше ұрып, бет-аузын қан жалатқан.
Реакция өршіп,— дүмбілез оқығандар
Бәрінен безіп бәрін де кетті былғап.
Кілттенді үйлер, май шам ап қолына олар,
Жалбарынды діншілдер ә, құдайлап!
Табалап өзі жолдас Плеханов:
— Кінә сізде!..
— Адастың ағайындар!
— Қанды босқа төктіңдер, міне халық,
Бекер-ақ деді қару қолға алдыңдар.
Ленин оның бұл сөзін кесіп өжет.
Саңқылдаған даусымен жайқап бір-ақ
- Жоқ, деді — қолға қару алу қажет,
Мұнан гөрі күштірек, батылырақ.
Ереуілдің күндерін көрем жаңа,
Бас көтермек жұмысшы табы тағы;
Шегінбей шығу шындап шабуылға
Болуы шарт шарқ ұрар жұрт ұраны.
Осы жыл тасқынында қанды көбік
Тәніме жұмысшының түскен жара
Көрінер бастауыш бір мектеп болып,
Болашақ көтеріліс дауылында.
Ленин қайта қуғында жүріп өзі
Жаңа айқасқа баулыды бізді тағы,
Өзі үйренді, үйретті әрі бізді,
Жиды өзі ыдыраған партияны.
Өрлеткен ереуілді жылды көрші,
Жасауға шамаң келед тағы ереуіл,
Мінекей арасынан талай жылдың
Керемет он төртінші туды бір жыл.
Деседі: солдат сорып трубкасын,
Шертеді ескі жорық әңгімесін;
Ал, мына жер жүзілік қасап қылған
Сұрапыл қанды жорық шын бейнесін
Полтава, Плевнеге, теңермісің?!
Империализм жалаңаш тұр шешінген,
Шертік қарын жасайды тіс қойғызып,
Қан теңізі келмейді тізесінен
Елді обып, семіріп тұр, найза ұшымен.
Қаумалап жағымпаз жүрген жуық
Патриот Вовалары жақын оның
Жазады, қанға малған қолын жуып:
— Жұмысшы, жасқанбастан шық майданға
қалғанша қасық қаның аттан алға!
Жерде — тау боп үйіліп темір сынған,
Быт-шыт болған адамның бар сүлдесі,
Қаңыраған сол үйлер арасынан
Тұрды жалғыз Циммервальд дұрыс есі.
Сол жерден Ленин аздап жолдас ерткен
Шықты самғап,
Шарықтап әлемге өктем,
Ойы жарқын күштірек жанған өрттен,
Даусы ащырақ атылған зеңбіректен!
Ол жақтан құлақ жарып миллион даусы
Қылышты шықты атты әскер жүз мыңдаған,
Бұл жақтан пушкі, қылыш, жүзіне қарсы
Дөңгелек бет, жалтыр бас — жалғыз адам:
— Солдаттар! Буржуй сатып, сізді қумақ,
Түрік, Верден, Двина саласына;
Жетер!
Халық соғысын айналдырып
Жіберейік
Азамат соғысына!
Жетер, қырғын, жарақат көргендерің,
Кінәсі жоқ ұлттың еш қайсысының.
Қарсы боп буржуйына барлық елдің
Көтер туын
Азамат соғысының!
Ойлап ек зеңбіректің шарпып пеші
Түшкірсе-ақ ұшырар деп күл ғып мүлдем,
Содан соң адамды сен тауып көрші,
Есіңе түсіріп көр атын білген?..
Бұрқанып зеңбіректің өңештері,
— Бағын!—деп бір-біріне ел түйілген...
Соғысып, жұлқысты да жеңіспеді
Тек қана жеңді жалғыз жолдас Ленин.
Империализмнің қамалы терең қазған,
Тауыстық төзімді де ақыры мүлде,
Ол қамалды Россия күшпен бұзды
Тавризден жеткенше Архангельге.
Империя — тауық емес!
Тұмсықтырақ
Екі басты самұрық — ол үкімет,
Темекі тұқылындай тартқан бірақ
Лақтырдық заңын оның біз түкіріп!
Зор халық белшесінен батып қанға
Жүдеген тыр жалаңаш арып, ашып,
Советке бара ма олар, я буржуйға
Жүрмек пе от жағып, құр тек су тасып?
Халық үзді бұғауын патшаның да,
Россия — бұрқанған көк дауылда
Тұрғандығын Ильич Швейцарияда
Газеттен отырды оқып толқып ойда.
Бір жапырақ газеттен не білерің?
Аэропланмен сонда ұшып барса өрлеп
Жебеуге жұмысшылар ереуілін —
Деген жалғыз жалындай ой кетті тербеп.
Еркіне партияның бағынды да,
Немістің кетті ол мініп вагонына;
Білсе сол кез не істер ед Гагонцоллерн,
Олардың монархиясына біздің Ленин
Сұстырақ болғандығын бомбыдан да!
Питершылар мәз-мейрам боп қуанып,
Шаттанған жас балаша ойнап олар,
Мерекелеп, жұрт қызыл лента тағып,
Невскийде жүрді паң генералдар.
Жетеді жүрсе барар жеріне әрі,
Жетеді жендетке де тағы алдынан;
Көріне бастады әне, жез тырнағы
Май басқан буржуйлардың табанынан.
Балықтай шоршып ұсақ алғаш кезде,
Өскендей шпроттан өңшең шабақ
Дарданельский, Милюков — қыз мінезді,
Шықты онан соң Михаильчик өңештеп-ақ,
Премьер — үкімет емес нәзік тіптен!
Одағай Нарком емес саған ол бір,
Қыздай нағыз сипа оны барып еппен.
Жынданғандар ән шырқайд үнмен тенор.
Бізге шықтай тамған жоқ жалғыз тамшы
Февраль бостандығы деген заттан,
Дейді тек қаусаған құр обороншы:
«Жұмысшы халық, марш, марш — майданға аттан!»
Үзуге тінін көздеп осал жердің,
Бұрын соң аңдып бізді бұзықтары
Алдаған Савинковпен эс-эрлердің
Үйреткен меньшевиктің мысықтары.
Қалаға кенет міне жүзіп жетіп
Неваның өзенінің аржағынан
Выборгтың бойымен көктей өтіп
Тұп-тура Финляндия вокзалынан
Келеді броневик дүрілдетіп
Жаңадан бір жел лебі есіп қатты,
Революцияның тасқыны шалқыды өрден,
Литейнийде жұрт бөркін аспанға атты.
Десті шат: «Ленин бізбен! Жаса Ленин!»
— Жолдастар!— деп,— үстінен тұрған жұрттың
Көтеріп қолын алға созып еркін,
— Тасталық кейпін жүдеп тозғандықтың!
Жоялық түбірімен жұлып бүтін
Келісімшілдер мен капитал үкіметін!
Біз еркін үні төмен өскендердің
Еркіндігін жақтайтын жұмысшы елдің:
Жаса, партия, жасаушы коммунизм!
Жаса ереуіл үкіметі үшін Советтердің!
Бір дегеннен мәнін мол түсінбейтін
Жұртшылық алдыңызға келіп сіздің,
Жарқ етіп тұрды игілік іс істейтін
Теңі жоқ бір асыл сөз — Социализм.
Заводтар аржағынан күшті даусы,
Жарқырап көкжиектей көкте мінсіз
Тұрды ертеңгі еңбекші ел коммунасы,
Буржуйсыз, пролетарсыз, құл, мырзасыз.
Шырмалған ымырашылдар жібін қырқып,
Ильич сөзі балтадай кесіп өтті.
Жұрт даусы сезді белді жер жаңғырып:
«Дұрыс, Ленин! Дұрыс!— деп — уақыт жетті!»
Мертіккен аяғы үшін сыйлыққа алған
Кшесинскаяның үйі нақ осы күнде
Жұмысшыға бас қосар орын болған,
Фабриктерден ағылып кісі мұнда;
Лениндік дүкенде олар тәлім алған
Жетіліп шынығуға, ысылуға.
«Жеміс пен қырғауылдың етін жеп той,
Өлетін соңғы күнің жақын, буржуй».
Отырған қожайынға келіп біз де:
— Қалай тұрсыз?
Не жейсіз? — деп тағы да.
Келісіп ап, июльдің дер кезінде
Қол салдық алқымына, қарынына.
Пышақтай буржуй тісін қайрап жанып,
— Құл құтырды!
Дүре соқ, қанға былға!
Деп, қолдан Керенский бұйрық жазып,
Ленинді алды көздеп қарауылға.
Партия кетті ісіне подполье,
Ильич
Разливте,
Финляндияда.
Я күрке, я бір лашық, кең далада —
Бермеді көсемді ешбір бандыларға.
Көрінбей жүрді Ленин бірақ, жақын,
Сондықтан қызды жұмыс, өрлеп жолы.
Көрініп Ленин берген бастаушы ақыл,
Көрініп жол сілтеген Ленин қолы.
Ильичтің от сөзіне арқа танған,
Қазір-ақ істі үдетіп қолға алған,
Ұштасты иығымен жұмысшының
Иығы шаруалардың миллиондаған.
Қалғанда шабуылға шығуға енді,
Бір күнді аптадағы етіп белгі
Ленин өзі Питерге жетіп келді:
— Жолдастар, көп созудың жоқ деп жөні!
Капиталдың қанауы, аштық, қорлық,—
Бандитизм, интервенция, соғыс, ұрлық
Сүйелден көзге шыққан бадырайып
Көрінер денесінде кемпір тарих.
Сол кезден осы күнге көзің салсаң,
Алдымен Ленинді ұлы сен көрерсің.
Құлдықтың кезінен өтіп мың жылдаған,
Коммуна ғасырына ол жеткізер шың!
Өтер жылдар, бүгінгі ауыр күндер,
Коммуна жылытар жазы көктемнің,
Бақытпен пісіп шырын жеміс гүлдер
Алқызыл бақшасында Октябрьдің.
Сол кезде Ленин сөзін оқығандар,
Ашып сарғыш қағазды декретін
Дағдыдан тыс көзінен жас домалар,
Қан жүгіртіп қызартып екі бетін.
Қорытсам бастан кешкен өмірімді,
Шомамын көп күннен бір күнге нұрлы,
Еске алам
Естен шықпас бір-ақ күнді
Тұңғыш күн — жиырма бесінші октябрьді.
Найза ұшы,— өткір сызған найзағайдай
Матростар бомбаны допша қаққан.
Смольный қалшылдаған күшті айғайдан
Пулеметчиктер жез оқты лента таққан.
— Шақырды сізді жолдас өзі Сталин.
Оң жақтағы ол үшінші бөлмеде отыр:
— Жолдастар, тоқтама!
Не тұрыстарың?
Броневиктерге мініп тез почтаға ұмтыл.
- Құп – деп ғайып болды жалт бұрылды да,
Флотшы лентасынан сол арада
Шағылысып жанған шам сәулесінен
Көрінді деген жазу «Аврора».
Біреулер бұйрық алып құстай ұшып,
Біреулер тон ішінде жүр ұрсысып.
Шаппасын винтовканың біреу ашып,
Қайырып, сол тізеге тіреп бірден,
Төрінен коридордың келіп бермен
Елеусіз бір бүйірлеп өтті Ленин.
Ильичтің бастауымен соғысқа енген
Шуласып солдаттар да тұрған мүлдем,
Бір-бірін сыбап өткір сөзбен ілген.
Аңсаған құштарланып жан сезімі,
Тап осы темір дауыл соққан кезі.
Ильич қатты ұйқыдан оянғандай
Жүріп, тоқтап, мөлдіреп күлім көзі.
Қаусырып екі қолын артына өзі,
Балтырын таңған солпы бір жігітке
Қадады мүлт кетпейтін өткір көзді.
Көз жанары сөз түгіл дәл жүректі
Оятқандай тебірентіп жаныңды езгі!
Күллісі ұғылды айқын сонда білдім
Ол көздің көргіштігін, ел реңін.
Шаруа үнін, майданның да тебіренуін,
Көретінін тілегін Новельшінің,
Путиловшының пәрменін ерлерінің.
Ол — басына сиғызды ойлап бәрін
Жүздеген губернияның атырабын
Жайлаған адамдарын миллиард жарым,
Ол — өлшейтін бір түнде жердің шарын,
Ертеңіне: тыңда — деп —
Бәрің, бәрің,
Белшеден батқандарға қан майданға,
Езіліп, алуан түрлі құл болғанда,
Құл болып, буржуйларға жалданғанға,
Былай деп тастады ұран барлығына:
Үкімет— Советтерге,
Жер — шаруаға!
Тыныштық — халықтарға,
Нан — аштарға!
Бұл сөзді оқып, кіжініп буржуй біткен:
Асықпа, тоқтай тұр — деп қарнын шерткен,
Деді оларға көрсетер көресіні
Духонин кеп бірігіп Корниловпен;
Гушков пен Керенскийді мақтан еткен
Бұл сөздер майдан ашты соғыспай-ақ,
Деревня мен қалаға декрет жауды.
Жүрегі хат білмейтін адамның да
Лүпілдеп жанған оттай жалындады!
Білеміз, біздерге емес, оларға шын
Көрсетті өмір өзі «құрған торды».
Жеткенде үн:
«Тыныштық болсын лашықтарға,
Ашайық майдан патша ордасына!»
Бұл ұран жақындардан ағайынға
Ағайыннан алысқа да, жетіп тез
Жүректер жарылғандай соқты асыға!—
Соғыстық әр заводтан, әрбір цехтан
Қаланы жаңғақтай-ақ шекіп, қақтық;
Октябрь екпіні кеп сыпырды арттан
Дворян мекенінің шаңын қақтық.
Жерді олар басып жатқан жамбасына
Шаруа алды алғандай-ақ орап нанды,
Сол жердің өзені мен қырқасын да
Қара шаруа меншіктеп құшақтады.
Мырзалар көз әйнекті, ақ манжетті
Ызамен жөткірініп іші шерлі,
Патшалы, графы бар жерге кетті.
Жол ашық!
Біз асбасшы әйелдерді
Баулимыз басқаруға үкіметті.
Жүргенде біз өндіріс құралында,
Бір ащы айқай шығып окоптардан
Үн келді немістердің құлағына:
— Жетті енді, ағайын боп табысайық!
Деген үн естілгенде әлдеқайдан.
Жылжыды жүк вагонмен тарап майдан.
Тасқынды ондай бөгер ме аз күш бірақ?
Біздің қайық ауытқи түсті азырақ,
Аяғындағы етігі Вильгельмнің
Николай етігінен шпорлырақ,
Советтің шекарасын кетпек сөгіп,—
Эс-эр-лер қашып жалаң плащымен
Азғырып, қашқандарды ішке алыпты,
Асынған қарақшының қылышымен
Кеспек боп құрыш болат күшті алыпты!
Ильич, қоразданған немелерге
Ақырды:
— Міз бақпа,— деп орыныңнан
Партия бұл жүкті де өз мойнына,
Деді алсын жүргізуге өз қолынан.
Балағатшыл, кер ауыз Бристаның
Алайық пайдаланып тыныстауын,
Жерді ұттыру, уақытты ұту деп біл,
Білсін жау, есіне алсын соғысқанын,
Батқанын менің қатты ұрыстарым!
Дандайсымай, санамен шынық бәрін,
Сапына тізіл Қызыл Армияның.
Тарихшы плакатты жұлып алып,
Бір кезде сұрақ қояр аң-таң қалып:
Дер жауды —дүниенің зымияны
— Бұл ненің жеті басты су жыланы?
— Кімдікі, дерміз — дер — бұл сұрқияны?
Ал, біз талай көргеміз бұл жыланды,
Кәдімгі өз сиқындағы сұмырайды.
«Үкіметі үшін Советтің
Майданға таймай барамыз,
Сол үшін біз сескенбей
Күресте бір кісідей — шыбын жанды қиямыз!»
Деникинді жетті енді лақтырар шақ,
От шашқан зеңбіректен ұшар ошақ.
Орнына Деникиннің құрып жасақ,
Сол жерден Врангель де шықты жар сап,
Айрылды баронынан енді Колчак.
Қабық жеп, жатып талай қондық сазға,
Біз жүрдік — миллиондаған қызыл жұлдыз,
Ильич тұрды қашан да жанымызда,
Ойлады ол бәріміздің қамымызды.
Он бір мың шақырым жер қан майданда,
Айналасы — он бір мың шақырым тек,
Көлденеңі
Болмақшы қанша сонда!—
Әрбір үйге атака жасау керек;
Жасырынды жау әрбір қақпа астында,
Эс-эр мен монархистер қас қып бақты,
Ұйқы көрмей жыланша жылжып шақты;
Кез келсе — кей біреудің басын қақты.
Мехальсон заводына барар нақты
Жолды сен білесің бе сайрап жатқан?
Табарсың болған кезде жарақатты
Ильичтің қаны арқылы сол жолға аққан
Эс-эр-лер дәл көздеп оқ ата алмаған
Оғы олардың тиеді өз маңдайынан;
Аштық, сүзек ауру
Қабат келіп
Бомба, наган оғынан тиді жаман.
Шыбындар да қиқымға жүрген қонып
Он жетінші жылдағы біздерден тоқ.
Жалғыз түйір нан үшін талай тоңып
Тәуліктеп-ақ көшеде тұрдық, өң жоқ.
Тілесең отырғыз, жап,
Я азаптап,
Бір картофқа заводты кім қияды!—
Он қабат үй тұратын кеме жасап —
Шақпақ тастай от таппай тым қиналды.
Кулактарда сары май, нан да керім,
Дұп-дұрыс есебі де жеке олардың.
Астықтан толтырды ұрлап көмбелерін,
Қамы үшін Керенский, — Николайдың.
Білеміз — аштықты елге келіп төнген,
Ондайда қытымыр бол, тұрма күліп,
Кулактарға қарсы боп шықты Ленин.
Әскер ертіп жинауға азық-түлік.
Деген сөз «демократ» ол кез сірә,
Ұғымды ма есалаң ақымақтарға!? —
Ұрсаң қатты ұр! Жонынан тер шығара:
Жеңіс кілті — темірдей Диктатура!..
Біз жеңдік!—
Денемізді оқ кетті жырып.
Машина тұр,
Жыртық көп бүтіндерлік.
Таудай боп — қираған зат жатты үйіліп.
Алыңдар — жамап-жасқап, жөндеп, жуып!
Порт қайда?
Сынған қирап бар маягы,
Майыстық малтушыдай толқындағы,—
Кеменің аудармақшы бізді оң жағы —
Тиелген жүз миллион шаруа жүгі.
Жау ұлып, қуанғанда — көріп мұны,—
Тек қана ұғып соны Ильич өзі жіберді
Жиырма қабат румбаға,
Қозғайтын доңғалақты, күшті рульді.
Кенеттен тыныштық кеп бір күн елге,
Шаруалар Пристаньға астық әкеп
Жеткізді,— жазу тұрды дүкендерде:
— Сауда-саттық — деп жазған көзі бұл — НЭП
Ленин шолып: деді — елді бүтіндеңдер!
— Аршынға үйрен,— әйтпесе — болар жаман.
Шаршаған команданы теңіз тербер.
Дауылға үйренгеміз,—
Болма алаң.
Нұсқады Ильич, зор арал — кең өрісін,
Қатынас жолының да — көзін тапқан;
Дүниеге келді зәулім өндірісі
Советтер Республикасының байтақ жатқан.
Ленин әкеп ағашты, темірлерді
Жамау үшін оқ тесіп кеткен жерді,
Болатты көкке өрлетіп өлшеп көрді
Кооператив, дүкенді, трестерді;
Тағы да Ленин өзі болды Штурман
Жағылды кеме шамы алдан, арттан.
Шайқасқан кемедегі
қан майданнан —
Еңбекке көшті енді тұйық жатқан.
Біз шегіндік көздеп ап дәл мақсатты,
Лақтырылды азғындар борттан сыртқа.
Енді алға тарт! —
Шегіну кезі бітті,
РКП;
Ұран салып, алға атта!
Коммуна — ғасырлық қой, он жылың не?
Кішкене — НЭП құриды,— ел өрлесе,—
Біз жүз есе ақырын қозғаламыз,
Бірақ, мықты бекініп миллион есе.
Астында ұсақ байлық, соқыр күштің
Әлі де қозғалады жансыз толқын,
Найзағай тымық бұлттың сөгіп үстін
Бір дауыл дүниелік өсті жойқын.
Жау орнын жау басады тозған ыдырап,
Бірақ, шұғыла шашамыз жер жаһанға;
Мұны қолдан істеген пайдалырақ,
Ол туpaлы жай ғана жазғаннан да.
Ішіп, жеп жүрсек тағы тойып тамақ,
Астан соң заводқа біз барсақ бірден
Білеміз, жеңімпаз ер —
Пролетариат,
Жеңістің қолбасшысы ұлы Ленин.
Коминтерннен бастап балға-орақ сурет салған
Бір тиын жүзге дейін шылдырлаған,
Тұр жалғыз ерлік даңқы жазылмаған,—
Жеткізген бір жеңістен бір жеңіске —
Ильичтің ұлы жолы ол адымдаған.
— Революция — ауыр зат, зілдей сонша.
Көтере алмас бір адам арқаласа.
Қатарынан асып, тек, оны Ленин
Алды алғырлық ақылмен алға баса.
Біріндеп көтерілді ел толқынданып,
Нұсқады Ильич қолы турасына:
Ақ, қара,— түсі сары түрлі халық
Сап құрды Коминтерн туы астында.
Империализмнің бас имес діңгектері,
Буржуйлары бес тарап жұмыр жердің
Тәжін алып, тәжім ғып дірдектеді
Ильичтік республикасына Советтердің
Күші ешкімнің қорқытпайд бізді ешқандай,
Паровозымен еңбектің алға асуға
Самғадық, бірақ, зілі — жүз батпандай
Бір хабар жетті Ильич турасында.
III
Музейде егер көрмеге қойса тегі,
Көзіне бір жас алған большевикті,
Жұрт таңырқап, аңырып тұрар еді;—
Көрмессің еш ғасырда оны тіпті.
Біздердің жотамызды тіліп, сойып,
Отпен қарып бес бұрыш жұлдыз ойып
Қинаған паңның қанды қолдылары,
Тірілей қазып тұрып жерге көміп,
Қорлаған Мамонтовтың бандылары.
Япондар пешіне сап паровоздың,
Аузымызға қорғасын құйып біздің,
— Тәубеге қайт!— дегенде тайсалмастан
Өртенген кеудемізден шықты екі сөз
Ол сөзіміз:
Жасасын Коммунизм!
Қаз-қатар орындықты тұрған залда
Құйған құрыш темірдей кенет көрдім
Толды жұрт жиырма екінші январьда
Бес қатар съезд үйіне Советтердің.
Жұрт отырып шертті сөзді әзілді,
Аяқ үсті кей жеңіл істі шешті,
Бастар кез жетті!—
Неге түйткілжіді?
Президиум әлденеге сирей түсті?
Көздері президиумдағы жұрттың тегіс
Қып қызыл, нендей сұмдық болды екен
Не болды Калининге отыр зорға,
Қазаға ұшырадық па?
Мүмкін емес!
Әлде, ана кісі ме?.. Жоқ!
Я сол ма?
Құлардай үй төбесі үстен төнді.
Еңсесі түсіп жұрттың мүлгіпті енді,
Қалтырап, қарауытып кенет күйіп
Аспалы шам жарығы күңгірттенді.
Қарлығып қоңырау үні бұрынғыдан,
Калинин тұрды әрең орынынан,
Көз жасы беттен жылжып мұртын жуып
Ұшынан сақалының сорғалаған.
Ойы ұйтқып, кеткендей басы зеңіп,
Қан серпіп бар тамырдан соқты бірден,
— Кеше сағат алтыдан елу минут
Өткенде қайтыс болды жолдас Ленин!
Бұл жыл көрді, көрмесін бір жүз жылдың,
Бұл күн енер ғасырға боп мұңды аңыз,
Қасірет сығып шығарды темірден мұң,
Большевиктерді тебірентті бұл қайғымыз.
Қайғы ауыр!
Сүлдемізді сүйредік құр,
Білелік қашан, қалай болғалы тұр?!
Көше мен мүйістерде жұрт лық толып,
Табыттай жүзді қалқып зор театр.
Қуаныш тасбақадай шабан жылжыр,
Құтырып лезде жетер қайғы мен зар.
Көрінбей күннің көзі, жердің мұзы
Қап-қара газеттердің болды жүзі.
Түнеріп жапты тегіс бетін ақ қар.
Станок басындағы жұмысшының.
Миына жетіп хабар — атқан оқтай,
Тамшысы стакандап көз жасының
Құйылды құралына тас бұлақтай!
Талайды көрген мұжық дүниеден
Таймаған өлімнен де көзі тіптен,
Сырт беріп жұбайына тұр көрінген
Белгісі айғыз қолмен жасын сүрткен.
Адамдар енді берік шақпақ тастай
Сонда да ернін тістеп тұрды бұлар!..
Балалар салмақтанып болды қарттай,
Балаша төкті жасын кәриялар.
Жел кеп желпіп ұйқысыз жатқан жерді,
ызыңдап, тебіренте шақты мұңын.
Азашылар ұқты ма жете сырын,—
Москвада салқын шақ бөлмедегі
Осы табыт — табыты екендігін
Революцияның ұлы мен әкесінің.
Кім сенер!
Бітті, өмірі, деп бұл соңы.
Әнекей, көрдіңіз бе, шыны астында...
Павелецкийден көтеріп келді оны
Өзі алған господтардан қаласында.
Көшенің оқ тескендей қабырғасын
Соншалық ауырсынып күңіренген.
Ленинді білген мұның әрбір тасы
Алғашқы-ақ Октябрьдің дүбірінен.
Әрбір ту осындағы ұрған жайнап
Лениннің жасатқаны нұсқап, ойлап.
Мұндағы әр зәулім үй мұнарасы
Лениннің ести қалған сөзін тыңдап.
Сол үйдің Ленин үшін әрқайсысы
Дайын ед жануға да отқа лаулап.
Ленинді білген мұнда әр жұмысшы да.
Жүрегін жапырақша төседі оған.
Майданға бастап, шешті ол жеңісті де
Міне, өмірге пролетариат қожа болған.
Мұнда әрбір шаруалар Ленин атын
Жүрегіне жазды артық бой тұмардан,
Заңына оның — жер біздік деп атайтын
Көрдегі баба рухы риза болған.
Коммуналар түбінен қызыл алаң
Дегендей:
— Өмір сүрші, сүйген дана!
Керегі жоқ тағдырдың асқан одан,
Жүз шайқасып кірейік біз молаға!
Егерде үн шықса бір кереметтен,
Біз өлсек ол оянып тірілетін,
Көшенің тастары да балқып тіптен
Жұрт ән сап барар еді өлімге еркін.
Керемет жоқ, арман ғып керегі не.
Ленин бар, табыт мұңды иық басқан,
Ең асыл адам еді ол дүниедегі
Күллі адамдық құрметпен, оны асқан
Көтеріп, қайғыр мәңгі ұмытпастан.
Қып-қызыл табыттай бұлт қымбат жүкті
Көтерген жоқ мұхиттар тебіренген,
Одақтар сарайына бұл табытты
Жылжытты мұңды марш күңіренген.
Тұр сұсты құрметті әлі қарауылда
Лениндік тәртіптегі гвардия.
Лық толы күткен симай жұрт жиыла,
Тверской, Дмитровка өн бойында.
Он жетінші жылдары — біз қыздарға
Бар демеуші ек
Кезекте тұр деп нанға.
Бәрібір жейміз ғой деп ертең таңда.
Ал, мынау сықырлаған осы аязда
Қарасаң сапқа тұрып толған жанға
Келіпті сәбилер мен аурулар да,
Деревня қаламен тұрып сапта.
Ерше төзді,
балаша шақты мұңын.
Еңбектің жері дағы тұрды сапқа.—
Тірі айғағы боп Ленин өмірінің.
Сарғыш күн сығырайып көктен шығып.
Аяқ аттар жеріңе сәуле шашты.
Бой жаза алмай үмітін жаспен жуып,
Баршасы өтті мұңды иіп басты.
Түндер жүзді күндердің арқасында,
Сағат жүрмей
Мезгілді шатастырған.
Түн емес, жұлдыз да емес бейне осында,
Ленинге жылады негр штаттардан.
Үскірген аяз қарып жұрт табанын,
Тік тұрып күні бойы аяғынан,
Домбыққан суық сорып алақанын
Орынсыз тұрды ұралмай ұялғаннан.
Жалаңдап аяз кәрін қайтара алмай,
Шыныққан ел жүрегін байқағандай,
Суық жел де сапқа кеп араласып
Ілесті топпен бірге арттан қалмай.
Басқыш өсті, толқынға айналғандай,
Жыр да тынды, жұрт демсіз тынды тыныс,
Аяқ астың қорқыныш — шыңырау жардай
Түпсіз терең құз жатыр, тұр төрт басқыш.
Бір шыңырау құлдықтың мезгілінен,
Жүздеген ұрпақтарға дейін келген
Тек алтынның сыңғырын еді білген.
Бұл шыңырау — шет табыты жатқан Ленин.
Ал, аржағы коммуна көкке өрлеген,
Не көрдің?!
Көрдік оның маңдайын тек,
Надежда Константиновна шақ тұр өзі...
Мүмкін, жас төкпеген көз көп көрер ед,
Ондай мен көре алмадым жассыз көзді.
Жүзгендей жібек тулар тәжім етті,
Ақырғы көрсетумен сый-құрметті:
«Қош, жолдас, кіршіксіз сен жүріп өттің
Жолыңмен ер жүректі, игілікті».
Қорқыныш, көзіңді жұм, қарамашы,
Токтың бір секілдісің сымын басқан,
Бір минут қалғандайсың жеке оңаша,
Бір ғана зор шындықпен шыңнан асқан.
Бақыттымын, марштың толқындары
Тербетіп жеңіл денемді әкетеді.
Білемін әрқашан да мұнан әрі
Мені осы зарлы минут тебірентеді.
Бақыттымын, осы күш бөлшегімін,
Бір тамшы көз жасы да бірге тамған,
Мұнан асқан адалдық күш болар ма,
Ең ұлы сезгір, мықты тап атанған.
Тағы да қанатын ту иді тегіс.
Шығуға ертең тағы майдандарға:
«Бауырым, көзімізше жұмдыңыз сіз,
Ұқсаған көзіңізді тау қыранға!»
Сүйеніп жүрдік иін тіресіп тек,
Қызыл ту қара жиек жайып желге,
Ильичпен қоштасуға ақырғы рет
Жақындап келдік
Жайлап Мавзолейге.
Тартылды мұңды сырнай ғұрпынша әдет,
Сөз сөйленді, айтылды — жарайды енді.
Өкініш, сол минуттың мерзімі аз —
Түп-түгел шола алмассың көз көргенді
Өтіп кеп жалт қарайды жұрт биікте,
Қар басып тұрған қара дөңгелекке.
Спасск сағатының тілі шоршып
Минут та секіреді соңғы төртке.
Бір минут мелши, қатып бұл хабарға!
Тоқтай қал барлық қимыл, барлық өмір!
Сом балға көтергендер тұр орныңда.
Жер, тырп етпе, жат солай, етпе қыбыр.
Еш үнсіз, сапар шеккен жолы бітті,
Оқ атты зеңбіректер мүмкін, мыңнан.
Естілді атқан даусы емес қатты
Қайыршы тиынының шылдырынан.
Талғанша ашып көзімнің мен жанарын,
Дем алмай тұрмын қатып тоңып әлі,
Аңғардым туға нұрлы оранғанын
Тырп етпей қысқы қоңыр жердің шары.
Үстінде дүниенің тіл қатпастан
Табыт тұр, уәкілміз біз елден келген,
Ереуіл дабылының ісін, жырын
Өрбітер бүгінгі осы көргендерден.
Қызарып тұрған сонау жақтан алыс
Аязда тұрған үнсіз қарауылға,
Деген бір жетті дауыс:
«Шагом марш!
Жоқ еді бұл бұйрықтың керегі де,
Жәй адым басып тегіс, қатып тыныс,
Зіл басқан зорға қозғап денені де
Алаңнан төмен қарай жүрдік тегіс.
Әрбір ту мықты ұсталған күшті қолда —
Желбіреп көтерілді жоғарырақ.
Дүбірдің тасқыны зор күшке айнала,
Кеңітіп ойды әлемге кетті тарап
Бір жерге түйіп толы ой түйінін
Жұмысшы, шаруа, солдат деді былай:
— Ленинсіз республикаға болар қиын!
Орнына кісі керек, кім бар?
Қалай?
Жату жетер төңбекшіп құс төсекте!
Қандаласын ергізіп үске жауып
Жолдас хатшы!
Ал, сізден тілегіміз
РКП ұйымына бізді жазып
Алыңыз, енеміз біз күллі завод...
Мұны көріп байлардың көзі шығып,
Дүбірден қарыштаған дірілдеді.
Төрт жүз мың станоктан оттай ыстық,
Ленинге партиялық қойды гүлді.
Жолдас хатшы, қолыңа ал қаламыңды...
Дейді ғой кісі керек...
Жаз орныма...
Мен қартайдым, алыңыз немеремді.
Қалыспайды, алыңыз комсомолға.
Қамқор, флот, якорьды көтер алға!
Шығар кез сүңгуірлер дарияға.
«Телегей теңіздер мен, толқындарда,
Боламыз бүгін мұнда, ертең анда».
Жайна күн!
Боласың сен іске айғақ
Лебізден қайғыны тез жой тазарта.
Ержетіп балалар да басты аяқ
— Тра-та-та-та-та, та-та-та-та!
— «Бір, екі, үш!
Пионерміз жас қайрат күш,
фашистерден қорықпаймыз,
Найзаға тік барамыз біз».
Европа, түйме құр жұдырықты,
Оны бүктеп кетеміз бас тарт!
Шегін!
Ұйымдастырғыш — коммунист болды мықты,
Тіпті, өзі де Ильичтің өлімінің.
Үстінен трубалардың алқапты алған,
Ұстаған миллион қолдар бір діңгекті.
Ғажайып туын тігіп Қызыл алаң
Көтерген керемет күш орап көкті!..
Бүктеулі әр қыртысынан осы тудың
Тағы ұрандап тұр нұсқап тірі Ленин:
— Пролетар, соңғы айқасқа
Шық, сап құрып!
Құлдар, жаз тізе мен бел бүгілгенін!
Пролетар армиясы, тұр сап құрып!
Жасасын революция шаттық құшқан!
Бұл — нағыз бірден-бір зор ұлы соғыс,
Ежелден тарих білген бар соғыстан.
1924
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі