Өлең, жыр, ақындар

Кедей

  • 12.12.2015
  • 0
  • 1
  • 20049
Қызметі һәм аяныш халі
I
Күзгі түн, шөптің басын қырау көмген,
Ызғар шашып, бұлт мынау жерге төнген.
Қараңғы, итпен бірге қой күзетіп,
Мен ояу, ел ұйқыда, оттар сөнген.
Ұзақ түн, жолдасым жоқ иттен басқа,
Бүтін киім менде жоқ жаурамасқа.
Бір бүтін, кірсіз киім кигенім жоқ,
Туғаннан, міне, шықтым талай жасқа.
Өкпемнен барады өтіп күзгі суық,
Бір жағынан қышытып, биттер буып.
Бит жеген ескі күпі жабағысы,
Жөргекке оралғанда іштен туып.
Бұл битке сонан бері денем азық,
Көбінесе сондықтан да жүрмін азып.
Туысымен көргенім бәрі бейнет,
Тумай жатып қылып ем қанша жазық?!
Жұрт айтады: «Еңбек қып, ерінбесең,
Маңдай термен ас тауып адал жесең.
Қызмет қылған байыңнан алғыс алсаң,
Ол сені алдап, арбап, кетсе де есең.
Сонда сен көгересің»,- дейді халық,
Көп өмір өтпеді ме бұған нанып?
Ес біле басталғаннан бері қарай
Бір күн тыныш жаттым ба ұйқым қанып?
Адамға аса қымбат балалық шақ,
Ойға кіріп, шықпайтын сор менен бақ.
Қозы қуып, бұзауға құрық салып,
Торғай көздеп, шиді иіп, жасайтын жақ.
Топай жиып, батпақтан құдық қазып,
Балалықтың жанына ойын азық.
Сол кезде де еркімше ен далада,
Қашан мен ойнап едім бойым жазып?
«Патшағар, неге тілді алмайсың деп,
Еркелейтін сен неме қандайсың»- деп.
Бай қамшысы арқамды оспады ма?
Жылдамырақ қозыға бармайсың деп.
Қозыға жарауымнан біраз бұрын,
Ойнатып, уатпап па ем байдың ұлын?
Сүйретіп, арбасының аты болдым,
Бір аяқ ас еді ғой сондық құным.
Он жаста шешемнен тамақ сұрап,
Қыңқылдап, иығынан түрттім жылап.
Бай асынан жасырып ас әперер,
Мен үшін зекуіне шеше шыдап.
«Жылдам іш, біреулері кереді,- деп,
Керсе егер, маған ұрыса береді»,- деп.
Жұт-жұттың сасқалақтап, астына алар,
«Аяқты бер, әнікей келеді»,- деп.
«Дәмді аспен қарным тойса» деген арман,
Мұршам аз ой ойлауға онан әрмен.
Әлі күнге өзгенің қызметімен,
Жетпедім бұл ниетке көңілге алған.
Мен сорда жастан бері дамыл бар ма?
Не еңбек сіңірмедім малы барға?
Бетті үсікпен шірітуге көнбедім бе,
Малын қорғап қалам деп аяздарда?
Боранмен жердің үсті көмілгенде.
Мұрның ғана көзіңе көрінгенде.
Жазғы бұлттың жалтылы жай астында,
Үйде отыру болды ма, жаным, менде?
Илікпей су киімдер қатқанында,
Денеме ызғары кеп батқанында.
Бел шойырылып, бүйірге шаншу тиіп,
Ұйықтатты ма аяғым жатқанымда?
Келгенде шаршап, тоңып, малын қарап,
Бай үйінен жедім бе тоя тамақ?
Өзі жеуге арланған асын беріп,
Ол жетпесе, отырар «ит, шошқалап!»
Киім берсе, береді жыртылғанын,
Кір, сасығын, жең, жаға қырқылғанын.
Не шіріктен әперер шықпайтын қып,
Жақсы еді «алмадым» деп құр тұрғаным.
Мен емес пе шалғы алып, шөбін шапқан?
Малына құдық қазған, қауға тартқан?
Балшық илеп, қорасын, үйін салып,
Ағаш түсіріп, төбесін оның жапқан?
Білекпен киіздерін баспадым ба?
«Кене жер» деп, қой қырықпай тастадым ба?
Жүк артып, көшіретін мен емес пе?
Не айтса, аяқты ұшынан баспадым ба?
Мен емес пе ас қылған, малын сауған?
Күндіз бағып, айырған түнде жаудан?
Ас пісірген, үй жылытқан мен емес пе,
Тезек теріп, отын ап анау таудан?
Құлақтан бұрап отырып асау малын,
Үйретуге қиналмап па ед менің жаным?
Күн көріске қай жұмыс керек болса,
Терлемеп пе ем мен істеп соның бәрін?
Әсіресе, жаздың қысқа түндерінде,
Шаршап, тәтті ұйқыға кіргенімде,
Көзді тырнап, күн шықпай, қой өргіздім,
Ауыз кебер шілденің күндерінде.
Құрттаған, биттегеннің құртын алып,
Шірігін жумап па едім дәрі жағып.
Ішуге, кір жууға су тасыдым,
Иығыма мойынағаш, шелек салып.
Мұздан жастық, бұлттан көрпе жамылып,
Қыс жылқы бақпап па едім қарға малынып?
Жылқымен бірге ықпап па ем үскірікте,
Үсігем, ашығам деп, тұрдым ба аңырып?
Ұзақ түн итпен бірге қой күзетіп,
Киім жоқ, күзгі суық дірілдетіп.
Таң атқанша айғай сап, көз ілмеймін,
Бай жатыр ақ үйінде пыр-пыр етіп.
II
Қаладағы жебірлер
Мен жалғыз ел қызметін істедім бе?
Қаланың да дәм-тұзын ішпедім бе?
Тірі көрге түскендей жер астының,
Кендерін шығарғалы түспедім бе?
Тірідей жердің асты көрім болып,
Көрден тұрған кісідей өңім болып,
Пұшпағымнан талай тер ақпап па еді,
Өне бойым қап-қара көмір болып?
Жер қазып, құм, тас төсеп шойын жолға,
Сүйелдер шықпап па еді біздің қолға?
Күніне 14 сағат жұмыс қылып,
Тамақтан қанша артылды ақым сонда?
Орын көп жаздай терлеп, тапқаныма:
Әкімдер алым алмай жатқаны ма?
Кәрі әкем қысқаннан соң ақша таппай,
Кеп түскем саудагердің қақпанына.
Қыстайғы киген, ішкен борыш қайда?
Борышсыз тұра алып па ең ұн мен шайға?
Бір теңгесін он теңге қылып алар,
Саудагер беріп пе еді оны жайға?
Екі-үш теңгем жетпей қап, ана байға,
Іштегі бұзауды ал деп, таптым айла:
Кедейдің бейшаралық халін аңдып,
Қылмай ма малы барлар сонша пайда?!
Үш жыл жатып ол бұзау өгіз болар:
«Өгіз бер, не тегін жүр» демей ме олар?
Жыл сайын сондай борыш басын байлап,
Кедейлер сен секілді қайдан оңар?
Мен борыш алып па едім қол жеткенде,
Алғам жоқ па жоқтықтың зары өткенде?
«Қарға адым жер мұң болған» кездерді аңдып
Албастыдай баспай ма әл кеткенде?
III
Үмітсіздік
Әкем, шешем, арғы атам солай өскен,
Олардың да өкпесін есік тескен,
Мен істеген жұмысты олар да істеп,
Мұқтаждықтан құтыла алмай, күні кешкен.
Сайдауыттай алты ұл бар Мақан шалда,
Оларда да жасынан дамыл бар ма?
Өмір бойы өгіздей жегіліп жүр,
Не себепті бермейді оларға алла?
Анау жүрген Қозыбағар, Сейсенбайлар,
Қойайдарлар, Ысқақтар, Бейсембайлар,
Сондай-ақ болар ауыр адал қызмет,
Әлі күнге жоқтықпен соры қайнар.
Өмірі бәрінің де бір пішінде,
Кірде туып, өседі кір ішінде.
Жөне кірде өледі жари алмай,
Не пайда бүйтіп өмір сүрісіңде?
Бір күні басы ауырса, күні қараң,
Қартайса; бала жоқ боп, онан жаман.
Киім жоқ, тамақ мәнсіз, жұмыс ауыр,
Ауырмай қалай шыдар бұған адам?
Қырау, сасық, бу, түтін қыстайғы орны,
Ауырса сонда жатып, қандай болды?
Кәрілікте жатуға тамақ таппай,
Қап салып, тіленбей ме неше сорлы?
Кеше шал келмеді ме қайыр сұрап,
Белі аспанда, көзі ірің, мүкіс құлақ:
Күрс-күрс етіп, аяғын шалыс басып,
Түгі жоқ, киімінің бәрі құрақ.
Екі аяғы екі пұт киіз етік,
Тән көрініп, жыртықтан дір-дір етіп,
Бай оған теріс қарап, ұрыспады ма,
«Неге тірі қойды деп, тентіретіп?»
Талайдың жұмыс жаншып, саулығы кем,
Сондықтан, қайыр тілеп, ақтайды ел.
Талайлар байдың малын қорғаймын деп,
Қар астында қалады соққанда жел.
Талайлар заводтарда қылған көсіп,
Тас құласа қалады үстін басып.
Бұларды көре тұра, ойлай тұра,
Үміттер жоғалмай ма, көңіл жасып?
Менің-дағы тағдырым осылай ғой,
Қанша еңбек қылғаныммен жанталасып.
Адам аз ба түк еңбек қылмай отырып,
Өмір бойы көрмеген қарны ашып.
Еңбекші тамақ таппай отырғанда,
Жүретін сән-сауыққа ақша шашып.
IV
Өзін мырзалармен салыстыру
Анау Жақып сән түзеп, сауық құрған
Құрдасым емес пе еді бір күн туған?
Мен туғанда, табылмай қара сабын,
Ол туғанда, иіс сабын тәнін жуған.
Менің сорлы шешеме қалжа қайда?
«Қой сат» деп, әкем шапты көрші байға?
«Тағы бізге жүрерсің, не болмаса...»
Деді оған, қой бере ме байлар жайға.
Ол туғанда малына тойға сойған,
Ауыл тұрсын, бір тайпа елі тойған.
Құттықтап әркім келіп, қалау алып,
Ат мінді молда-дағы атын қойған.
Сүйіншіге тай беріп жақындары,
Құтты болсын айтысты жас пен кәрі.
Мен туғанда білген жоқ аулым тегіс,
Ол туды деп қуанды елдің бәрі.
Тілеулес біреуі әже, біреуі ата,
Солай деп, келгендер көп, тарту тарта.
Жиылды қожа-молда, ишандар да,
Әдейі іздеп, беруге оған бата.
Кісі даяр көтеріп, тербетуге,
Тілектес жанның бәрі ер жетуге.
Мен жылаймын бесікте биттер талап,
Шешемді байға ұрысқызып, жерлетуге.
һәм оның атқа мінер, сүндет тойы,
Тойға сойған үйінің жылқы, қойы.
Құдалық , үйі түскенде сойған малын,
Еңбек қып, кедей таппас өмір бойы.
Мен ауырдым, баяғы күнім қараң,
Маңайыма жолай ма жалғыз адам?
Бай «ақымды берсін» деп, сөз салдырды,
Ауруыңнан соның сол сөзі жаман.
Үйімнен табылды ма сүйген асым,
Тоқым төсеп, сүйедім ерге басым.
Әкем, шешем қасымнан бай жұмсаса,
Жөнеледі көзінен төгіп жасын.
Ол ауырды, кім көңіл сұрамаған
Қамыққансып, қайғырып, жыламаған?
Әке жоқ, қожа-молда, дәрігер жиып,
Қандай шығыны болса да шыдамаған.
Ол қандай өмір сүрді ес білгеннен,
Сау қалған кедей ар ма ол күлгеннен?
Тамаққа ыдыс, басқаға масыл болып,
Уақыты артылды ма бос жүргеннен.
Бала күнгі өмірі - ойын ойнау,
(Балада жоқ, ойыннан басқаны ойлау.)
Тіл шыққан соң үй ішін һәм көршісін,
Ата, енеден жіберіп, түгін қоймау.
Ойнамап па ек онымен топай, асық,
Соқыртеке, ақсүйек, шапқыласып.
Ойында бізге зорлық қылғаны үшін,
Ойнамай жүрмеп пе едік онан қашып.
Дау қылып, сақамызды тартып алып,
Шағыстырып, үйіне жылап барып,
Шешесі шешемізге «тый» деп, жекіріп,
Қоймап па еді бірқатар бүлік салып.
Тыныштық беріп пе еді келген шалға,
Ол жылап, алмайтұғын қамшы бар ма?
Кедей келсе, атына мініп алып,
Боқтамап па ед ол атын сұрағанда?!
Титтейінен малшыны сөгіп, жерлеп:
«Сақалды ит, етігім тарт, бермен кел»! деп.
Көршінің балаларын келемеж қып,
Жылату болмап па еді оған ермек?
Жігіт күнгі өмірі насыбай ату,
Қымыз ішіп қызарып үйде жату.
Көп ермегі: қылжақтау, боқауыз сөз,
Анда-санда домбыра тыңқылдату.
Жақсы ат мініп, жүгіртіп секектету,
Қоян қуу, тазыны жетектету.
Жалғыз емес, жанына жолдастыққа,
Кедейді шолағымен тепектету.
Ағызбаған тер қоймай мінген аттан,
Ол қоянды қуғанда талай шаттан.
Кедей көп көш-жөнекей жаяу келіп,
Ыстықта аузы кеуіп, шаршап жатқан.
Оларға ұрыспады ма аңнан келіп:
«Құдық аршы, әне тұр жылқы жеріп».
Бармаса, ашуланып үйіне ұрсар:
«Ендігәрі көрші,- деп, қымыз беріп...»
Көршінің қыз, келінінде дамыл бар ма?
Олар сөз айта алды ма малы барға?!
Әсіресе, жексұрын болмап па еді:
Қатыны жас, қартаңдау малшыларға?!
Түре келсе бір кедей кебіс салар,
Есік ашар бір кедей құман алар.
Киінсе киімдерін кісі әперер,
Білмеймін: өзіне-өзі неге жарар?
Бірді-бірге қайрап сап, шағыстырар,
Татуларды араз қып, шабыстырар;
Атасынан мұрасы - жұртты сүйтіп,
Ортасынан бақ-дәулет қағыстырар.
Елге құс, жақсы тазы, жақсы ат қоймас,
Канша сұрап алса да көңілі тоймас.
Түстеніс қып, момыннан қырғызып жеп,
Олар келсе, сырғытар өзі соймас.
Осы жайын сақтауға малын шашар
Калаға дамыл таппай, шапқыласар.
Бермеген орыс қоймай, аяғында:
Шығынды елге жаяр, татуласар.
V
Қорытынды
Жақыптың қай еңбегі менен артық:
Етігін де шешкен соң біреу тартып?
Қүдайға не жазып ем тумай тұрып,
Туғаннан мені жоқ қып, оны жарытып?
Әлде маған таң бар ма өлгеннен соң,
Құр тәнімді қабірге көмгеннен соң,
Бұл күнгі ауыр бейнет, қайғыларды,
Ұмытам ба хор қызын көргеннен соң?
Сонда ғана жамаусыз киім киіп,
Сонда ғана жақсы асқа аузым тиіп.
Сонда ғана пырақпен сайран салып,
Сонда ғана үйірлеп сұлу сүйіп.
Сонда ғана еркімше ұйқым қанып,
Сонда ғана жұмыстан демімді алып,
Рақатты ұжмақтан көрермін бе?
Тамаққа, киімге де сонда жарып?
Сонда ғана үстімнен бит арылып,
Сонда ғана іс қылмай байға жалынып,
Сонда ғана көн қолым жазылар ма,
һәм табаным қанаған мынау жарылып?
Кісілік есебіне сонда кіріп,
Сонда ғана байлармен қатар жүріп.
Сонда ғана, құдай-ау, құтылам ба,
Қорлауынан олардың сықақ қылып?
Сонда ғана оларға жалбақтамай,
Бабасын, не пәленің бір мақтамай,
Сонда ғана, «Байеке, соның теріс,
Деуге тіл келе ала ма жалтақтамай?
Сонда ғана қам көңілім жаңара ма?
Сонда ғана көн бетім ағара ма?
Сонда ғана «кедейдің байларда ақысы,
Бар» деген сөз қолға алынып қарала ма?
VI
Рухани қысымшы
(Духовный угнетателъ)
Деген сөз бар болса да үміт үзбе,
Бұл медеу болса-дағы көңілімізге,
Байлардай берген ат пен асымыз жоқ,
Бере ме сол ұжмақты молда бізге?!
Кедей сорлы дүниенің азабында,
Екі көзі байлардың қазанында,
Жарайтын киім жоқ және тағы,
Оқуға мұрша бар ма намазын да?
Ишандар келмеді ме сәлде киіп,
Байларға бермеді ме батаны үйіп?
Үлкен-үлкен кітаптан соқпады ма,
«Мал берсең кетпейсің деп, отқа күйіп»,
Ол сонда атырды ма кедейге таң?
Демеді ме: «Мырзаңның тілдерін ал!
Бір сабақ жібін алсаң дозақтасың,
Оңбайсың, құт кісіге бітеді мал.
Ораза, намазыңды, әсте қойма,
Құрбан шал, ақыреттің қамын ойла.
Пітір бер мезгілінен қалдырмастан,
Оразаның сауабын, жаным, жойма!
Әліңше құрметтесең ғалымдарды,
Қияметте құдайым саған берді.
Садақа бер, бата ал молдалардан,
Тәспих тарт һәм дәретсіз баспа жерді!»
Егер дерт бере қалса құдай басқа,
Молдекеңе емдеуге бір боз қасқа.
Өңгертпеп пе ем жан үшін борыштанып,
Жарымай отырғанда үй іші асқа?
Бермесем молда тегін емдеді ме?
Құр жалыну құлаққа енгені ме?
«Дүние, ақырет те байлар үшін,
Шүкірлік қыл дер тағы бергеніңе.»
Байларға өгіз болып өту үшін,
Дүниеге шыныммен-ақ келгенім бе?
Шөп бермей ме өгізге өлмесін деп,
«Жұмыс иесіз қалады өлген соң» деп.
Сол секілді кедейге жазғаны ма:
«Өлмесін, басқа рақат көрмесін» деп.
Жұмыстан арықтаса өгіз қажып,
Жіберер: «семірсін,- деп,- бойын жазып».
Кедей қажып, жұмыстан халі кетсе,
Денесіне кім берер оның азық?
VII
Адамның қасиеті Һәм бақытқа талпыну
Жоқ, мен бұған разы тіпті болман!
Бақытты іздеу керек басқа жолдан.
Бұл жолға көрге дейін өмірін беріп,
Жан аз ба менен басқа әуре болған?
Көнетін менде бұған тілек жоқ па,
Бақыт іздеп тулаған жүрек жоқ па?
Ақыл иесі қалайша көніп отырар,
«Бейнеттен басқа алдында үміт жоққа».
«Бейнетке, жексұрлыққа жаралғанға»,
Әркімнен кем кезбенен қаралғанға.
«Қойшы,- деп есіктегі иттің сөзін»,
Әр жерде ит есепті саналғанға.
Бұған көніп жүргеннен өлген артық,
Іштен тынып жанғаннан, сөнген артық.
Текке өлмей, тауға-тасқа басты соғып,
Жолыңда не кез келсе көрген артық.
Қартайғанда қайыршы болу үшін,
Жастықта жұмыс жаншып солу үшін,
Сол бейнетке тастауға тағы да ұрпақ,
Осы үшін жасаймын ба, айтшы, кісім?
Кім мені бұл бейнетке айдайтұғын?
Көнбесем де құл қылып, байлайтұғын?
Әлде менде рақат, бақыт іздеп,
Қан жоқ па жүрегімде қайнайтұғын?
Ойлаңыз менде жүрек, менде жан бар
Жүрегімде өмір бар, ыстық қан бар.
Үміт бар, махаббат бар, жек көру бар,
Бәрі де байдікіндей, байқасаңдар.
Туысымда онан жоқ еш кемдігім,
Жалғыз-ақ менде мал жоқ, онда мал бар.
Менің-дағы қатарға кіргім келер,
Жақсы ас ішіп, жақсы атқа мінгім келер,
Аз күнгі тіршілікте бейнет кермей,
Өз еркімше өмірді сүргім келер.
Менің де жақсы киім кигім келер,
Сұлуды бұраңдатып сүйгім келер.
Дұрыстыққа шаттанып, бұрыстыққа,
Жәбірленіп, кек тұтып, күйгім келер.
Сыйлағанды сыйлағым менің келер,
Қинағанды қинағым менің келер.
Кім кемсітсе, қолында өлгім келіп,
Кім мені алдамаса көңілім сенер.
Жақсы үйге, жақсы орынға жатқым келер,
Жұрт мақтарлық атақтар тапқым келер.
Асса адам баласына жақсылық қып,
Алғысқа, абыройға батқым келер.
VIII
Байлық - ұрлық-зорлықгың жемісі
(Қазіргі өмір - бақ іздеушіні залым қылады)
Қайтермін құтылуға бұл жайымнан,
Аспайды нені ойласам уайымнан,
Ақ ниет адалдықпен қызмет қылып,
Торықтым, сұрай-сұрай құдайымнан.
Байқасам енді түсіп арам жолға,
Күйер деп, аяйтұғын өмір сол ма?
Тапқаным мынау болса, жер жалмасын,
Жүрем деп, білгенімше ылғи оңға.
Деген бар: «Бәрекелді құлды өлтірер»,
«Бәрекелге» мұнан соң кім тентірер?
Болғаным «бәрекелшіл» байға жақсы,
Бейнеттен басқа өзіме не келтірер?
Рас мен «бәрекелшіл» болмадым ба?
Бай жұмсаса жанымды қорғадым ба?
Аз ішіп, жұмыс болса артық істеп,
Өмірді «бәрекелмен» оңдадым ба?
Көнбеп пе едім жазықсыз ашуына,
Жан ашуын менен ап басуына.
Келіні, жұдырықтай баласының,
Қожасынып, ызғарын шашуына.
«Бәрекелді алам» деп бұға берсем,
Соқпап па еді себеп боп жасуыма?
«Жеп қойды, ішіп қойды, ұрлап қойды,
Жалмауыз ол ит қашан асқа тойды».
Деген сөзі қайнатып жүрегімді,
Жылатпап па ед қозғатып іштегі ойды?
«Ақымақ; дәлдір-есер, жындысы да,
Жақпаған еш мінезбен құрбысына»,
«Шаруасына пысық бұл» десін деп жұрт,
Мін таққан бола қалар жұмысыма.
Бұл қалай ақ ниетпен оңбайтыным,
Терлесем де оңатын болмайтыным?
Періште, сенен бездім, шайтан, бері кел!
Күйер деп, не жаным бар қорғайтұғын.
Әзөзіл, жүрегіме салшы бүлік!
Жұрт десін мейлі жынды, мейлі жулик.
Бақытты саған ерген бұл уақытта,
Айтсаң да, айтпасаң да, тұрмын біліп.
Ауылда «пәлен» деген, «түген» деген,
Тіліңді ап, жеті атадан елді жеген,
Ұрлық, зорлық, өтірік бәрі де бар,
Әйткенмен кем боп отыр олар неден?
Шен-шекпен аталары киген екен,
Ел қорқып, дүниені оған үйген екен.
Алғаны, сойғызғаны былай тұрсын,
Еріксіз қыз-қатынын сүйген екен.
...* күтуші мен нөкерінің,
Зияны момындарға тиген екен.
Шындық үшін сірескен талай басты,
Иттеріне тепкізіп, иген екен.
«Я құдай, мен жазықсыз, сен теңгер»,- деп,
Көргенше талай кеуде күйген екен...
Баласы - осы күнгі елдің байы,
Оның да қызығарлық күйі-жайы.
Ол қылмаған зұлымдық, жамандық жоқ,
Қайда жүр, теңгерсе егер, бір құдайы?!
Малменен оқып жетіп балалары,
Төре боп, ел билеп жүр, олар бәрі.
Қолжазбадағы бұл сөз танылмады.- Ред.
Дәулеті өнер табуға жол даярлап,
Болса да аузы қисық сөзі дәрі.
Әр елдің бас адамы құда болып,
Аймақ көп, ешкім тимес бата тұрып.
Қырға келген төрелер, оқығандар,
Соны білер, соған барар, сонда қонып.
Дүние үшін оқығандар қызын алып,
Қыздары білмесе де жалғыз «өліп»,
Басқадан көпті көрген, көпті білер,
Хаж барған, дәулет, баққа отыр жарып.
Пәленше» жүр ғой әне жуан қарын,
Бір тиынға сатады ар, иманын.
Кедейменен алымды бірдей тартар,
Азсынып, бықып жатқан сонша малын.
Сауда ғып, «пәлен» анау елді жеген,
Бай болды осы күні «мынау!» деген.
Бай болған кісілердің бәрі цыган,
Таусылар ма мен санап айтқанменен.
«Пәлен» болыс, «пәлен» бай, «пәлен» билер,
Кедейдің қанын сорып, жүндей илер.
Адалдық, маңдай термен бақыт тапқан,
Адам жоқ, үлгі қылып, кедей сүйінер.
Алдауы, өткірлігі кімнің артық,
Болса, сол бақ, дәулетті алар тартып.
Бейнетқор адалдықпен көсіп қылған,
Өмір бойы өтеді азап артып.
Бұл күнде шайтан тірі, періште өліп,
Шайтан саған еремін соны көріп.
Ұрлық қылдыр, кісі өлтірт, өтірік айтқыз,
Алдағыш қыл - бәріне тұрам көніп.
Тек байлық берсең болды, шайтан, маған,
Демеймін айтқаныңның бірі жаман;
Қай жолмен болса-дағы бір байытшы,
Болмайды бай болған соң жаман адам.
VII
Жакдонынан айрылғандағы күйік
Әзәзіл, орның даяр, кел ішіме,
Жүрмеймін мұнан былай ел ішінде,
Адамға өз елінен басқа ел жақсы,
Түсуге тұр құбылтып, бір пішінге.
Мен емес туған жерді қимайтұғын,
Кетерде көз жасымды тыймайтұғын.
Бейнеттен туған жерде көз ашқам жоқ,
Жанымды нем бар қимай, қинайтұғын.
Қысқы суық өкпемнен талай өтіп,
Күзгісі де, міне, тұр дірілдетіп.
Шөгірлері қадалған табаныма,
Қойды ма жалаңаш деп, мейірім етіп.
Кей жылы болып кетіп жұты қатты,
Аз малым ақ сүйек боп, жерде жатты.
Басым кісіде болғанда қорғалақтап,
Дейсің бе мендей сорлы күтіп бақты.
Қасқыры мың қарасын байдың көрмей,
Жеп кеткен кезі болды жалғыз атты.
Қимайтын не нәрсем бар туған жерде,
Кетемін қаңғырып-ақ бөтен елге.
Аһ! Менің кәрі әкем мен кәрі шешем,
Қазығым қарайлайтын сол ғой менде.
Көрсеңіз қартаң тартқан шешем менің,
Болмаққа қызыл көзді бүкір белің;
Бай үйінің ас-суына араласар,
Сыбанып, қомыт киімінің жалба жеңін.
Бұзауын ол жіберер, ерте тұрар,
Күн қызғанша бүрсектер, ұршық бұрар.
Түсте тұрып, құйғызып дәрет суын,
Бәйбіше: «шай даяр ма!» онан-сұрар.
Былғанған бесігімен жас баласын,
Ағызып, шешем жуар қол саласын.
Онан соң сиыр сауып, сүт пісіріп,
Жуады қазан-аяқ һәм шарасын.
Жабу тігіп, ас пісіріп, жібін есіп,
Жағам ба деп жалтақтап күні кешіп.
Аурулы, аз жылдан соң көрге құлар,
Өмір бойы өкпесін есік тесіп.
Жасында ол кедейдің қызы болған,
Кедей болса-ақ күн бар ма оған оңған.
Бесіктен шықсй-ақ болды, кедейлікпен,
Мал үшін ұстап сатар әке қолдан.
Бір қойшы айттырыпты он жетіде,
Койшы аңқау, мосқал екен келбеті де.
Айттырса да ала алмай көп жүріпті,
Мал беру келмеген соң ретіне.
Он жасынан есікте дірдек қаққан,
Жиырма жастан бай қойын он жыл баққан.
Тағы алты жыл жүріпті ала алмастан,
Қалың малға жете алмай барлық тапқан.
Сүйтіп жүріп, шешеміз ер жетіпті,
Қойшы азаппен қартайып кер кетіпті.
Әкеміз жас өспірім жылқышы екен,
Жас көңілін ол азғырып тербетіпті.
Мал да жоқ, қатын да жоқ қойшы шалға,
Болыпты ақырында амал бар ма.
Шал үшін би, болыстар ие бопты,
Әкемнен шешеме деп, шыққан малға.
Қолдаған болысына әкем жағып,
Жылқысын көп жүріпті тегін бағып.
Шешем-дағы айналып үй жұмысына,
Берген ескі-құсқысын жүрген алып.
Тек жүруден жалықса болыс айтқан:
«Шалға мал әперем,- деп,- биге салып»
Басы солай байланып екеуінің,
Көп жылдар солайынша болған кәріп.
Бұл күнде әкем анау жасқа жеткен,
Аурулы, өзі көксау: күрк-күрк еткен.
Екі інім бар, болмаған мал-түлігі,
Бәрі тоқ мен асырар деген ниетпен.
Дейді олар: «Бізде арман жоқ алдында өлсек
Аяғын шырмап келін, немере көрсек.
Өмірлік қайғымызды көр шетінде,
Құдайым жеткізсе егер сүйтіп болсек».
Шырмайын деп, шырмады аяғымды,
«Мен әкең, ал,- деп міне таяғымды».
Бір ат пен бір сиырым қалмаса да.
«Қуантам,- деп ол отыр,- қарағымды».
Мен онысын жек көрем, сүймек түгіл,
Көрген сайын мұздаймын, күймек түгіл,
Дүрия кисе, қараман мен ол қызға,
Бай қызының ескісін кимек түгіл.
Малым кедей болғанмен жаным биік;
Жүрегім жек көре алар және сүйіп,
Қара көз, алтын сәуле, ақ ерке үшін,
Бай ұлындай тарта алам мен де күйік.
Мен-дағы сүйген сәулем «...» үшін,
Ұйықтай алмай жатқанда кеудем күйіп.
Соңыра, таң сарғайып атқанында,
Ұйқыға ит те, мен де жатқанымда,
Елесін сол жанымның оймен құшып,
Білмеймін арқама жер батқанын да.
Естен шығар толассыз бейнет, қайғы,
Туғаннан бұл күнгеше тартқаным да.
Ол кезде ұмытамын әкесінің,
Бай шалға тоқалдыққа сатқанын да.
Кедейлікпен мен қалып, шал алғаны...
Сол жылан шыдатпайды шаққанында?
Ем болды ма, ақымды үйге бермей,
Шешесіне сый қылып, жаққаным да.
Бекерге шықты оны бала күннен -
Меншіктеп бойға үйір қып баққаным да.
Төбемнен жай түскендей бір-ақ білдім,
Шалекең көп мал беріп, қаққанында.
Қайтермін ішке дерті сыймағанмен,
Болар ма көз жасымды тыймағанмен;
Жыл өтті, болатұғын болса болды,
Жүрекке құр елесін жинағанмен.
Дұғаға жалынғанға тағдыр саңырау,
Өнер жоқ, ашу қылып, қирағанмен.
Түнгі ұйқы, күндіз күлкі бірін көрмей,
Не болды құр жанымды қинағанмен.
«Ол сенікі» деп мені нанғыза алмас,
Жүз әулие, мың пір кеп милағанмен.
Жан қимақ пен жар қимақ бәрі бір бәс,
Қидым-қидым... Амал жоқ, қимағанмен.
Сонда да оны ойламай қоя алмадым,
Ойлауға жалықпадым, тоя алмадым.
Болмаса сол турадан сөйленген сөз,
Ұйықтадым басқа сөзге оянбадым.
Ұзақ түн ұйқым келмей, кеудем қызып,
Нешелер көз жасыма боялмадым!
Қаптатып топан суын, Мұхит теңізін,
Сол отын жүректегі жоя алмадым.
Білемін енді онан жұлдыз жуық,
Сонда да содан басқа ой алмадым.
Келеді өмірімнің таңдары атып,
Нұрымен жердің жүзін таңырқатып.
«Мен үшін саған бақыт бере көр» деп,
Тілеулес қу сүйегім көрде жатып.
Сол еді туған жерге байлайтұғын,
Болса да, қандай бейнет айдайтұғын.
Қара өмірімнің қайғылы жүрегінде,
Бар қуаныш сол еді жайлайтұғын.
Ойлаушы ем: «Жүрсем де деп, көп бейнетте
Өтсе де сөз сүйекке, таяқ етке.
Ұмытармын мен соның құшағында,
Айқасып, тиген кезде бетім бетке».
Әсіресе сонысы маған күйік:
Жексұрын шал «сүй» деді-ау, зорлап сүйіп.
Жастық қызу шөлдеткен жас ерінге,
Көк мұртты, кепкен ерін тұрды-ау тиіп!
Кәрі қол талдай нөзік белді қысып,
Үлбіреген жас тәнді зорлап құшып.
Қуарған, кепкен тәнін жылытпақшы,
Сәулелі қара кездің нұрын ішіп.
Ойым соған жеткенде жүрек тулап.
Күйіп кете жаздаймын отқа түсіп;
Ілгері бассам аяқ кейін кетіп,
Жер жүзі дозақ болар ішім пысып.
Сәбидің білегіндей торғын тамақ,
Тікенектей көк сақал соны қадап...
Неменеге жас өмірім, жас жүрегім?!
Малым жоқ болғаннан соң қалдым қарап.
Өле алмадым сонда мен өлемін деп,
Тірі қалдым енді не көремін деп?
Ойлағалы көп болды, әлмеген соң,
Өлгенше қаңғып көңіл бөлемін деп.
Білемін, енді онан жұлдыз жуық,
Білмеймін, көңілім кетпес неге суып.
Туған жер, әке-шеше - бар дүниеден
Неге соны көреді көңілім жуық?
Ойламасқа қыламын күнде тәубе,
Және ойлаймын көз жасым бетім жуып.
Жүз жалынсам бермейді құдай қуат,
Ойымнан жіберуге соны қуып.
Бейнеттен басқа рақат көрмес үшін,
Жасайтын секілдімін арнап туып.
Жоқ, бұлай емес шығар білу керек,
Білу үшін өмірді сүру керек.
Битке өкпелеп құр тонды отқа салмай,
Дүниеде тұра алғанша тұру керек.
Әйтеуір адам көрге бармай қоймас,
Асықпай-ақ қойсам да алмай қоймас.
Ерте қолдан өзімді ұйықтатпайын,
Көр ұйқысы ұзақ қой қанбай қоймас.
Деп енді қарайламан: «әке, шеше»,
Сағынып, жыласа да күнде неше.
«Осынша сұм дүниенің азабына,
Неге мені тудырды» «оңсын» десе.
Мен үйленіп, ұрпаққа себеп болман,
Даярлаған бақытым бар немеше.
Мен үйтпей-ақ табылар байларға өгіз,
Толып жатыр, көзіммен көрдім кеше.
Кедейдің қара лашық жыртығынан,
Нанбасаң сығалап көр, білгің келсе.
Шиеттей қызыл қарын, үрпек бастар,
«Маған, маған» деп шулар тамақ жесе:
Қайда барса шешесін жексұрын қып,
Үшеу, төртеу, білерсің, соңына ерсе.
Аз асы көптен берсе жетпей қалып,
Жарымай бәрі жылар аз-аз берсе.
Ұрып, алдап, қомытқа орап салып,
Бай үйінің жұмысына кетер шеше.
Байдан сұра бар-дағы ағайындық,
Жай айтып, жалынғаның құлаққа енсе.
Немесе қарызға деп ақша сұра,
Еңбегімен төлер деп байың сенсе.
Бермесе, «бейілсіз ит», деп үйіңде,
Өкпелеп жат, түбінде кедей жеңсе.
Немесе, тоқты-торымын жасырып сой,
Бар қараңды айыпқа бергің келсе...
Еске алып шеше сүтін, әке күшін,
Қайтейін, бұрып-ақ тұр менің ішім.
Солайда өзім үшін өмір сүрем,
Мені де олар туғызған өздері үшін.
Жатқан жоқ бұл өмірден өмірі оңып,
Қалың өрттен бір тамшы сумен қорып.
Өзім бірге күйермін сөндіре алмай,
Қартаярмын жүргенде әуре болып.
Түбінде халдеріне қарасармын,
Қарасар мұрша тапсам бақыт қонып.
Әйтеуір олар суға кеткен кісі,
Соңынан кетейін бе мен де «шолп!»
Әйтеуір мен шайтанға ерген кісі,
Ұят жоқ, ашпайтұғын бата көріп.
Мейлі жынды десін, азды десін,
Разымын жұрт айтса қалай жорып.
Ертеңнен қалмай кетем, елді қимай,
Көз жасым жоқ жылайтын солқ-солқ.
Шыдамай елден кетем, жерден кетем,
Бай мен биттің жеуіне қаным сорып.
X
Бақытқа жететін оңай жол
(Яғни елге масыл болу)
Жол қайсы құдай салған, шайтан салған,
Білмеймін, осы жері маған арман.
Мейлі құдай берсін, шайтан берсін,
Мақсатым - оқу оқу көңіліме алған.
Құдай беріп, мен болсам ишан, молда,
Байлар сыйлап, түсірмес қолдан-қолға.
Дөкей-дөкей кітаптан мен де соқсам,
Байдың ісін келтіріп, ылғи оңға.
Шайтан беріп, төмені - тілмаш болсам,
Байың тұрсын, болысың болар жорға.
Жүрегімді белгісіз нәрсе қысып,
Шақырып тұр, мінеки, кеттім сонда.

1919



Пікірлер (1)

Рауле

Өте керемет қой,
Мына өлең.
Адамды жылатты,
Аянышты оқиға Рахмет сізге

Пікір қалдырыңыз

Гүл

  • 1
  • 1

Балбырап шыққан жазғы гүл,
Көз тартқандай болады.
Кім біледі, сол түрде
Ер жетеді, толады;

Толық

Таныстыру

  • 2
  • 3

Туғанда құдай иіп мұндай заман,
Сұрайтын бір сөзім бар сенен, балам.
Тап біздің осы Семей облысының,
Көшбасшы адамдарын айтшы маған.

Толық

Намаз

  • 1
  • 1

Күнбатысқа үңіліп,
Қол қусырып, бүгіліп.
Созғыла, сопы, денеңді
Бір тұрып, бір жығылып.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар