Менің әкем
Менің әкем қарапайым жақсы жан,
Ақшасы жоқ оның асып-тасыған.
Баспанасы қарапайым қара орда,
Азын-аулақ мал-жаны бар бұйыртқан.
Қарны да жоқ, жіңішкелеу сары шал,
Көлігі оның - қара есек, кер байтал.
Қисық сөзді, керітартпа әкемнің,
Жүрегінде бізге деген мейірім бар.
Жырақ жүрсең суретіңе сөйлейді
Сағыныштан өзін солай емдейді.
Алыстағы қыз, жиені кеп қалса,
"Жата бермей, үйіңе қайт, тез!"- дейді.
Кім біледі... ұяла ма күйеуден,
Айрылмасын дейтін шығар сүйеуінен.
Сондықтан да жаратпайды қыздарын,
Жиі келген төркіндеуге жиенмен.
Зейнетақы тиген кезде қолына,
Асығады Алматының жолына.
Қыз - қырқынын аралап бір қайтады,
Сосын біраз қонақ болып ұлына.
Ауылына тағы қайтар асығып,
Бәрін көріп, сағынышын басып ап.
Елдің бәрін қалжыңымен қарық қып,
Әндетіп бір ауырады жатып ап...
Кемпіріне кейде елжіреп, кейде ұрсып,
Немересін еркелетіп, құтыртып.
Әлденеге кілт өкпелеп, бір боқтап,
Қайта өзгеріп, жадырайтын бір қырсық.
Осы мінез жұққан сынды маған да,
Күліп тұрып, ашуланам табанда.
Бірақ біздер ұстап жүрміз сабырды,
Сөз келтірмей әкешім мен анама.
Солай Әке, арнап сізге жаздым сөз,
Жалғасыңбыз келе жатқан басып із.
Ұл - қызыңның көріп әр кез қызығын,
Қос дүниеде бақытты өмір сүріңіз!
17.01.2019
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі