Өлең, жыр, ақындар

Отарба

  • 26.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1934
Отарба — өрге өрлеген, тамаша өнер,
Надандық өнер күшке лажсыз көнер.
Кім де-кім оның жолын кес-кестесе,
Езіліп, құмырсқадан оңай өлер.
Тас жүрек отарба үдеп шапқан сайын,
Надандық өзін-өзі жерге көмер.
Қаласың, отарбаға міне алмасаң,
Мінгенде, отарбаға алға жөнер.
Отарба талай өлке, талай қырды
Аттады, басып өтті, кесті, жырды.
Сар белін Сарыарқаның оятуға
Күрсілдеп Көкшетауға келіп кірді.
Ентігіп, ақырғаны қара айғырдың,
Естілді қиырына талай қырдың.
Ақырды момындарға: «Тез жаңарт!» — деп,
«Не қылдың, тұрмысыңды, қалай құрдың?
Қиырды айғыздады тілім-тілім,
Басылды тас төсекпен талай жылым.
Көк темір қоспақ жолмен гүрсілдетті,
Тізіп ап, сан арбаны алмай тыным.
Жол тапқан меңіреу түнде, көзі қызыл,
Екпін күй, ұшқынды үнді, сөзі қызыл.
Советтің нысанасы — жолы темір.
Отарба қызыл отты, өзі қызыл.
Жалшы тап үкімінің нышанасы,
Жүк тартқан мың-мың батпан күш анасы.
Бет алған темір жолмен түп мақсұты,
Тегістік, коммуншылдық нысанасы.
Отарба жүгіреді асып-сасып,
Гауһардай, қып-қызыл от ұшқын шашып.
Жер жарған дүбірі мен ақырғаны,
Ұйқысын еңбекші елдің шайдай ашып.
Жолына отарбаның жұмылды жұрт,
Жалқаулық, надандықтан аулақ қашып.
Ағылтты тиеп жүкті, тиеп жұртты,
Ерсілі-қарсылы айдап тынбай тасып.
Өрге өрлеп, жасыл орман тауды аралап,
Отарба Көкшетаудан өтті басып.
Жаңғыртып тауды, орманды, сары белді,
Арқырап Сарыарқадан өтпек асып.
Отарба қалың надан елге жетті.
Тың жатқан талай қиыр жерге жетті.
Құйғытып, тізбектеліп, қоспақ жолмен,
Тас жүрек титықтатты кер көжекті.
Түрліше әркім кәсіп етіп жатыр.
Әркімге түрлі кәсіп жетіп жатыр.
Тұтынып біреу балға, біреу күрек,
Біреулер әлденені нетіп жатыр.
Біреулер керектерін алып жатыр,
Біреулер ілгері асып кетіп жатыр.
Біреулер «Ноян» боп кеп үйретпек боп,
Біреулер білім іздеп кетіп жатыр.
Қалың ну, жасыл орман тұнжырасып,
Бетімен өскен, өнген мың жыл ғасыр
Баржадан жұмыс күткен тобырдай боп,
Тұрушы ед, түскендей боп ұнжырғасы.
Жаңғыртты, қара орманмен Көкшетауды,
Жиілеу айғыздатты қалың қауды.
Құтқарып ұзақ жолдан ат, түйені,
Мойнына алды отарба алыс лауды.
Отарба тиеп әкеп бергеннен соң,
Халықтың машинаға дені-ақ ауды.
Айырбас, машинаға астық беріп,
Еңбекші ел қара жерді жебе сауды.
Еңбекші ел отырыққа жиындасты,
Жұмыскер, еңбекші тап ұйымдасты.
Шаруа кәсіп үрпін жебе сауып,
Базарды шаруалық бұйым басты.
Отарба, шапқылай бер,алмайтыным,
Көп келтір жаңа құрал, өнер білім.
Келмесін «өнерлі» елдің қағылғаны
Саудагер, жәллап, суайт, арақ шылым.
Таси бер еңбекші елге керек жарақ,
Машина, мата, сайман, сабын, тарақ
Сүйрей бер шебер ғалым, дәрі дәрмек
Құрысын қуылған сұм қарт пен арақ.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Біздің жақта

  • 1
  • 27

Шалқыған біздің жақтың көлдері бар,
Ағашты биік таулы жерлері бар.
Өзен, су, көлдер жайлап, тау қыстайтын
Меймандос, берекелі елдері бар.

Толық

Біржан

  • 0
  • 0

Қазақта даңқы шыққан Біржан ақын.
Келтірген сұлу өлең сөздің нарқын.
Сан топта, сан жүйрікпен жарысқанда,
Сәкен Сейфуллин

Толық

Заман, «Заман»

  • 0
  • 2

Тамаша қызығы көп шіркін заман
Әрине, кімге жақсы, кімге жаман;
Қай елдің қандай паңы айтар бүгін
Күні ертең отырам деп есен-аман?

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар