Өлең, жыр, ақындар

Радио

  • 26.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1087
Еңбекші ел өнерге күрт бұрды бетті,
Тілші ғып радионы іске жекті.
Дүниенің төрт бұрышынан хабар алды,
Жақын ғып от басындай қиыр шетті.
Радио — өнердің бір, ілгері алды,
Ешбір сөз жатсынбайтын тілге орамды.
Орнатты, өрнек қазақ қаласына
Радио — сымсыз тілді телеграмды.
Радио, хабар сөйлеп, саңқылдайды,
Жаңғырып ағаш үйлер қаңқылдайды.
Естіртіп сүйген жердің әңгімесін
Сол жердің өз тілімен аңқылдайды.
Кәрі, жас, қатын-қалаш, жігіт-желең,
Тыңдайды басқа еш затты қылмай елең.
Ишанның сөзін өстіп тыңдаса жұрт,
«Бұл неткен көктен түскен ишан?» дер ең.
Әлі де жұрт былшылдап тыңдайды деп,
Түңіліп қалың елден опық жер ең.
Еңбекшіл ел өнерге енді анталады
Бұрынғы селқос жүрген аңқау-керең.
Радио елге білім нұрын шашар
Білімнен шайтан, ишан, надан қашар.
Біліммен саясаттан хабар беріп,
Әр жұрттың ән-күйімен көңіл ашар. 
Анталап радионың сөзін тыңдап,
Тот басқан топас ойын жанып, шындап,
Тыңдады сан қиырдан айтқан сөзді,
Болса да шақырымы неше мыңдап.
Кәрі, жас радионы тыңдап қатқан,
Білімнің шашқан жеміс дәмін татқан.
Тыңдайды жер жүзінде әр қаланың,
Сөздерін жұртқа әдейі шашып жатқан.
Бір жерден тәртіп, нұсқа, заң тыңдайды,
Бір жерден білім, пәннен мән тыңдайды.
Бір жерден көркем әуен күй кернеймен
Тербетіп, жан иіткен ән тыңдайды.
Радио жер дүниеге құлақ салмақ,
Бұлжытпай өр дыбысты естіп шалмақ.
Жұмыскер қазақ та оны құрал қылып,
Түп-түгел жер тобынан хабар алмақ.
Үн шашқан жер дүниеге биік тұран,
Жаса, деп жаңа тұрмыс салған ұран.
Үн шашқан коминтерн радиомен
Қалсын деп шірік таурат, інжіл, құран.
Еңбектің жемісі бұл, емес тылсым
Мәнісін оқып көріп әркім білсін.
Ауысып өнерінің жемісінен
Бір-бірін тыңдап адам ойнап күлсін.
Білімнің сан-сабаздар құмын терген,
Мұра қып, бірден-бірге тізіп өрген.
Ерлерге бас иелік еңбегімен,
Дүниеге мұндай құрал тауып берген...
Бір күні қазақ қала болып жиын,
Ташкеннің тыңдамаққа ән мен күйін.
Тігініп отырыпты құлақ түріп,
Толтырып радионың үлкен үйін.
Радио — Ташкен басқан әр түрлі әнге
Әр жұрттың кезектеткен әнін сәнге.
Түрлі әуен бір-біріне ұқсаспаған
Әр түрлі әсер еткен — жан мен тәнге.
Бір кезде ән кезегін біреу алған,
Шырқап бір «Үш тотыны» ырғап салған.
Таныс үн, таныс әнді тыңдасып жұрт,
Қайран боп, өнер іске мәз боп қалған.
Тыңдасып таныс үнді қанысады,
Ән салған Сабырды да танысады.
«Мынау үн — Сабырдікі — тәубе-ау!..» — десіп,
Өнерге кемпір-шал да танысады.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

От арба терезесінен

  • 0
  • 0

Шайқайды ырғап сүйреп алға,
Жүйрік поезд арбасы.
Жұрт далаға қарасады,
Терезеден жармасып.

Толық

Кел, жігіттер

  • 0
  • 0

Көшкен елдей,
Соққан желдей,
Жастық шағы өтер тез.
Шіркін жастық —

Толық

Сөз зайығы наданға

  • 0
  • 0

Тыңдаушың болса байымды
Ұғар айтқан сөзіңді.
Санасыз болса дайын-ды
«Ақымақ!» деуге өзіңді.

Толық

Қарап көріңіз