Өлең, жыр, ақындар

Пролетариат

  • 26.07.2022
  • 0
  • 0
  • 995
(Әлдиле өлім, әлдиле!)
Мағжанның өлшеуімен

Билеген шаттық өмірді,
Күн де бүгін көңілді,
Толқындап жел келеді,
Әлдекімнің өлгенін,
Оны қалай көмгенін
Әңгіме қылып күледі.
Бетімді, жел, күле сүй,
Ол — өлім күйі, қызық күй
Балқиды жаным бұл күйге,
Жауларды, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!..
Сартылдаған станок,
Машиналары күрсілдеп.
Бұрқырап жатқан фабрик,
Жұмысшылар қайнаған,
Бәрінің басын байлаған,
Бір семіз жебір жәбірлеп.
Жұмысшы соғыс бастапты,
Семізді жарып тастапты,
Фабрикке болып өзі ие.
Бірі істейді — бәрі үшін,
Бәрі істейді әрі үшін,
Өзі иесі сол — көп ие.
Бай ұлыпты көре алмай,
Күліпті жел оларға-ай.
Балқыды жаным бұл күйге.
«Қып-қызыл» болад өтірік,
Жіберсе қуып, есіктен,
Жылмаңдай кіріп тесіктен.
Оқуға да еніпті.
Қағаздарын түйдектеп,
Кеңседе болып бюрократ
Тазалауға кез келіпті.
Мойнына құрым іліпті,
Мазақтап жел күліпті.
Балқыды жаным бұл күйге,
Бұларды да, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!..
Жұмысшымменен жымдасам,
Еңбегімменен сырласам,
Қолымда бәрі шындасам.
Қойшымды алып қолыма
Қарындасым оңымда,
Қаратау, қарлы қырды асам.
Бюрократ — бөлтірік,
Жылмаңдама өтірік.
Мен қоймаймын, сырды ашам.
Жалынмын, отпен ойнаймын,
Жолымда бөгет қоймаймын,
Қорықпаймын жаудан мыңдаған.
Екпінімді жел біледі,
Сыңқылдап соған күледі.
Балқыды жаным бұл күйге,
Тап жауын, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!..
Жаңадан дүние жаралып,
Басталыпты жаңа ұрыс.
Күйікті жуан қайтыпты,
Жел иманын айтыпты,
Балқыды жаным бұл күйге.
Жуандарды, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!..
Еңбекпен өскен қарындас,
Тоқал боп өткен жарым жас,
Байлаудан бас босапты,
Жуан қарын тажалға,
Жаға менен сақалға
Жармасып қарсы қол сапты.
Ашулы бай себепті,
Милиция байды қамапты,
Үлгілі ашық сот бопты,
Қатты үкімге кесіліп,
Тірідей көзі тесіліп,
Малы-мүлкі жоқ бопты.
Көрмепті, бай өліпті,
Жел соған күліп келіпті,
Балқыды жаным бұл күйге,
Құлақтарды, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!..
Қой терісін бүркеніп,
Тізімге өтіп тіркеліп.
«Коммунист» бопты бөлтірік.
Құрғақ айқай дегенде,
Қара сөзге келгенде,
Байларды, елім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!..
Тұла бойы сары жез,
Ызғарлы сөзді, қасқыр көз,
Бір жебір елді билепті.
Қажырлы білек күшімен,
Көк найзаның ұшымен
Жебірді еңбек түйрепті.
Еңбектің тапқан олжасын,
Тартқыламақ боп қалжасын,
Бірақ төбет сүйрепті.
Ақ төбетін айтақтап,
Шырқ айналып жайпақтап,
Бір ақын әнмен күйлетті.
Таяқтан төбет өліпті,
Жел сықақтап күліпті,
Балқыды жаным бұл күйге,
Сол ақынды, өлім, әлдиле!..
Әлдиле, өлім, әлдиле!
Айдалада жас қойшы,
Мың сан қойға бас қойшы,
Байдың қойын тастапты.
Өзінің жора-жолдасын,
Өз заманы болған соң,
Байларға қарсы бастапты.
Тітіреп байлар бұл іске,
Мүлкі болып конфиске,
Айдалыпты теп-тегіс.
Коллектив болып мал алып,
Техникасы алда ағылып,
Бұл жолы саған зор берсін,
Мен сенен озып кетемін,
Бір өзің мыңға балаған,
Дүниеде теңсіз санаған,
Америкаңа жетемін,
Жетіп қана қоймаймын,
Дүниемен жарыс ойнаймын.
Бәріңнен озып етемін,
Жер жүзінде төңкеріс,
Адамзатты теп-тегіс,
Еңбекпен еркін өтемін.
Табиғат менен именед,
Жел күліп оған күй беред,
Балқыды жаным бұл күйге,
Бөгеттерді, елім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!..
1929 жыл



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жас қазақ

  • 0
  • 0

Жаңа батыр жас қазақ,
Еңбекші тап ұланы.
Бай, мырзаға қас қазақ,
Жалпы теңдік ұраны.

Толық

Жас қазақ марселье́засы

  • 0
  • 0

Азамат, жүнжіме, жүрме бос,
Қол ұстас, бірігіп тізе қос.
Ту ұстап дұшпанға барайық,
Теңдіктің ұранын салайық.

Толық

Біздің дәуір

  • 0
  • 0

Шабуыл біздің дәуір емес аяң,
Отарба алып ұшты, қалып маяң,
Жүйткіген тұрмыс қазір экспресс, —
Айтқандай менің досым ақын Аян...

Толық

Қарап көріңіз