Өлең, жыр, ақындар

Жау шебінде

  • 29.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1056
Жау неше рет
Топ-топ болып саптанды.
Неше түрлі
Құрал, сауыт қаттанды.
Капитал тап,
Қолдасып ап,
Бар жанын сап,
Бізге қарсы
Іштен, тыстан аттанды.
Топ-топ қылып
Аттандырды ұлдарын;
Алдына сап
Паш меньшевик құлдарын.
Крес, сәлде,
Арам кәлле.
«Исус — Алла»
Итше ұлытып,
Далбастаған тұлдарын!..
Капиталдың
Құзғындары бұрсанды,
Сөсінеді
Сұм ұлдары мың санды.
Жинап жынын,
Коммуна үнін,
Алтын күнін
Өшірем деп
Оқ пен темір құрсанды,
Газ, бомбы үйіп,
Зеңбіректер сүйретіп,
Танк, пулемет,
Аэроларын күйлетіп,
Қанды тырнақ,
Малша қырмақ,
Бықпырт қылмақ,
«Құл болмаймын», —
Деген тапты күйретіп.
Әпсүндетіп
Пастор, молда, поптарын,
Қан жарақтап,
Қанаушы жын топтарын,
Тізіп сап-сап,
Қанаушы тап;
«Қырғын қыл, шап!»
«Аяма!» — дейді,
— Газ бен бомба оқтарын.
Қатар-қатар Зеңбірегін кезеді.
Ауыздарын доп үңілтіп көзеді.
Аэросы ызғын,
Көкте құзғын,
Жерде де ызғын, —
Танк, зеңбірек,
Пулеметін безеді.
Аэролары
Көктен төнді гүрілдеп.
Танктары
Аңдыздады дүрілдеп,
Тізбек-тізбек,
Қанға жүзбек,
Өңменді үзбек.
Пулеметтер
Өлім тілейд дірілдеп
Лек, лек, жындай
Жау айнала құрсады.
Қансорғыштар
Бар құралын жұмсады.
Антанта сұм,
Анттасып,
Жанталасып,
«Қыр, қыр!» — десіп
Жынға сұмдар ұрсады,
Бомба,
Оқ,
Газ,
Топ,
Кольт.
Жау
Обыр, —
Интервент,
Ала ту,—
Интер —
Жолт.
Үреді
Ит,
Вандер
Вельт!
Жандаралдар
Жынша арсылдап, ырылдап,
Қанға жерік
Арам кеуде сырылдап,
«Коммунды ат, ұр!
Қанға батыр!
Дәмін татыр!»
Жындарына
Бұйырды сұм қырылдап.
Совет нуын,
Құрсаған жау жарақты.
Көл қып ішер
Қан тілеуші арақты,
Капитал мас,
Теңдікке қас,
Шіріген лас.
Сақ-сақ күлед
Десе: «Көл боп қан ақты!..»
У жіберед,
Тұманмен де, желмен де
Қаптатад танк
Жермен, оймен, өрмен де,
Жаудырад оқ,
Бомбалы топ,
Найзағай шоқ,
Аспанмен де,
Теңізбен де, жермен де.
Біздің шепте, жерде
Біздің құрал
Жаудікіндей көп емес,
Біздің құрал
Жалғыз ғана оқ емес,
Обыр, сұм, сұқ
Итше қыңсып,
Сұқса тұмсық,
— Дәл тұмсыққа
Атар оқ та жоқ емес.
Ұлы демді
Жаудың күші жиылды:
Қара жылан
Шапшып әнін жиырды.
Шашты уын:
«Совет туын,
Құл қыл нуын!» —
Деп жалмауыз
Қырылдады, бұйырды.
Біздің әскер
Айнала жау шегінде
Қорғап табын
Жатты майдан шебінде.
Найза құрыш,
Алмас қылыш,
Алмас тыныс,
— Кежуілші ем
Ұшқыр атты легінде,
Ал қызыл ту
Тұрды ортада жайқалып,
Сыналар жер
Таптың күші байқалып,
«Ақтық майдан!..»
Одан тайған,
— Өлмек байдан,
— Кызыл әскер
Сескенбеді тайқалып.
Тудағы ұран,
Лениннің үн — сөзі еді.
Қиыр жолды
Болжаушы оның көзі еді.
Штаб жарын
Нықтап бәрін,
Командарм — Бұйырушы
Бастық — Ленин өзі еді.
Раз,
Два! Раз!
Раз!
Құрыш лек,
— Шың Тас.
Дүрс. Дүрс.
Нық Бас!
Көк
Құрыш, —
От Шаш!
Саңқ-саңқ бұйрық
Беріп майдан басында,
Ленин тұрды
Штабтың ортасында...
Шепте тұрды...
Ленин тұрды,
План құрды.
Штаб - ЦК,
- Командирлер қасында.
Қызыл әскер
Жер бұдырын сағалай,
Ұзақ желі
Жатты тізбек жағалай.
Шепте жатты,
Көздеп қатты,
Кезек атты...
Ленин тұрды
Жауды болжап бағалай,
Құйған құрыш,
Лениннің нық тұлғасы.
Бар шындықты
Қорытқан ми бір басы.
Дүрбі қарап,
Жауды санап,
Күшін балап.
Қос қолында
Маркстің нық тұр басы...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Отарба

  • 0
  • 0

Отарба шу,
Түтін мен бу,
Шап, ырсылдап гуде гу!
Қайнат терді,

Толық

Қамаудан

  • 0
  • 0

Тас үйдегі тұтқынды
Аяған адам жоқ болды.
Аяды бірақ табиғат,
Көңілім соған тоқ болды.

Толық

Жазғытұры

  • 0
  • 0

Кеш. Ымырт. Таудың іші... жазғытұры,
Құлпырды шыққа оранып ойы, қыры.
Тәніне құлпырған ақ перде жапқан
Сұлудай тау менен тас жердің түрі.

Толық

Қарап көріңіз