Ұлы майдандағы жұмыскер табына
Еске түсер
Ұлы күндер,
Май күні,
Жұмыскер тап,
Бірлікке ант қып, сай күні,
— Жолдас — досым,
Ардақ қосым,
Есте болсын, —
Қол ұстасып
Бірге болдық қай күні?..
Тырнақты сұм
Алқымыннан алғанда,
Қанды шеңгел
Сірескенде жағаңда,
Алтын ұлдар,
Жалқын мұңдар,
Өңкей сұмдар.
Дәл арқаңа
Алтын қанжар салғанда!
Дәл сол кезде
Қолтығыңа кіргемін,
Сұмды соғып,
Езгілесіп бүргемін,
Етті далдап,
Бетті қандап,
Аман «жанды ап»,
Сендерменен
Бірге алысып жүргемін.
Сол майданда
Қанға бірге батқамыз,
Шайнап жауды,
Шайналып та жатқамыз.
Дүзікті алтын,
Сары жалқын,
Жұмсақ алқым,
Ол кезде ойда
Жуан дорба жоқ еді,
Ол кезде ойда
Диван, жорға жоқ еді,
Ойда ол кезде,
Тіккен көзде:
Қарынды езбек —
Не ілмек жіп,
Не қорғасын оқ еді.
Мен тұрмағам іштен пәле түйсіне,
Әуелі кеп
Пышақтап ап, «исіне»
Келмегем мен,
Әкім боп сен,
«Жайып сап жем»
Жұртқа берген
Тәтті асыңның иісіне.
Қызыл тудың
Сабын бірге сүйгемін,
Жалын отқа
Бірге пісіп күйгемін,
Сертті күнде,
Қанды түнде,
Жау ішінде
Қызыл туға
Жанды бірге түйгемін.
Сендерменен
Түсіп шыққам бір «көрге»,
Аш, жалаңаш
Жатысқанбыз кір жерде,
Көп жау талап,
Шұрқ-шұрқ жара ап,
Дал-дал қанап,
Сақтаулы әлі
Сондағы алған мандатам.
Майдан штаб,
Берген сонда қандатып,
Тұмар қылып.
Мойныма іліп,
Жүрмін тынық,
— Октябрьдің
Сондағы жас солдаты.
Ол күн мәңгі
Тарихтан еш өшпейді.
Тарихтың ол
Зор бетінен көшпейді,
Жаулар қашты...
Сұмдар састы...
Бояп басты,
Сол күнгі істі
Сұмдар бізге кешпейді.
Қалай кешсін
Бізге сұмның ұлдары,
Ордалары
Талқандалған тұлдары, —
Қанжар қайрап, іштен байлап,
Судай сайрап, қу қарынның
Гіл сұғанақ мұңдары?..
Сұм тобының
Бізде мәңгі кегі бар,
Сұм қулардың
Кек сақтайтын тегі бар, —
Жолдас-досым,
Нулы қосым,
Есте болсын, —
Күліп, кекеп,
Аңдыған сұм ысқырса.
Арам қарын
Мұрныменен пысқырса, —
Шімірікпеймін,
«Тым үрікпеймін»,
Үн ірікпеймін, —
Аяқ шалып,
Кір таяқ та қыстырса.
Енді жаудың
Сөзбен атам ордасын,
Көздеп атам
Жылмиған сұм мордасын,
Кейде бір мүлт,
Кейде бір мүрт,
Кейде үстірт
Кету мүмкін
Қызған шіркін қорғасын...
Қате бассам.
Сен түзейсің, —
Ем көрем.
Сезіміңді
Дамығыш ну кең көрем...
Қулар үрсе,
«Көкке мінсе,
Үріп күлсе,
Сұр күшіктің
Үргенімен тең көрем.
Қан майданда
Қолтығыңа кіргемін,
Жанды ортаға
Салып білек түргемін,
Зор сертті істе
Қанжар тістеп,
Жарақты қындап,
Жаңғыртып шыңдап,
Ұстамақ білек,
Дайындап білеп.
Бар күшін,
Жігер, дұспанға тігер...
Мың-мың лек,
Марш бас.
Қай дұспан қашпас!
1929 жыл. ( Социалистан)
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі