Қазақстан он бір жасқа толғанда
Кеше
Қазақстан социалдық
Республика болғалы, —
Октябрьдің төрті күні,
Он бір жасқа толғаны.
Он бір жылда Қазақстан
Үдеп алға басуда,
Көз жіберу керек артқа
Әрбір шыққан асуда.
Он бірінші белде тұрып,
Артты шолып алайық.
Қазақстан аймағына
Айнала көз салайық.
Қазақстан бұрын ел ме ед?
Бағынған тек құл еді!..
Еңбекшісі итше құл боп
Тек байлары ірі еді.
Қанау, қорлау, сан жауыздық.
Бәрі бірдей толы еді.
Еңбекші елдің қанын сорған
Сұм, зәлімдер мол еді.
Қазақстан бұрын ел ме ед?
Мазақ еді, қор еді.
«Ақ патшасы» — қара пәле, —
Зұлмат басы сол еді...
Қазақстан айналасы,
Берік қамау ор еді.
Қара пәле сұм құрсауы
Құтқармастай тор еді...
Қазақстан бұрын бетпақ,
Қайғы басқан шел еді,
Жақын деген көлденеңі
Айлық ауыр жол еді.
Қазақ елін билеуші еді
Патшаның сұм құлдары,
Еңбекші елді қан жылатқан
Сұм патшаның мұңдары...
Адамшылық, ар-ұждансыз,
Арам құлқын құндары.
Оларменен әмпейлескен,
Қазақтың өз сұмдары...
Сұм патшаның әкімдері,
Елді итке балаған.
Еңбекші елді тонап, тұлдап,
Қан жылатқан, қанаған.
Бай, би, молда әкімдердің
Қан табағын жалаған,
Өңкей ұры әмпейлесіп,
Еңбекші елді талаған...
Бүгін
Міне бүгін алыс артқа
Биіктен көз қарайды.
Бастан кешкен сан қорлықты.
Жүйрік оймен санайды.
Еңбекші тап жапа шегіп,
Көрген заман талайды.
Ол заманды «албастылы»
Қара түнге балайды.
Сол пәледен құтқарылып,
Көк найзаның ұшымен,
Қазақстан қатар ел болды
Ұлы Октябрь күшімен...
Қазақстан социалдық
Республика болғалы,
Міне бүгін дәл он бір жыл
Он бір жасқа толғаны.
Қазақстан жаңа ел болды,
Он бір жылдың ішінде,
Енді билік, енді бақыт
Еңбектің өз күшінде.
Еңбекші тап өз күшімен,
Өз бақытын күзетед.
Ұйымды еңбек социалды,
Жаңа тұрмыс түзетед.
Айлық жолды күндік қылып,
Темірден жол тартады,
Түйе менен өгіз жүгін
Машинаға артады.
Бетпақ шелден, асқар таудан
Ұшқыр құсша асады.
Өнер, білім жемістерін
Сан түкпірге шашады.
Тынбай у деп сан түкпірден,
Өнер үйін салады.
Еңбекші елі жұмылысып
Жаппай білім алады...
Тынбай үдеп сан түкпірден
Білімге ошақ ашады,
Қазақстан 11 жылда
Жаңа тұрмыс жасады.
Міне, бүгін алыс артқа
Биіктен көз қарайды.
Бұлшық етті, күшті білек,
Жаңа тұрмыс қалайды.
Кеңірдегі езілген
Сұғанақ сұр күшіктер,
«Күшім», — десең қабады,
Тұмсыққа ұрсаң бүшіктер.
Сыртқы жау да кезең ед,
Қатерлірек іштегі,
Өмірінше залымның
Даяр жүрмек іш кегі.
Күтіп сақта, жас ұлан!
Әкең берген маузерін!
Біз тым жақсы білеміз ішкі, сыртқы жау сырын!..
1931 жыл.(Социалистан)
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі