Өлең, жыр, ақындар

Далада

  • 30.07.2022
  • 0
  • 0
  • 3523
(Арнау)

Жүген-құрық тимеген,
Жасынан ноқта кимеген
Алты жасар асауды
Ұстап міндім далада.
Ақырды асау —
Жаңғырды дала.
Тулады, орғыды асау —
Дүбірлеп күңіренді дала,
Қиырсыз дала...
Орғыды асау айнала —
Дүбірледі айдала.
Алысып асау осқырды —
Жал-құйрығы желмен ысқырды,
Жүйткіп, зымырап құлашын
керді асау.
Танаулары шелектей,
Ырсылдап демі көріктей,
Көздері оттай, еріктей,
Өрге қарай орғыса
Өр не қылмақ асауға?!
Желге қарай орғыса,
Жел не қылмақ асауға?
Орғытып, ұшыртып жүріп
Көкіректі кернеп,
Кең даланы күңірентіп
Қатты айқайлап ән салдым.
Әнім кетті дыңылдап,
Жаңғыртып кең даланы.
Салдым күшті дауыспен ән!
Әніме қосылды: кең дала,
Аққулы-қазды шалқар көл,
Қамысты-құрақты көк өзен
Қосылды бәрі шуласып,
Қосылды бәрі шаттанып.
***
Сендерге қарындастар,
Сендерге, інілер,
Сендерге арналды бұл әндер!
Дүниенің құлдық шынжырын қиратып,
Әділдік теңдік іздеген,
Тұрмыстың таршылық зынданын бұзып,
Еркіндік, кеңдік іздеген,
Көкіректері жанып бақыт іздеген, жастар,
Сендерге арналады бұл әндер!
Үнемдеп өлшеп күн көру үшін тумай, дүниенің сасық байлық жетуді мақсұт қылмай, қырандай жер-көкке қанат жайып, қырандай дүние шетіне көз жіберген, асау тұлпардай қиырлы жерге құлаш керіп, бақыт, махаббат іздеген, жастар, сендерге арналды бұл әндер!
Шығыңдар далаға, жолға —
Бұрынғы ерлер салған жолға!
Жүріңдер, бақыт еркіндік бақыты алдарыңда таяу.
Жолдарың жүрер бетпақ дала, шөл, тay, тac — меңіреу жерлер, Жолдарың көрінер қиын. Талай ерлер қасірет, жапа шегіп, жалпы әлемге бақыт іздеп, құрбан болған бұл жолда. Күрес үшін, еркін, шатты еңбек үшін туған — сендер.
Шақырыңдар арттағы ұйықтаған, именшек, бақыт жолын білмейтін бауырларыңды!
Шақырыңдар, арттағы құлдықта жүрген бауырларыңды!
Сендерге — ерік, махаббат жолына бастаған ер қарындастар, інілер — сендерге арналды бұл әндер!
Қосыңдар дауыстарыңды!
Күшті дауыстар мен қызу ән жаңғыртсын дүниені! Жаңғыртыңдар, жаңартыңдар ескі дүниені, қайратты, ер жастар.
Сендерге арналды бұл әндер — асауменен алысып жүріп салған әндер!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Аян мен Айлақ хикаясынан

  • 0
  • 0

Құшақ жайған қиялды жан
Көктегі алтын сәулеге.
Аққу сынды сұлу іздеп
Түскен қасірет, әуреге...

Толық

Қайғылы хабар

  • 0
  • 0

Ойпыр-ай! Жайша соққан бұ не хабар?!
Дүниеден Ленин кетті...
қайтпас сапар.
Селк етіп еңбекші тап күңіреніп,

Толық

Надежда, Үміт, Үмила...

  • 0
  • 0

Надежда, Үміт, Үмила,
Қарындасым, дәуренсің.
Шырағым Үміт, Үмила,
Аққуымсың, сәулемсің...

Толық

Қарап көріңіз