Өлең, жыр, ақындар

Аққу құс

  • 01.08.2022
  • 0
  • 0
  • 3128
Аққу құс ұшты,
Желдей есіп күшті,
Ән салып күлді айнала.
Көлді кеп құшты...
Керіліп құшты,
Ақ төсін төсеп айнаға.
Құлаштап желді,
Аққу құс келді...
Көлеңдеп, жүзіп сыланып.
Көркейтті белді,
Көркейтті көлді,
Ақ күміс суға бұланып.
Аққу құс көркем!
Ақ төсін көрген,
Көлеңде, сәулем, сыңқылда,
Көлдегі, еркем,
Ғашығым, еркем,
Сылаңда, биле, былқылда.
Аққу құс жүзді,
Ақ көбік тізді,
Айнадай тұнық көл суын
Қақ жарып сызды...
Күміс жол сызды —
Сұлуым, сәулем, аққуым!
Аққу құс кербез!
Биіңді көргіз,
Көрсет, сәулем, сәніңді.
Таяншы тез... тез...
Сұлуым кел тез,
Құбылтып салшы әніңді.
Аққу құс сөйлеп,
Сыңқылдап күйлеп,
Сыбырлап сүйіп жалынды.
Айналып билеп...
Ойнады билеп,
Балқытты менің жанымды.
Аққу құс сәндім,
Күйіп мен жандым,
Туғаннан саған ғашықпын.
Көлде мен көрдім,
Соңыңнан ердім,
Көруге тағы асықпын.

1921 жыл, 5-шілде, Көкшетау



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Советстан – отарба

  • 0
  • 0

Поезд іші дауам қайнап құбылмақ,
Әлсіз сорлы сәкі астына тығылмақ.
Біреу жетпек,
Біреу кетпек,

Толық

Домбыра

  • 0
  • 1

Алқа-қотан әлеумет
Отырды кең ордада.
Өткен-кеткен әңгіме
Сөйленіп өтті ортада.

Толық

Жайлауға көшу

  • 0
  • 0

Ел көшкенде кең жайлауға таласып,
Жүк артысар аяқтарын тез басып.
Таң белгісі білінгенде сарғайып,
Ақырындап дүниеге нұр шашып.

Толық