Өлең, жыр, ақындар

Жеткіншегім, тартынба!

  • 05.08.2022
  • 0
  • 0
  • 1679
Жүдеген інім — жеткіншек,
Тән мен жаны шөлдеген.
Қаладағы көп інішек,
Қалың саяқ елдегі!
Надандық меңіреу тұманның,
Ауыры қалды артында.
Ентелей бас ілгері,
Жеткіншегім, тартынба!
Жас пен қанға боялған
Қиырсыз алыс артың бар.
Оны саған баяндар
Шежіре-тарих қартың бар.
Туысқандық, бостандық—
Міне, енді жаңа салтың бар.
Жолың түзу нұсқалды,
Күшті түзу тартыңдар!
Зор майданда бәйге алмақ—
Сендерге тиген сыбаға.
Арттағыны салмақтап,
Оларға беру сын-баға.
Майданы кең белгілі,
Бәйгең — бақыт алдың бар,
Қарақшың алда әйгілі,
Бақытты жеңіп алыңдар!
Бар әлемге бірдей қып,
Бақытты тұрмыс жаратпақ.
Табиғатты пілдей қып,
Білімге жегіп қаратпақ.
Талай зеңгір артында
Асуы қиын тау қалды.
Талай ғасыр алысқан,
Жеңіліп талай жау қалды.
Талай қиын артыңда
Дүлей, меңіреу жол қалды.
Талай, сусыз, қиырсыз,
Тікенді, тасты шөл қалды.
Талай елдің сол жолда
Табанынан қан аққан.
Талай жанның төгілген
Қанды жасы қабақтан.
Алдың енді айқын жол,
Енді берік табаның,
Сұм заман қалды артында,
Бақытты енді заманың.
Аспанға ұшар көк құрыш —
Аэроплан қанатың.
Автомобиль, машина —
Күшті көлік бар атың.
Бұрынғыдай бөгеттер,
Қиын емес жолында.
Аспан да, жер де сенікі,
Бар дүние қолыңда.
Надандық меңіреу тұманның
Аулы қалды артында.
Ентелей бас ілгері,
Жеткіншегім, тартынба!

1923 жыл, тамыз, Орынбор



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Баспахана

  • 0
  • 0

Он жыл болды баспахана
Иесінің қолында.
Содан бері басқа сана
Таратудың жолында.

Толық

Күзетші иттер

  • 0
  • 0

Біздің ауыл жиналды
Қой сойып, ет жеп тоюға.
Жиналған соң кеңесті
Қотанға күзет қоюға.

Толық

Түс

  • 0
  • 0

Түсімде жапан түзде кезіп жүріп,
Қорғансыз бір бақшаға келдім кіріп.
Аяныш түсті ойыма сол арада,
Қуарған ағаштардың түрін көріп.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер