М-ға

Бұл бетте «М-ға» атты Бақберген Рахым жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Мен күрсіндім.
Күрсінді аспан әлем.
Тұрғандай көк булығып жасқа әрең.
Сен кеттің, өзіңе арнап өлең жаздым,
Орныңды толтырайын басқа немен?
⠀
Мен ойладым көзіңді, арайлаған,
Соны ойлап түнерді бар айналам.
Көзіңді еске салып аспан тұрса,
"Ойлама!"  дейсің, қалқам, қалай маған?
⠀
Мен сағындым.
Сағынды Алатауым.
Сезіледі самалмен алақаның.
Ақ бұлтынан тауымның аққала-адам –
Әппақ сенің жүзіңді жаратамын.
⠀
Мен аңсадым сол жанды, маған ғашық,
Таппай қалдым, түнектен әрі адасып.
"Жазбашы!" деп айтсам да, білсең етті,
"Ақыныңның" хәл-жайын хабарласып.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Ұқсас өлеңдер