ТЕК ҚАЗАҚША
Бар шаттыққа мен оңай жетем бүгін,
Тілім аман, дінім бар, мекендімін.
Құт дарыған тілімнің сағат сайын,
Мен тәңірден сұраймын есендігін.
Қазақша сыр таратып көгімде лебі,
Әсемдігі елітті бүгінде мені.
Асау желдің аспанда ойнақтай күліп,
Қазақша боп естілед гуілдегені.
Таңмен бірге құстардың былдырлап әні,
Тек қазақша бұлақтың сылдырлағаны.
Мына менің бір уыс жүрегімде,
Қазақша үнде жапырақ сыбдырлағаны.
Жұпар нұрға балаған сара лебін,
Мен өзіңсіз өгей боп қалар едім.
Мен қазақша іңгәлап көзімді аштым,
Осы тілде ең алғаш «Ана» дедім.
Тілмен келер білемін бақта, мұңда,
Жібегімде- қазақ тіл, мақпалымда.
Мен бақытты сезер ем, тек қазаққа
Ақ келін боп орамал таққанымда.
Тілін білмес тексізде қандай иман?!
Отауымды кеңітіп балдай ұйыған,
Мендік биік сол болмақ, қазақша кеп:
«Жан жарым!» деп сүйгенде маңдайымнан.
Өмірімді ақылға билетемін,
Ермек еткен ананың түйме, етегін,
Алла қалап балама әлдиімді,
Мен өзімнің тілімде үйретемін.
Баспасыншы өлеңді алып қайғы,
Қызыл тілден өрлі ұрпақ жалықпайды.
Мен серт берем, ұлы елім, басымды иіп,
Мен бар жерде қазақ тіл шарықтайды!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі