АЛАҢ – Ақниет Тағыберген

Бұл бетте «АЛАҢ» атты Ақниет Тағыберген жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жатқанымен бір күнді күн ысырып,
Келер күннің тым сұрлы түрі суық,
Көп армандап жүргенмен алдан бірақ,
Жылтыңдатар жанарын қуыс үміт.

Дегенмеген әрдайым сақтайды Егем,
Бір тыныштық әлемнен таппай келем.
Бүгін жылы болғанмен ауа райы,
Бүрсеңдейді неліктен жаппай денем.

Сүйдік, күйдік, куә жел оған ана,
Бізді күндер ел де көп сол арада.
Мен де, сен де, олар да болашақ та,
Төмпешік боп қалатын мола ғана.

Сел тасиды, көңілден жел еседі,
Бітпейді ғой сонда да ел өсегі.
Біздің бір жөн болар-ау, қандай екен,
Бізден қалған ұрпақтың келешегі?...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері