Қарағай мен Қайың
Қарағай мен Қайың
|
Жапан түз,
Жазыңқы бел,
Жансыз дала.
Жалғыз төбе өркештей тұрған дара,
Таз басында үрпиген қос талшықтай
Бір қарағай, бір қайың тұр шайқала.
Қарағайдың шоқтығы көк тіледі,
Бұлт ұштарын бұтағы түрткіледі,
Бұл даланың иесі жалғыз өзі
Қыр-сырын да бұрыннан көп біледі.
Қанатының астына баурағандай,
Құз басынан көз шалған құс қырандай,
Ақ қайыңға ықтасын күн мен желден
Етегімен жайқалған жасырғандай.
Қасқайып тұр, жазы да қысы жасыл,
Маңайына көлеңке, сая шашып,
Тамырымен өрілген тас қопара,
Жер жындарын табанға алған басып.
||
Нәзік қайың,
Ақ көйлек,
Құйма шашы.
Қарағайдың төсіне иген басын,
Бір бақытты өмірді кешкендей тұр,
Жалғыз өзі даланың көркін ашып.
Жел ме, қар ма, үскірік, жалынды күн?
Мейлі төксін тоқтамай нөсер жауын,
Жапырақтан айрылып күзді күні,
Көктем келе оралар жүзі жарқын.
Себебі бар қасында қарағайы
Өмір нәрін бөліскен жанға ұдайы.
Жайма-шуақ әр күннен ләззат алып
Ертеңіне ойланбай, білмей уайым.
|||
Қайысқан тін,
Қураған тал,
Тоз қарағаш
Етегінде төбенің тұр жалаңаш,
Ала-ғұла әр жерде жапырақтар
Қаңбақ, қоқыс, ескі ұя бойда аралас.
Сықырлайды желменен қабырғасы,
Жар ұшында кім оны жарылқасын?
Су татырмай тастаққа жаратқан соң
Жұлым-жырық шұлғып тұр сорлы басын.
Қызғанышпен күн өлткен қысы-жазы,
Кімге айтарын таба алмай өкпе назын,
Шарасыздан жалтақтап қабақ асты
Көктен жауын сұрады шөлі басып.
|V
Жазғы күн,
Самал тербеп,
Шөп ұштарын,
Сайратып ең өнерлі түз құстарын,
Оятады қос талдың төбедегі
Бір-біріне ынтызар пәк құштарын.
Бұталардың арасын ашып-жауып,
Қарағай тұр қызықтап, ойын тауып,
Қытықтайды күн нұры сәулелері
Ақ қайынның көзінің жауын алып.
Күлді екеуі, күңкілдеп тербетіле,
Жаңғақ түсті домалап жер бетіне,
Түқ-түқ етіп тастардан ытқып төмен
Қарағаштың таңқ етті төбесіне.
V
Кәрі кемпір,
Қарағаш жалт бұрылды.
Шатынаған көздері көкке ұрынды,
Жалын атып өң қашып алаланып,
Өз өзімен күбірлеп тарс жұлынды.
Долданды да тырысты сүйектері,
Жай таба алмай күлкіден биіктегі,
-Кім осылай дәл мені жақсы көріп,
Жанын салып, күн тұтып, сүйіп еді?
-Жоқ! Төбеме сауысқан, қонақтайды,
Қарға, құзғын, басымда тұрақтайды.
Доңыз келер жылда бір қасынуға,
Онсыз өлі тамырды шыдатпайды.
Деп,
Жалбарынды, шамдана, шамырқана.
Қарғанды да сіледі лағнет сала.
Бір мезетте, жым болды, түз тым-тырыс,
Құлақ асқан болғандай иен дала.
Vl
Сескендірді,
Сездірді,
Тұнып дала.
Жан-жануар, жәндіктер іздеп пана,
Ін тін тінтіп барлығы кете барды,
Сұр қоян да жоғалды ізін сала.
Шалғайлардан дұшпандай шаң келеді,
Келген сайын қарағашқа жан кіреді,
Буалдырып, бұрқырап, борандатып
Буылтық бұлт бұлыңғыр бүрмеленді.
Қара түнек тас борап, айналаны
Тентек дауыл әкелер қаймананы?
Кәзір ғана көбелек ойнақшыған
Астан-кестен ойран сап бай даланы.
Жарқ етті! Қою қара бұлт орайы,
Атты жерге арқырап найзағайын,
Жермен-жексен жаудырып мұз бұршағын,
Сар даланы татқызып бір сазайын.
Ысқырып жел жұлқылап ақ қайыңды,
Нәзік жұқа бұтағын қаққа айырды,
Тамыр асты қара жер суға жібіп,
Шөп топырақ аралас тас шайылды.
Қалқалаған қайыңды дәу қарағай,
Мына күнді құдірет тұр санамай,
Алып күшке сенгендей қиналмастан
Бейне тауды қопарар нар толағай.
VlI
Дүр еткізіп, жер беті дірілдеді,
Жаңғырықтан айнала гүрілдеді,
Айбалтадай аспаннан сытыр етіп,
Найзағай қарағайды қақ бөледі.
Ортке оранды тау басы түтек алып,
Ақ-қайынның етегін жалын шалып,
Тимесін деп кесірім, қарады да,
Діңгегімен төменге кетті ауып.
Қарқ-қарқ күліп қарағаш алжығаннан
Байқамады мысқылдап миығынан,
Домалаған қарағай жардан құлап
Бірге кетті тепкенде иығынан.
VlII
Жел кетіп,
Жазық жапан тынышталды,
Төбеде тұр сұлбасы жалғыз талдың.
Мөлт-мөлт еткен маржан жас шыбығымен,
Иіліп кеп сазданған жерге тамды.
Осы кезден жаз бітіп күзі келді,
Қыс жалғады күндерді мұз денелі,
Көктем келіп қонса да тал басына
Ақ қайыңнан көңіл күй білінбеді.
Қар еріді, қарағай түбі ашылып,
Ақ қайың тұр иіліп көз жасырып,
Жыбырлаған әлдене жасыл түсті
Тамырынан қылтиды сыртқа шығып.
Жаңа өскін беріпті, сол қарағай,
Бойшаң болып келеді күн санамай,
Ақ қайың да жүзіне жан кіргендей
Көзін алмай шыбықтан тұр анадай.
———
Ақпенен қара аралас
Жүреді бірге қатарлас
Кінәлі емес найзағай
Кінәлі емес қарағаш
Алма кезек бұл өмір
Бір күн тоқсың бір күн аш
Күйдірсе де қу тағдыр
Күйінгенің жарамас.
Ержан Қабышұлы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі