Жамбыл ескерткішіне – Жарылқасын Аманұлы

Бұл бетте «Жамбыл ескерткішіне» атты Жарылқасын Аманұлы жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

Сан рет келіп тәубе еттім, ескерткішіңнің басына,
Маңдайды сүйеп сиындым, тұғырдың суық тасына.
Тасып та келген шығармын, тасыма дерсің, тасыма,
Жасып та келген шығармын, жасыма дерсің, жасыма.
Көмілердей кезім бар, көзімнің ыстық жасына,
Тасытып келген жырларым ақындар сөзі өлмес деп,
Жасытып келген мұңдарым өлгендер қайта келмес деп.
Алмалы Алатауымды, жаңа ұрпақ, жаңа қауымды,
Әттең-ай, әттең, атам-ай, қайтып кеп енді көрмес деп.
Тәуелсіз еркін еліне жырменен сәлем бермес деп.
Күліп те тұрып жылаған, көзінің жасын бұлаған,
Жаныңның жұмбақ екенін біле де бермес бұл адам.
Жап-жарық алдың болғай деп Алладан тілек тіледім,
Өзің жоқ, сөзің қалыпты белгідей атамұрадан.
Қазынаң ортақ қазаққа, ұлы боп туған – ұлы адам,
Елу жылда ел жаңа, жүзде қазан дегендей,
Ел-жұртың жаңарған, көктемгі жасыл белеңдей.
Көзіңді көрген көнеден атақты жандар аз қалды,
Бұлбұлың еді сайраған, дүлдүлің кетті Кенендей.
Кеудесі қобыз шанағы, сыңсытып қала, даланы,
Нұрғисаң жүр тойында жез қоңыраулы жебендей.
Күмбірлете күй төккен замандасың Динаны,
Өзің қалай сыйласаң, халқың солай сыйлайды.
Күйі қалды артында, үйі қалды артында,
Жақсылардың өлімі-ай, қинады ғой, қинады.
Тәте, тәте, тәтелеп сандуғаштай сайраған,
Күндей болып күлімдеп екі көзі жайнаған.
Еркелеткен елігің ерте кетті Күләш та,
Кімнің гүлі солмаған, кімдерден бақ таймаған.
Бізден жақсы білетін сырың менен мұңыңды,
Жазып алар жабыла нөсерлеткен жырыңды.
Қасым да жоқ өмірде, Ғали да жоқ өмірде,
Әулиедей көреміз Әбділда ақын ұлыңды.
Топырақтарың торқа боп, жандарың жаннат бағында,
Кездестіңдер ме ғазиздар, кездестіңдер ме тағы да?
Аруақтарым айбарлы, желеп те жебеп жүріңдер,
Артында қалған ұрпақпыз, көзіңнің қара-ағы да.
Толғай да толғай өмірді, тоқсан алтыға толғанда,
Мәңгілік кетпес бақ құсы басыңа келіп қонғанда.
Серік боп қызыл жолбарыс, жортқанда жолың болғанда,
Кере қарыс кең маңдай туылған бір ұл сол манда.
Басқарып отыр халқыңды айналаған қара орманға.
Салтанатты түрге енді сайын дала, бар қала,
Тойың, ата, басталды Атырау, Алтай, Арқада.
Алатаудың ұл-қызы абыр-сабыр күн-түні,
Ұмыт болған ұйқысы қанбаса да, қанса да.
Жүз елу жыл болыпты келгеніңе өмірге,
Ғасыр бойы ақын боп ғұмыр кешу жеңіл ме?
Жалпақ әлем жаңғырып жатыр міне, тойында,
Мұндай құрмет көріп пе Шыңғыс, Бати, Темір де?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Жамбыл ескерткішіне өлеңінің авторы кім?

Жарылқасын Аманұлы — осы өлеңнің авторы.

Жамбыл ескерткішіне өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Жамбыл ескерткішіне өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Жарылқасын Аманұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Жамбыл ескерткішіне өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері