Ахмет жолы – Асылан Тілеген

Бұл бетте «Ахмет жолы» атты Асылан Тілеген жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

Сапаралды

Араласаң аз-ақ күн,
Көз жеткізбес заңғарлар.
Даласында қазақтың,
Иір-қиыр жолдар бар.

Тау тұлғаң бар не түрлі,
Жарасады мақтансаң.
«Абай жолы» секілді,
Ұлы жолдар көп қанша!

Боран,
Аптап,
Аңызақ,
Қарт төбе мен бала қыр –
Ахаң жүрген жол ұзақ,
Ахаң жүрген жол ауыр.

Зерең болғын сөз аңсар,
Бағыт анау таңдарға –
Мықтап қара, назар сал,
Ахаң жүрген жолдарға.

* * *
Алғашқы іздер

Күллі Торғай атырап –
Алаштың бір тамыры.
Ахаң туған топырақ –
Сарытүбек ауылы.

Қолдап оның кесімін,
Басатұғын алға аттап –
Байтұрсынның есімін,
Жүретін жұрт ардақтап.
«Қор қылман, – деп, –
басымды».
Оязды ұрды бір өзі.

Сол күн Сібір асырды,
Оның қайтпас мінезі.
Қалды аңырап қанша жан,
«Ұлтшыл» деген атты алды.
Он үшінде ол содан,
Тірі жетім боп қалды.

Заман өзге, заң басқа,
Ұқты Ахмет дерегін –
«Қараңғы» боп қалмасқа,
Білім алу керегін,

* * *
Ілім жолы

Әкені ұзақ күтулі,
Тәртіпті боп көп-көрім.
Үздік оқып, бітірді,
Орынбордың мектебін.
Заман қилы құбылды,
Болу үшін биігірек –
Қызыққан бар ілімді,
Санасына құйды кеп.

Оқу оқып күнбе-күн,
Жазып жүрген жыр шағы.
Ұстаздық қып, білгенін,
Балаларға жұмсады.

* * *
Ағарту жолы

Бастады Ахаң ұлы істі,
Түссе де азап торына.
Жанын сала кірісті,
Елді ағартау жолына.

Ахаң ісі болмаса,
Болмас еді алып күш.
«Қырық мысал»,
Ол – «Маса»,
Ол – «Әдебиеттанытқыш».

Қолға намыс-шам алды,
Ұғып жолдың тұйығын.
Ол атасы саналды,
Қазақ әліпбиінің.

Белін буып, нық тұрды,
Ұлт үшін деп таласты.
Қаламымен ұқтырды,
Азаттығын Алаштың.
Ел жетсе деп жақсы атқа,
Өтеу үшін қажетін.
Елдің көзін ашпаққа,
Ашты «Қазақ» газетін.

Қақпан құрып өкімет,
Ағартудың жолына.
Соған мүлде бекімек,
Кісен салды қолына.

* * *
Тар жол, тайғақ кешу

Қазақ анау қаңтарған,
Шырқай алмай өз әнін.
Ахаң ба еді тартар жан,
Абақтының азабын?!

Зұлымдықта жоқ сана.
Ахаңның көп арманы –
Азапталып жатса да,
Жазуынан танбады.

Азғындықтың жолы кең,
Бәрі өшуге айналды.
Әкесінің жолымен,
Өзі бір күн айдалды.

Бар үміті тоналды,
Сенімі өшіп ақырғы.
Қазақ үшін қамалды,
...Алаш үшін атылды.

* * *
Даңғыл

Ұлы дала, тау, тасы,
Сүйіндірер ғажапсың!
Ахаңдардың арқасы,
Егеменсің, азатсың!

Жол болса да басқа игі,
Көп қинайды сірі жер.
Түзу жолға бастайды,
Ахаң салған ұлы жол.

Ұлт ұстазы жол ашты,
Сол ізбен жүр, таңғалдыр!
Адастырмас алашты,
Ахаң салған жол даңғыл!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Ахмет жолы өлеңінің авторы кім?

Асылан Тілеген — осы өлеңнің авторы.

Ахмет жолы өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Ахмет жолы өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Асылан Тілеген өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Ахмет жолы өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері