Ж...ға
Өмір – көпір, от үстінде салынған,
Діңгектері зәндем отқа малынған.
Қорқу білме, аяқтарың таймасын,
Ойнап қана өт, шарпу көрме жалыннан!
Қоңыз да бар, доңыз да бар түбінде,
Жоққа алданып, жаным, жерге бүгілме.
Болсын көзің көкте, үмітің алдыңда,
Бақытты бол, қасірет білме, күлімде.
Төменде ылғи түтін, сасық тұман бар,
Улы жылан, қорсылдаған қабан бар.
Талай жылан арбар, қабан қорқытар,
Қорықпа, арбалма, біріне де болма жар.
Өмір – зәндем, қара бұлтты қара түн,
Естімессің қара өмірде жылы үн.
Ұзын жолда арып, жасың төккенде,
Жұбататын жақын жолдас, жарың кім?
Жақын емес ата-ана, туғандар!
Көз жасыңда олардың не ісі бар?
Соқыр олар, жанған жаның көре алмас,
Жыла мейлің, жан-күй отта, шегіп зар.
Жақын жан сол – жақын болсын жаныңда,
Табынсын ол Тәңірі көріп арыңа.
Ұзын жолда осындай жан ұшыратсаң,
Қарашығым, тезірек ал жаныңа.
Өмір – өзен, сылқ-сылқ күлер, сылдырар,
Қайда ағады, оның жөнін кім сұрар?
Аққан сумен біз де ағармыз, кетерміз,
Ағынға ермей, жағасында кім тұрар?
Өтер жылдар – қайғырармыз, күлерміз,
Өтер жылдар – сарғаярмыз, кеберміз.
Өтер жылдар – қартаярмыз, өлерміз,
Бірте-бірте құрып, шамдай сөнерміз.
Өтер жылдар – ұлғаярсың, өсерсің,
Өмір – көпір, қалайда оны кешерсің.
Өтер жылдар – ақын ағаң жоқ болар,
Рухым риза, мені есіңе түсірсең.
«Аз өмірінде көп уланған, көп сүйген,
Көп алданған, көп жылаған, көп күйген
Ақын ағам болып еді,– дегейсің,–
Жүрегіне өмір оғы көп тиген!»
Иіс шашып, жайнап тұрар түрлі гүл,
Гүл тербетіп кешкі жылы жібек жел.
Күнәсі көп жаны үшін ағаңның
Сол уақытта, қарашығым, дұға қыл!
Әлі жассың, қайғы көрме, бара бер,
Сұм өмірдің күлін көрме, гүлін көр.
Тілегімді келтірем деп орнына,
Қарашығым, қане, маған қолың бер!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі