Үшінші суайт

Бұл бетте «Үшінші суайт» атты Көмек Ыбрайұлы жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

Шоқпар қып құс жілігін,
Шыққам жаудан шеткері.
Аяқтағы шұлығым
Тулап, жығып кеткені.

Төрімде, өз үйімде,
Қол созып, аз айналып.
Бір досыма «тиын»,- деп,
Бере қойдым айды алып.

Ойлап-ойлап тұрдым да,
Тез жүгіріп, Сабылып,
Шыңды жастық қылдым да,
Ұйықтадым бұлт жамылып.

Қысты күні тоңып мен,
Көлеңкемді жамылдым.
Түн ішінде көлікпен
Инемді іздеп сабылдым.

Көмекке алып балықты,
Ауаны мен бүктедім.
Мәңгі есімде қалыпты
Судан шапан тіккенім.

Бас білгіздім қоңызға,
Жәндік болды ол саналы.
Ысқыш қылып қобызға
Пайдаландым араны.

Домаланған күнге еріп,
Аялдамай ініне.
Тұра қалды піл келіп,
Саңырауқұлақ түбіне.

Жұртқа аян ерлігім,
Бос мақтанмен ісінбен.
Күн сәулесін мен бүгін,
Идім қара күшіммен.

Кәрі, мылқау әншіге
«Сый» деп сәуле ұсындым.
Найзағайды қамшымен
Ұрып жерге түсірдім.

Насекомды зиянды
Көзбен атып түсірдім.
Шіп-шикі көк қиярды
Қайнаттым да, пісірдім.

Әтеш таңнан шақырды,
Бүкіл аңдар тойлады.
Чимпанзенің шәкірті –
Піл турникте ойнады.

Бір алманы бөлгенде
Шықты ішінен төрт інген.
Үркер-ау деп мен демде
Баса қойдым бөркіммен.

Баспалдақпен шығып ап,
Ине ұшында көп тұрдым.
Жоғарғы вольт сымына
Кірді жайып, кептірдім.

Кеше қою тұманнан
Ін қазды бір тышқаным.
Су ағызып краннан
Көп-көп балық ұстадым.

Шаңнан тоқып тұс кілем,
Екі ғасыр қуандым.
Шөлдеп қалған құсты мен
Күн нұрымен суардым.

Тыңайтқыш қып септім де,
Күннің қою түтінін.
Үйге әкеліп ектім мен
Найзағайдың тұқымын.

Мұрындығы жылысып,
Бозінгеннің көктегі.
Жерге бойлап бір ұшы
Вулкан атып кеткені.

Төндіретін шын қауіп,
Мекендеп ап бөркімді.
Кобраны шырмауық
Орап, қысып өлтірді.

Есек мініп, қиналып,
Бұлт шетіне бардым мен.
Жау көмген мың минаны
Тіске салып, жардым мен.

Шығып алып аспанға,
Қобызда ойнап жатырмын.
Тиек қылдым сасқанда
Ерін мінгі атымның.

Жалғап едім үш қанат,
Қуып жетті ұшағым.
Қырықаяқты ұстап ап,
Рельспен тұсадым.

Атамның нән бізімен
Түлкіге қар күреттім.
Ұстараның жүзіне
Бір отар қой түнеттім.

Қайсар ұлан атанып,
Қиындықтан қашпадым.
Көлеңкемді апарып,
Күн бетіне тастадым.

Күшті дауыл өтінде,
Қойға сынап илеттім.
Бір тамшы су бетінде
Кемелерді билеттім.

Белін жазып шамасы
Кемпірқосақ шалқайды.
Тасбақаның баласы
Көріп мұны, қартайды.

Тіміскілеп сең үстін,
Жіпке тізіп мың қазды.
Бір саршұнақ теңіздің
Тереңінен ін қазды.

Түйдім-дағы келіге
Сабын қылдым тиынды.
Көл бетінде, желіге
Көгендедім құйынды.

Қиығыма көзімнің,
Басымды мен жасырдым.
Қолтығымды өзімнің
Шынтағыммен қасындым.

Жан қалтама жасырдым
Атомның бір бөлшегін.
Өткен екі – үш ғасырды
Қарысыммен өлшедім.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Үшінші суайт өлеңінің авторы кім?

Көмек Ыбрайұлы — осы өлеңнің авторы.

Үшінші суайт өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Үшінші суайт өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Көмек Ыбрайұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Үшінші суайт өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері